Экономика

Алакөл жағалауын дамытудың бас жоспары бекітілмек

Алакөл жағалауын дамытудың бас жоспары бекітілмек
Алакөл жағалауында салық төлеуден жалтарған кәсіпкерлердің мәселесі заң жүзінде шешілмек. Апта соңында Үржар ауданына іс-сапармен барған аймақ басшысы Даниал Ахметов демалыс базаларының басшыларына қатаң ескерту жасады.

Кәсіпкерлер салық төлеуден жалтармауы тиіс

Алакөл жағасында облыс әкімінің төрағалығымен алқалы жиын өтті. Онда аудандағы туризм саласын дамытуға қатысты біраз мәселенің басы ашылды. Мәселен, басқосуға қатысушылар қоғамдық тәртіпке көңілдері толмайтындарын жеткізді. Олардың айтуынша, мұның бәрі түптеп келгенде өңірге туристер тартуға кедергі.
Елбасымыздың тапсырмасына орай Алакөлді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта көл аумағын электр желісімен толық қамтамасыз ету мақсатында 2,6 миллард теңге қаражат бөлінеді. Интернет желісі де тартылуда. Енді 3-4 жылдан кейін Алакөлдің аумағы Түркиядағы жағажайлардың бірде-бірінен кем болмайды деп нық сеніммен айта аламын. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, бұл демалыс орнына күні бүгінге дейін 450 мың турист келіп, демалып қайтты. Алдағы уақытта осы көрсеткіш 600-700 мың адамға артады деп күтілуде, – деді Даниал Ахметов.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Бауыржан Қамбаровтың баяндамасына көңілі толмаған облыс басшысы осы сала қызметкерлерінің жұмысын сынға алды.
Сіз салық комитетінің қызметкері ретінде «Алакөл жағалауында қанша жеке кәсіпкер бар? Олардан қанша салық түсуі тиіс?» деген сұрақтарға мүдірмей жауап беруге тиіс болатынсыз. Алайда, сіз бұдан мүлдем бейхабар болып шықтыңыз, – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, Алакөл жағалауында жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген бизнесмендердің дені заңды белден басып жүр. Олай дейтініміз, кәсіпкерлердің көбі кассалық аппаратсыз, лицензиясыз жұмыс істеуде. Даниал Ахметовтің айтуынша, күні бүгінге дейін облыстық бюджетке 36,7 миллион теңге түскен. Алайда бұл қаражат бизнесмендердің тапқан табысынан екі есе көп болуы тиіс болған.
– Егер салық департаментінің мамандары өз істеріне жауапкершілікпен қараса, бұл жағдай басқаша болар еді. Кәсіпкерлер осы мәселеге деген оң көзқарас қалыптастырса деймін. Инфрақұрылымды дамытпай, бизнесті дамыту мүмкін емес. Айта кететін бір жайт, билік өкілдері халыққа берген уәдесінде тұрып, туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Мәселен, бұл аумақтан күніне 60 тоннаға жуық қоқыс шығарылады. Оған мемлекет тарапынан қаражат бөлінген. Алайда, кәсіпкерлер болса, салық төлеуден жалтарып отыр. Осының барлығы жауапкершіліктің төмендігінен орын алуда, – деген Даниал Ахметов кәсіпкерлерді салық төлеуден бас тартпауға шақырды.

Төрт жұлдызды қонақүй салынады
Алакөл жағалауын дамытудың бас жоспары бекітілмек
Жиында демалушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту, қоғамдық орындардағы қызметкерлердің мәдениетін арттыру жөнінде кеңінен талқыланды. Жиын барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев Алакөл жағалауында 100-120 адамға арналған төрт жұлдызды қонақүй салу үшін байқау өтетінін жеткізді.
Байқаудың жеңімпазы «Ақниет» өңірлік бағдарламасының аясында жеңілдетілген пайызбен несие алады. Оған «Даму» қоры да қолдау көрсетеді, – деді Алмасхан Сматлаев.
Әкімдік жер телімін бөлу және қажетті инженерлік инфрақұрылым тарту түрінде мемлекеттік қолдау көрсетеді. үздік жобаны аймақ басшысының жетекшілігімен конкурстық комиссия анықтайды
Алқалы жиын соңында облыс басшысы өңірдегі туризмді дамытуға үлес қосқаны үшін Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдинге алғысын білдірді.
– Жалпы, көл аумағын абаттандыру, туристерге жайлы жағдай туғызу мақсатында облыстық қазынадан соңғы үш жылда 4,8 миллиард теңге қаржы бөлінген еді. Енді тағы да қосымша 400 миллион теңге қаражат қарастырылуда, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Даниал Ахметов Алакөл жағасына жасаған осы іссапары кезінде аталмыш туристік аймақты халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін әлі де кешенді жұмыстардың атқарылатындығын атап өтті. Алдағы уақытта Алакөл жағалауын дамытуға бағытталған бас жоспар бекітілмек. Оның негізінде электр энергиясымен қамту, су тарту және жер мәселелері толықтай шешіледі. Сонымен қатар, Алакөл жағалауын бекіту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, санитарлық талаптар мен өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келмейтін дүңгіршектер сүрілмек.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Алакөл жағалауын аралап, облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы міндетін атқарушы Талғат Нуриевке қоғамдық тәртіпті күшейтуді тапсырды.
Бүгінгі күні демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қайық пен скутерлерге арнайы орындар бекітіліп, сол жерден ғана қызмет көрсетулерін қатаң тапсырамын, – деді Даниал Ахметов.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button