Алакөлдің жағасы адам танымастай өзгереді
Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин Өскемендегі облыстық ақпарат орталығында брифинг өткізіп, былтырғы жылды қорытындылап, биыл қолға алынар жұмыстар турасында баяндады.
-2016 жылы 46 миллиард теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді. Бұл – 2015 жылмен салыстырғанда 107 пайызға артық. Былтыр аудандағы 204 мың гектар егістік алқабының 50 мың гектарына дәнді дақыл егіп, әр гектарынан 20 центнерден өнім алдық. Бұл – соңғы 25 жылда болмаған көрсеткіш, – деген аудан әкімі «Алғабас» шаруа қожалығы 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салғанын, қазір мұнда 1460 бас малдың бордақыланып жатқанын жеткізді.
Былтыр Үржар ауданында бюджеттің орындалуы 8 миллиард 80 миллион теңгені құрап, яғни, 100 пайызға орындалып, осыған байланысты облыс әкімі 100 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындапты. Серік Зайнулдин бұл сыйақының 60 миллионына Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған үлкен аллея салынатынын, 20 миллионына Мақаншы ауылына музыкалық субұрқақ орнатылатынын және қалған қаражатқа Үржар ауылындағы балалар саябағының ішіне балалар алаңқайы тұрғызылатынын айтты.
Аудан кәсіпкерлері «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында 133 миллион теңгеге 119 жобаны жүзеге асырыпты. Алматы қаласында тұратын Құсман Шалабаев 45 миллион теңгеге Қабанбай батырдың ескерткішін жасатып, жерлестеріне тарту етсе, Қуат Есімханов деген азамат Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай 18 миллион теңгеге Үржардың ортасына Отыншы Әлжановтың қола мүсінін орнатуға атсалысыпты. Осы орайда Үржар ауылындағы Маяковский көшесіне алаш ардақтысының есімі берілгенін де айта кеткеніміз жөн секілді. Аудан әкімі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы туған жерге жанашыр азаматтардың қатарының артуына сеп болғанын атап, биыл Үржар ауылына кіреберіске «Үржар ханшайымының» биіктігі 8 метрлік ескерткішін қоюды жоспарлап отырғандарын атап көрсетті.
Брифингте қазіргі уақытта Алакөлде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтылды.
-Былтыр күзде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ауданға арнайы келіп, Алакөлге байланысты жиын өткізген болатын. Сол жиында көлге абаттандыру жұмыстарын дұрыс жүргізбейтін, санитарлық талаптарды дұрыс сақтамайтын кәсіпкерлердің демалыс базасын іске қосуға 2017 жылы рұқсат берілмейтінін айтқан-ды. Қазіргі уақытта мұндағы 147 демалыс базасының 43-і туристерді қабылдауға дайын. Қалғандары 1 шілдеге дейін аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Егер осы мерзімге дейін аяқтамайтын болса, олардың демалыс орындары ашылмайтын болады, – деді аудан әкімі.
Алакөлді абаттандыру үшін облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінгені белгілі. Аудан басшысының айтуынша, бұл қаржының 150 миллионына үлкен саябақ салынып жатыр. Құрылысы 20 маусымға дейін аяқталады. Сонымен қатар, Алакөлде заманауи талаптарға сәйкес келетін дүңгіршектер мен үлкен жағажай салынады. Сексен үш бейнекамера орнатылады, төрт полиция, екі медициналық пункт бой көтереді. Отызға жуық полицей тәулік бойы қызмет көрсететін болады. Жеті шақырымнан астам жол асфальтталып, екі шақырымнан астам жаяу жүргіншілер жолы салынады. Тағы бір жағымды жаңалық, Алакөлде автобекет пен автотұрақ іске қосылады. Серік Зайнулдин аудан тұрғындары көлдің жағасына 760 шаршы метр аумаққа өз еріктерімен гүл және ағаш көшеттерін отырғызғанын айтып, мұндағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың 1 шілдеге дейін толық аяқталатынын жеткізді.
-Бірер айдың көлемінде Алакөлдің жағасы адам танымастай өзгереді. Ауданның барлық тұрғындары бұл іске жұмыла атсалысып жатыр. Осы ретте облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ аудан тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз, – дейді аудан әкімі.
А.Әбіл