Мәдениет

«Алакөл алаулары» жағалауды думанға бөледі

«Алакөл алаулары» жағалауды думанға бөледі


Жуықта шипалы Алакөлдің жағасында «Алакөл алаулары» фестивалі болып өтті. Ауқымды іс-шара өзінің қызықтылығымен, аса тартымдылығымен көрермендер есінде ерекше сақталғаны анық. Фестивальді көруге жағалаудағы Арбат алаңқайына адамдар көп жиналды.

Туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен фестиваль барлық қатысушылардың шынайы көңілінен шығып, риза етті.

Әуелі Есен Елеукен бастаған республикалық «Көңілді тапқырлар клубы» одағының қойылымы ұйымдастырылды. Түрлі өзекті тақырыпты тілге тиек еткен әсерлі ойын өзінің мәнді әзілдерімен қалың көпшілікті күлкіге қарық қылды. Облыс пен еліміздің түпкір-түпкірінен келген думанды топтар ішінен бірінші орынды Нұр-Сұлтан қаласының командасы жеңіп алса, екінші орынды өскемендіктер иеленді. Үшінші орынға Семей командасы шықты. Сондай-ақ басқа өңір командалары да жылы лебіз бен марапаттан құр қалмады. Осынау әзіл-қалжыңы мол «жайдарманшы» жастардың жетекшісі Есен Елеукенге Үржар ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған төсбелгі берілді. Белгіні аудан әкімінің орынбасары Әлия Нұрышева табыстады.

Фестиваль аясында аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен спорттық іс-шаралар өтті. Бөлім жетекшісі Сәрсенхан Қабдолдановтың басшылығымен арқан тарту, қол күресі, гір көтеруден болған қызықты жарыстар демалушыларды тәнті етті.
Өскеменнен келген «Үміт» балалар үйінің өнерпаздары әсем ән мен мың бұралған биге толы концерт қойды.

«Алакөл алаулары» жағалауды думанға бөледі

Сонымен қатар танымал әнші Дастан Оразбеков осынау ауқымды шараның қатысушыларына арнап бірнеше ән шырқады.

Бұл фестивальдің бұрынғылардан бір өзгешелігі Алакөлді сан түрлі қырынан түсірген әуесқой фотографтарға арналған номинация болды. Көптеген фото түсіру шеберлері арасынан Елмұрат Юсуповтың суреттері үздік деп танылып, сый-сыяпатқа ие болды.

Ас мәзірін дәмді етіп дайындаушылар арасынан «Айыс» кафесі ең үздік аталса, сапалы қызмет көрсету бойынша демалыс үйлері арасынан «Эверест» базасы жоғары бағаға ие болды.

«Алакөл алаулары» фестивалінің жағалаудағы демалушылар есінде өзіндік ерекшеліктерімен ұзақ уақыт сақталары күмәнсіз.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button