АЛАКӨЛ ӘУЕНДЕРІ
АЛАКӨЛ ӘУЕНДЕРІ
АЛАКӨЛ
Алакөл – тәнге шипа,
жанға дауа,
Жарасып сен жатырсың
паң далама.
Мейірің қанғанынша
сімір кеудем,
Ашқанда сарайыңды
саумал ауа.
Жаз келсе, атыңды елге
жаттатады,
Жағаңа ырғын халық
қаптатады.
Қабанбай жоңғарларды
тоқтатқан жер,
Көрінер бір шетіңнен
Тоқта тауы.
Ебіден ескен кезде
самал төне,
Жырымды төгіп салдым
жан еркеге.
Көліңнің ортасында
кемедей боп,
Қол бұлғап шақырады
Аралтөбе.
Шарқ ұрып айдыныңда
шағалалар,
Өзгеше сыр айтады
саған олар.
Елуде еркін жүздім
толқыныңда,
Қырықта келген едім
қамал алар.
Алакөл, сан өмірді
тербеткенсің,
Сендей көл таба алмаспын
жер-көктен шын.
Айдының бесік болған
адамдарға,
Менің де өлеңімде
өрнектелсін.
Сен менің байлығымсың,
Алакөлім,
Елімде қандай жақсы
бар екенің.
Қазақтың маңдайына
ғана біткен,
Майда жал толқыны бар
дара көлім.
Шабытым саған келсем,
от алады,
Тоқталмай шырқалады
сапар әні.
Күндіз-түн жарқыраған
айдыныңмен,
Көз жұмбай күзетесің
шекараны.
ТОЛҚЫНДАР
Толқындар ерке толқындар,
Алакөл күйін тартыңдар.
Нұрына күннің шомылып,
Айнадай болып жалтылдар.
Толқындар майда толқындар,
Жанарларыңда жарқыл бар.
Ұшып кеп сүйіп сендерді,
Шағалаларың шаңқылдар.
Толқындар ақжал толқындар,
Жағаны шулы алқымдар.
Сендерге шертіп бар сырын,
Қараша қаздар қаңқылдар.
Толқындар нәзік толқындар,
Жағаға келіп ән тыңдар.
Сүйеді ыстық жүрекпен,
Жағалаудағы жал құмдар.
АЛАКӨЛДІҢ АҚША БҰЛТТАРЫ
Алакөлдің ақша бұлттары,
Не деген мамық едіңдер.
Көктегі шуақ күннің,
Нұрына қанып едіңдер…
Көк аспан сұлу боп кетті,
Көкке өрнек салып едіңдер.
Көл суы молайып қалды,
Тамшы боп тамып едіңдер.
Алакөлдің ақша бұлттары,
Не деген ғажайыпсыңдар.
Былтыр көп көрініп едіңдер,
Сендер де азайыпсыңдар.
Ақ қағаз қанаттарыңа,
Ақын боп жазайық сырлар.
Ақ бұлт та аққұба қыз ғой,
Қараудың өзі айып шығар.
Алакөлдің ақша бұлттары,
Махаббат дәптерлеріндей,
Алыстан ұшып бір келген,
Көңілдің кептерлеріндей.
Сезімді оятасыңдар,
Өмірдің өткелдеріндей.
Биіктеп бара жатырсыңдар,
Кешегі көктемдерімдей.
ЖАҒАЖАЙДА
Қарамайды маған ешкім
келіпті деп бір ақын,
Көлге түстім толқындардан
толқын келіп туатын.
Ал жағажай қайнап жатқан
тіршілік.
Өмір – базар,
сатушы мен алушыдан
тұратын.
Біреу сатып Алакөлден
аулап алған балығын,
Алып жатыр айран мен құрт,
бәліш, жеміс халығың.
Баға деген жарықтықты
бара жатыр өсіріп,
Сатушы емес сатушыға
бағынбайтын нарығың.
Біреу сатты бақшасынан
теріп алып бүлдірген,
Біреу сатып шемішкесін,
алушысын күлдірген.
