Туризм

АЛАКӨЛГЕ «ТАЛЬГО» ЖҮРЕДІ

Туристерге ыңғайлы болу үшін биыл Алакөлге «Астана-Достық» бағытында қатынайтын «Тальго» пойызы  жүре бастайды, деп хабарлайды «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның баспасөз қызметі.

Ұлттық компанияның мәліметінше, 2023 жылы Алакөл бағытында Шығыс Қазақстан, Абай облыстарынан, Астана мен Алматыдан 11 маршрут бойынша жүру одан әрі жалғасады. Алғаш рет «Астана-Достық» бағытында «Тальго» пойызы жолға шығады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бас директоры Жәнібек Тайжанов мәлім етті.

Былтыр Алакөл жағалауына теміржол көлігімен 243 мың жолаушы қатынаған. Алакөлге еліміздің оңтүстік өңірінен келушілер өте көп болған – 118 мың адам. Солтүстік аймақтан 72 мың жолаушы тасымалданса, Шығыс Қазақстан облысынан 52 мың демалушы жеткізілген. Ұлттық компания 2023 жылы жолаушылар орындарының санын 6 пайызға (276 мың) дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ биыл туроператорлар үшін коммерциялық пойыздарға билеттерді ерте, пойыз жөнелтілгенге дейін 180 тәуліктен бастап броньдау тәртібі енгізілмек.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ әкімдіктер, әуе компаниялары және автотасымалдаушылармен бірге Өскемен, Павлодар, Шымкент, Қызылорда қалаларынан Алакөл бағытында интермодальді тасымалдауды, яғни көліктің екі немесе одан да көп түрімен тасымалдауды қарастырмақ.

Жамал ЕРМЕН

Осы айдарда

Back to top button