Қаланың ортасындағы ауыл

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Назарбаев зияткерлік мектебінің жанындағы үлкен стадион әдемі ауылға айналды. Әсем киіз үйлер алыстан көз тартады. Қазақтың ұлттық ән-жырларынан шашу шашылып, қыз-келіншектер киіз басып, кілем тоқыса, ер-азаматтар құмай тазысы мен бүркіттерін сынға салып, маңайға тал екті. Мерекеге жиналғандардың кез келгені қолөнері бұйымдарымен әсем безендірілген киіз үйлерге кіріп, қонақ болды.
– Біз киіз үйлердің безендірілуі мен олардың қонақжайлылықтарына мән бердік. Әр шаңырақтың аты берілген есіммен сабақтастығын, тарихи тұлға туралы мәліметтердің растығын, осы шаңырақта жүргізілген шеберлік сыныптарын ескердік. Осындай қатал сыннан өткен «Әнет Баба» басқаларынан сүзбе жасау мен ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген жастықшаларды тігіп үйретуімен ерекшеленді. Дәл осы үйде әжелердің ансамблі ұлттық әндерді орындады. Ал «Көкжал Барақ»шаңырағында қамшы өруді үйретті. Ал «Мұхтар Әуезов» шаңырағында ши тоқу өнерінен мастер-класс өткізді, – деді қазылар алқасының мүшесі, мектеп директорының сыртқы байланыстар бойынша орынбасары Анар Ахметова.
Көп ұзамай ауылдың ортасы шығармашылық алаңына айналды. «Қазақ әндері» жобасының аясында «Шаңырақтар аламаны»фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль елімізді мекендеген ұлт пен ұлыстардың мәдениетін паш еткен би-сазды композициямен ашылды.
Жарыстардың қорытындысы бойынша «Әнет Баба» шаңырағы Гран-при сыйлығы – 50 мың теңгені иеленді.
I орынды «Көкжал Барақ», II – «Әлихан Бөкейханов» IIІ орынды «Шәкәрім Құдайбердіұлы», IV орынды «Оралхан Бөкей» шаңырақтары еншіледі.
Айна Ескенқызы