Көл шетінде тегін жатқан
шіркей, маса үймелеп,
Қара балшық, ақ балшық та
сатыларын кім білген.
Біреу сатты пісіріп ап
жүгерінің собығын,
Біреу сатты шайға қосып
мейізі мен өрігін.
Қыздырады біреу сатып
қарбызы мен қауынын,
Онсыз-дағы қызып тұрған
саудаңыздың көрігін.
Бір мезет те тоқтамайды
қайнап жатқан қанбазар,
Барлығына болсын дейсің
көкте тәңірі, Алла жар.
Жағажайда тірлік осы
өмір – сауда өтіп жатыр
жылыстап,
Біреу келіп, біреу қайтып
бара жатқан сол базар.
МЕН БІР СҰЛУ ҚЫЗ КӨРДІМ
Мен бір сұлу қыз көрдім,
Қаз мойын, құлын мүшелі,
Мен көрген бұрымдылардың,
Ғажайып бұрымдысы еді.
Көз алдымда қайта тірілген,
Өнердің туындысы еді.
Аңқамды кептіріп кетті,
Махаббаттың бұрынғы шөлі.
Мен бір аруды көрдім,
Жүректі дір еткізетін.
Жаныңның жасыл бағына,
Қызғалдақ гүл еккізетін.
Тұңғиық жанарларынан,
Нұр құйып, сыр өткізетін.
Сезімнің лаулатып отын,
Көзіңді дүр еткізетін.
Мен бір сұлу қыз көрдім,
Ақ қардай, аққұба арман.
Мойылдай қарашығына,
Айымдай от тұна қалған.
Өткелден өткен кезімде,
Бұрқанып көп бұралаңнан.
Сен қайдан шықтың мөлдірім,
Бұлақтай шапқылап алдан.
Мен бір сұлу қыз көрдім,
Бұлақтың буырқанғанын.
Көл болып күтемін енді,
Бұлттардың жаңбыр төккенін.
Шөл болып күтемін енді,
Гүлдерді сүйіп есетін.
Жел болып күтемін енді,
Басылмас сол бір сезімді,
Сел болып күтемін енді.
Сағындым мың дауасын самал желдің
Кеш батты, күн сәулесі
көлбей өшіп,
Алакөл саған келдім
желдей есіп.
Барамын есейген соң,
сушыл болып,
Көлді де, теңізді де
көрмей өсіп.
Сағындым мың дауасын
самал желдің,
Алакөл, желдей есіп
саған келдім.
Көк жалқын толқындарың
сүйіп жатқан,
Ортаңнан оқшауланған
Арал көрдім.
Ебіден ескен желің
еміреніп,
Жағаңда мен отырмын
тебіреніп.
Алғанда құшағыңа
Алакөлім,
Беу, шіркін, қандай ғажап
өмір дедік.
***
Басыңды жағалауға
таласа и де,
Толқыны Алакөлдің
алға сүйре.
Балапандарымды алып кеп
орналастым,
Қарлығаш ұя салған
ағаш үйге.
Беу менің жанға дауа,
Алакөлім,
Ұсынып тұр-ау саған
дала төрін.
Кім білер құшағыңа
сүңгіп алып,
Сенде ішкен шайдың
өзі бал екенін.
Айдының – аспандайын
мөлдіреген,
Аралың – жұмбағы көп –
ол бір өлең.
Шақырып менің асқақ
қиялымды,
Алыстан жалғыз желкен
желбіреген.
Үп еткен самал ессе
үлбіреген,
Үркектеу қайық қалқыр –
бұл бір өлең.
Кеш бата қызыл-жасыл
боянады,
Жағаңа жайғасқандай
мың бір әлем.
Барасың жылдан-жылға
абаттанып,
Көңілім тыншыр сенде
тағат тауып.
Адам боп келіп, Құсқа
айналғандай,
Қайтамын Алакөлден
қанаттанып.
Бауыржан Жақып,
мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының,
Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты