АЛАҢДА АБАЙ ҒАНА ТҰРУ КЕРЕК
Серік ҚҰСАНБАЕВ
Облыс орталығынан 130 шақырым жерде орналасқан Риддер қаласы Ресей шекарасынан таяқ тастам жерде ғана тұр. 55 мыңға жуық тұрғыны бар кеншілер шаһарындағы қазақ халқының саны бар болғаны 7-8 мыңның о жақ, бұ жағында. Бұл – салыстырмалы түрде алсақ та, пайызға шақсақ та өте аз.
Аз болғанда да, көшеге шықсаң, өзге ұлт өкілдері шоғырының әлдеқайда басым екендігі көрер көзге анық байқалып тұрады. Сол аздың қарасын көбейтіп отырғандардың басым көпшілігі – алғаш тәуелсіздік алған жылдарда жұмыссыз қалып, «екі қолға бір күрек табылып қалар» деген ниетпен нәпақа іздеп барып қалған Күршім, Катонқарағай қатарлы қазақы өңірлердің тумалары.
Базарда қол жинап жүр Назар батыр
«Е, көп болып, орыс жеп қояды ғой деп пе ең?» дейтіндер де табылар. Әрине, жей қоймас. Десек тағы, атам қазақ «көп қорқытады, терең батырады» дегенді сөздің ұйқасы үшін айта салмаған болар. Олай дейтін себебіміз, сол жердегі қазақ азаматтарының айтуынша, әлдебір көше атауын өзгертуге немесе қазақтан шыққан қандай да бір танымал тұлғаға ескерткіш орнату деген секілді ұлттық мәселе көтеріле қалған тұстарда не нәрсені болмасын, «общественное мнение» деп дауысқа сала салса жетіп жатқан көрінеді. Риддердегі әдебиет пен мәдениетті айтпағанда, бір ғана тіл мәселесінің мұңы мен зары, салт-дәстүрлерімізге деген көңіл салқындығы, көше атауларының сірескен мұздай боп осы күнге дейін жібімей тұруы… айта берсек, әңгіме де, мәселе де шаш етектен.
Бір қуанарлығы, үлес салмағымыз аз екен деп салын суға кетірмей, қажет жерлерде айтарын айтып, жазарын жазып жүрген азаматтар мен азаматшалар да бар екен. Таяуда ғана Риддерге барған сапарымызда ұлтым дегенде жүрегін жұлып беруге дайын, намысы жай отындай жарқылдаған Назар Асаинов деген атпал азаматпен танысып, сол жердегі қазақ ұлтының мүддесі үшін шыр-пыр боп жүргеніне риза боп қайттық.
– Менің бұл қалаға келгеніме 22 жыл болыпты. Ол кезде қала Лениногорск деп аталатын. Өзім – Катонқарағай ауданы, Берел ауылының тумасымын, – дейді көкірегі қарс айырыла сөйлеген ұлтжанды азамат. – Туған халқыңа, оның тарихы мен салтына, ақын-жазушылары мен батырларына деген құрметті ата-анамыздың тәлімінен алдық. Жастайымыздан жақсы мен жаманның, өтірік пен шындықтың, ақиқат пен әділетсіздіктің, қысқасы, ненің не екендігін құлағымызға құйып өсірді. Мұнда келгелі түрлі салада жұмыс істедім. 300 адамның ортасында жалғыз қазақ боп жүрген кездерім де болған.
– Жалғыз қазаққа қысым көрсетті ме?
– Жоқ, қысым көргем жоқ. Мен өзі бүйректен сирақ шығарып, жүрген жерімде осындағы жұртпен ұрсысып жүрген ұрыншақ адам емеспін. Анау айтқандай, ұлтшыл да емеспін. Өз ұлтымның тілін, тарихын, ғұламалары мен даналарын, жер-су атауларын құрметтеуді өзімнің перзенттік парызым деп білемін. Өзге ұлт өкілдерінің де тіліне, тарихына, дәстүріне құрметпен қараймын. Менің бір түсінбейтінім, атауы орысша болғанымен мынау байтақ дала да, сәулетті қала да қазақтың жерінде тұрған жоқ па? Осы даланы анталаған жаудан қорғаймыз деп біздің ата-бабаларымыз күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүріп өткен жоқ па мына жалғаннан? Яғни, күллі қазақ даласының жалғыз ғана қожайыны бар, ол – қазақ халқы. Бұған ешкімнің дауы да, дамайы да болмауы керек. Осыны қазақ жерінде тұрып жатқан кез келген ұлт өкілі мойындап, қазақ халқының өткені мен кеткеніне, тарихына, тіліне, басқа да құндылықтарына құрметпен қараса деймін. Әйтпесе, осында белгілі бір топ бар, үндемесең, ойларына не келсе, соны істегілері келеді.
– Олар кімдер, шенеуніктер ме, белсенділер ме?
– Қалай десем екен. Осында ардагері бар, пенсионері мен ұлтшылдары бар 10-15 адамнан тұратын бір белсенді топ бар. Барлығы да орыс ұлтының өкілдері. Әкімдік қит етсе болды әлгілермен ақылдасып, солардың пікірлерін тыңдап, соларға қол жинатып дегендей, үнемі соларға қолдау білдіріп отырады. Әне-міне протоколдарға қол қоятындар да солар. Олардың осы уақытқа дейінгі бірде-бір ұсыныс, талап-тілектері қазақ халқының мүддесін қорғаған емес. Сол белсенділер таяуда тағы бір ши шығарды.
Асымызды ішкендер аяғымызға түкірмесін
– Ши шығарғаны несі, тілге байланысты ма?
– Қаланың қақ ортасында, мәдениет үйінің алдында ертеректе Лениннің ескерткіші тұрған. Кейіннен заман талабына сай ескерткіш алынып, астындағы постаменті қалған болатын. Енді сол тұғыртасқа Ф.Риддердің ескерткішін қойғалы жатқан көрінеді.
– Оны қайдан естідіңдер, кімдер орнатпақшы екен?
– Масқарасы сол, мұны қалалық әкімдік ешкіммен ақылдаспай, әлгі белсенділердің ақыл-кеңесімен ақшасын төлеп тұрып ескерткішті жасатып қойыпты. Алдымыздағы Республика күні мерекесінде салтанатты түрде ашылуы керек бопты. Оны осындағы «Ridder City» деген әлеуметтік желіден оқып, білдік. Егер ол желіде жарияланбаса, 25-і күні сол ескерткіштің ашылуына куә болады екенбіз.
– Содан не болды, әкімдіктегілер не дейді мұндай астыртын әрекеттеріне?
– Әлгі посты қолдап коментарий жазғандардың санында есеп жоқ. Шыдай алмай, сол жерге мен де пост жазғам. Оның мазмұны: «Ф.Риддер – ешқандай да қаланың негізін қалаушы емес, ол бар болғаны кен орындарын тапқан геолог. Ол кісіге өндіріс орындарының маңынан ескерткіш ашылса, еш қарсылығым жоқ. Ал алаңда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның, адамзаттың ақыны атанған Абай Құнанбайұлының немесе қазақтың соңғы ханы Кенесарының есткерткіші тұруы керек» деп жазған едім, басым бәлеге қалды.
– Неге?
– Құдай сақтасын, ауыздарына ақ ит кіріп, көк ит шықты ғой. Мені ашындырғаны, сол жазғыштардың бірі: «Кенесары, Абай-сабай дегендер кімдер? Біз білмейміз ондай жабайыларды, олардың аттарын ауылдағы қойларың мен ит-мысықтарыңа қойыңдар» деп аруақтарды қорлап, бүкіл қазақ ұлтының намысына тіл тигізді ғой. Мұны қазақ «Асыңды ішіп, аяғыңа түкіру» деп айтады. Тірі жүрсек, ондайға жол бере қоймаспыз…
– Сол коментарийді көшіріп алып, авторын сотқа бермедің бе?
– Қатты ашуланғандікі ме, соны көшіріп алып сақтап қоюды ойламай қалыппын. Мен қала әкіміне, прокуратура мен қалалық полиция бөліміне арыз түсіргесін әлгі посты алып тастапты. Бірақ әдейі істегендері ме, белгісіз, олар да «автордың аты-жөнін көшіріп алуды ұмытып кетіппіз» дейді.
– Сонымен, Риддердің ескерткіші не болды?
– Осыған байланысты мен қала әкімі Д.Горьковойдың атына наразылық әрі талап хатын жолдап, ол хатқа қол қойғызу үшін күні бойы көше араладым.
– Қол қоюшылар болды ма?
– Осы қалада тұрып жатқан жастарға, базарда жүрген қандастарға, басқа да көзі ашық азаматтарға риза болдым. Айналасы алты-жеті сағатта 70-тен астам адам қол қойып берді.
Құқымызды қашанғы қорлатамыз?
– Ол хатта нақты нендей талаптар қойылған?
– Ол хат Риддер қаласының әкімі Д.Горьковойға ғана жазылған жоқ. Біз оның бір данасын облыс әкімі Д.Ахметовке де жөнелтеміз. Онда, бірінші кезекте, Риддер қаласына Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың есімін беру, екінші, орталық алаңға Ф.Риддердің ескерткішін емес, алаш жұртының мақтанышы Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнату, сонымен қатар қаладағы 20 шақты орталық көшеге қазақ ұлтының біртуар перзенттерінің атын беру мәселесі айтылған. Енді осы хаттардың жауабын күтеміз.
– Сонымен, әлгі инстаграмдағы жазғыштарға жергілікті проуратура немесе полиция бір шара қолданды ма?
– Осы мәселемен қала әкімі мен прокурорға бардым. Олардың бар тындырғаны инстаграмдағы жазбаларды алып тастау ғана болды. Мен оларға «Жазбаны алмай тұрып, тұтас бір қазақ халқының намысын қорлаған коментарий авторларына тым болмаса бірауыз ескерту жасап, ондай ұлтараздығын тудыратын жазбалар жазуға болмайтындығын айтпадыңдар ма?» десем, «Ол жағын ойламай қалыппыз», – деп баланың әңгімесін айтады. Осындай қылықтарына күйінбегенде қайтесің?
Қазақ табиғатынан қонақжай, момын, шыдамды халық қой. Бірақ, өкінішке қарай, осыны басқаша түсінетіндер көп біздің қалада. Алайда шыдамның да шегі бар. Біз неге бәріне көніп, төзіп, үндемей отыра беруіміз керек? Бізде де намыс, біздің де құқығымыз бар емес пе. Олар неге қайта-қайта таптала беруі керек? Ал енді осыны құзырлы органдарға айта бастасаң, «Сен ұлтшылсың, халықтың арасына от жағушысың» деп бірден жала жауып, соңыңа ит жүгіртіп, құс сала бастайды.
– Бұл жақта тіл мәселесін қозғамай-ақ, таза жауып қой дейсіз ғой?
– Олай демесек те, тілдің жағдайы мүшкіл деуге болады. Осы Риддердегі көптеген мемлекеттік мекемеде қызметте отырғандардың көпшілігі сол лауазымдарына лайық емес. Олай дейтін себебім, сол жерде отырғандардың не қазағы, не орыс немесе басқа ұлт өкілі бірауыз мемлекеттік тіл білмейді. Бұл сонда қалай болғаны? Тұрып жатқан мемлекетінің тілін білмей-ақ, сол мемлекеттің мемлекеттік қызметін өзге тілде басқара беруге бола ма? Әлгінде айттым ғой, мен ұлтшыл да, от жағушы да емеспін. Маған десе ол қызметті кәріс пе, орыс па, тіпті африкалық атқарса да бәрі-бір. Тек, суын ішіп, нанын жеп отырған мемлекетіңнің тілін меңгерсеңші.
Мен алыстан мысал іздемей-ақ қояйын. Екі жылдан асты, осы Риддердегі тілдерді дамыту бөлімін Наталья Мироненко деген келіншек басқарып отыр. Соның осы уақытқа дейін не бір жиналыста немесе мәдени шараларда бірауыз мемлекеттік тілде сөйлегенін естісем, құлағым керең боп қалсын.
Конституция талабы бойынша «Кез келген президенттікке үміткер адам мемлекеттік тілді еркін меңгеруге міндетті» деп міндеттелген. Сонда, ел Президенті меңгерген тілді қол астындағы Горьковой, Мироненко және басқа адамдардың меңгермей-ақ қоюына бола ма? Түсінсем бұйырмасын?!
Қоштасып тұрған Назар ініміздің Риддердегі қаптаған жатжұрттықтардың арасында жалғызсырап, үні шықпай жүргендігін байқап:
– Қасыңа ұлтжанды азаматтарды топтастырып алмадың ба? – дегем.
– Е, әзірге ондай жігіттер шықпай тұр. Осында жанашыр боп, ақыл-кеңестерін айтып жүрген бір апайым, бір қарындасым ғана бар, – деді сәл кейіңкіреп.
Ақиқаттың жолы қашан да ауыр ғой…
Алла бастаған істеріңе береке берсін!
P.S. Риддер қаласындағы шеткі көшелердің бірі Didar газетінің тұңғыш редакторы Мақсұт Тайшыбаевқа берілген көрінеді. Ол көшенің ұзындығы бар болғаны 200 метр болса, бойында 50-ші жылдары салынған бар болғаны екі ғана барақ үй тұр екен.