Мәдениет

Алакөл алаулары

Алакөл алаулары
Шипалы Алакөлдің жағасында «Алакөл алаулары» атты фестиваль болып өтті.
Бұл ауқымды іс-шара қызықтылығымен, тартылымдылығымен жиналғандардың ерекше есінде қалды. Жағалауда орын тепкен Арбат алаңқайына адамдар көп жиналды.
Облыстық туризм және сыртқы байланыс басқармасының ұйтқы болуымен өткен бұл фестиваль барлық қатысушылардың көңілінен шықты. Әуелі аудандық жастар орталығының араласуымен «Көңілді тапқырлар» қойылым ұйымдастырды. Түрлі өзекті тақырыпты тілге тиек еткен бұл көңілді ойын шымыр да мағыналы әзілдерімен тыңдармандарды күлкіге бөледі.
Сонымен қатар, жағажайда орналасқан демалыс үйлерінің арасында ем қабылдаушылар мен демалушыларға қаншалықты жағдай жасалғандығы және қызмет көрсетілімі бойынша комиссия жұмыс істеді. Осы демалыс үйлерінің арасынан «Арасан-Алакөл», «Інжу», сондай-ақ «Парус» демалыс үйлері жоғары баға алды. Жұрт мекенжайлардың иелері Дулат Асылбеков пен Рамазан Мұратқа риза екендігін білдірді. Осы орайда тағы бір айтарымыз, жағалаудағы мейрамханалардың ас әзірлеу шеберлігі мен тағамының дәмділігі және қызмет сапасына байланысты болған сараптамада Р.Смағұлованың «Жағажай», Жанар Қасымованың «Айзада», сондай-ақ Рамазан Мұраттың «Парус» мейрамханалары үздіктер қатарынан көрінді.
Фестивальдың екінші күні Семей қаласынан келген өнер майталмандары осынау ауқымды іс-шараға қатысушылардың алдында концерт қойды. Сол күні түнде отшашу болып, көлдегі демалушылар қызыға тамашалады. Шараның соңына қарай көпшілік жастарға арналған дискотека ұйымдастырылды. Фестивальға облыстық туризм және сыртқы байланыс басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин қатысты.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button