Қаламгердің барлық жазбалары жарық көрді

Жазушы, журналист, Ұлы Отан соғысының ардагері, жерлесіміз Мүбәрәк Сыдықовтың былтыр 90 жылдығы тойланған еді. Сол мерейтойға орай қаламгердің жары Баянқызы Ақылима әжеміз бен балалары қаламгердің артында қалған құнды жазбаларын жинап, баспаға ұсынған екен. Жерлес жазушының жемісті еңбектерін арқалаған сол төрт кітап біздің қолымызға да тиіп отыр.
Ең әуелі 1985 жылы өмірден өткен Мүбәрәк Қалиұлының ғұмырнамасына сәл тоқталып өтейік. 1926 жылы Жарма ауданында өмір есігін ашқан болашақ қаламгер аталмыш аудандағы Қапанбұлақ орта мектебін бітірген. 18 жасында от бүркіп, қан құсқан алапат майданға аттанады. Одер өзенінен өту кезіндегі шайқастардың бірінде оңбай жараланған жас жігіт үшінші топтағы мүгедек болып еліне қайтады. Текке қайтпайды, ерен ерлігі мен жастық жігері оған бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен қоса, тағы бірнеше медальді өңіріне қадатады.
Сұрапыл соғыс жас жігіттің тәнін жаралағанымен, өмірге деген құлшынысын мұқалта алмапты. Соғыстан кейін қаруын қаламға ауыстырған жауынгер білім саласы мен ақпарат майданында атой салады. Бастапқыда Жарма өңіріндегі білім ордаларында мұғалім, мектеп директоры сынды қызметтерді атқарған соғыс ардагері бертін келе баспасөз саласына түбегейлі бет бұрады. 1954-1959 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика мамандығын бітірген ол ұзақ жылдар бойы Алматы облыстық радиокомитетінде, «Ауыл шаруашылығы», «Қазақстан әйелдері» журналдарында аға редактор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі сынды қызметтерді атқарған. Көсем сөз бен көркем әдебиетті қатар алып жүрген қаламгердің артында «Ар мен шер» романы, «Көз жасы», «Меруерт» кітаптары, сондай-ақ, көптеген повестері мен әңгімелері, публицистикалық мақалалары мен очерктері қалды.
Тоқсан жылдық торқалы тойдың құрметіне шыққан төрт кітаптың бірінші жинағы «Ар мен шер» деп аталады. Жазушының бұл кітабына «Ар мен шер» романы, «Балдақты адам» повесі, «Тентексары» атты әңгімесі кіргізілген. Әрине, бұл майдангер де барлық партизан-жазушылардай сұрапыл соғыстың әлегінен айналып өтпеген. Жазушы аталмыш романында Ұлы отан соғысы кезінде бас көтерер ер-азаматынан айырылған бір ауылдың тұралаған тіршілігі мен қилы тағдыры туралы шебер әңгімелейді. Ал повесі мен әңгімесінде өмірлік-әлеуметтік мәселелерді, қазіргі ұрпақ психологиясындағы өзгерістерді замандастарының ой-арманымен өзектестіре суреттейді.
«Меруерт» деп аталатын екінші кітапқа қаламгердің әңгімелері, очерктері, мақалалары мен өлеңдері топтастырылған. Көркем тілмен көмкерілген прозалық шығармалары оқырманды өзіне бірден баурайды. Ал замандастары мен өмір өрнектерін жырлаған поэзиялық туындылары ақынның кіршіксіз жан дүниесін жарнамалайды. Айталық, «Ағамыз Абылай Ақтайұлына» деген базыналық жырын:
«Қашанда көңілім дархан, көңілім базар,
Бір адамға көргем жоқ сарқып назар.
Елге ұқсап өкінбеймін өткеніме,
Қазынам бар ішімде қазып алар», – деп түйіндепті. Қарасаң, қарапайым көп өлеңнің бірі ғана. Бірақ зер салған жан бұл жолдардан ақынның өмірлік ұстанымын, кіршіксіз жанын, азаматтық парасатын аңғарады. Арнау жырларын оқып отырсаңыз, қазақтың бай тілі мен тілге жеңіл тосын тіркестер молынан кезігеді. Ол әлдебіреулер секілді аспанмен тілдесіп, жын-шайтанмен достасып әуре болмайды. Қайта қазақы қара өлеңмен, қоңыр үнмен жүрегіңді тербейді. Нағыз ақындық осылай болса керек.
Үшінші кітап «Жол үстінде» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, бұл кітап қаламгердің публицистикалық еңбектеріне арналған. Онда журналистің 50 ге жуық очеркі енгізіліпті. Очерктердің тақырыбы, оқиға ортасы, көтерген мәселелері де әр алуан. Қаламгер өзі қатар жүрген үзеңгілестерінің, ауылдастарының тірлігі, сүйініш-күйініштері арқылы замана бейнесін шеберлікпен бейнелеген. Ауыл шаруашылығы өндірісінің көкейтесті мәселелеріне арналған бұл очерктер жиынтығы оқырманын бейжай қалдырмасы анық.
Жазушы шығармасын түйіндеген төртінші кітап «Көз жасы» деп аталыпты. Бұл жинақтан повест, әңгіме, өлеңдермен қатар, жазушының күнделіктері де орын алыпты. Сондай-ақ, соңғы кітапта Мүбәрәк Сыдықов туралы белгілі тұлғалар мен жақын-жұрағаттардың жазып-сызған естеліктері де кіргізілген.
Қорыта айтқанда, қаламгердің көп жылдар бойы еңбектенген дүниелерінің арасынан іріктеп, сүзгіден өткізген тамаша дүниелер топтастырылған. Соғыстан кейінгі сүреңсіз өмір мен кешегі күнгі қарапайым халықты суреттеген шымыр шығармалардан оқырмандар керегін табары даусыз. Ал кітапқа қызығушылық танытып, Мүбәрәк әлемімен танысқысы келетіндер аталмыш кітаптарды облыстық Пушкин атындағы кітапханадан алуына болады.
Мұратхан Кенжеханұлы