Мәдениет

«Алакөл алаулары» төрт елдің жастарының басын қосты

«Алакөл алаулары» төрт елдің жастарының басын қосты

«Алтай – біздің ортақ үйіміз» атты бұл шараға Қазақстанмен қатар, Ресей, Моңғолия және Қытай мемлекеттерінің жастары қатысты.

Биыл он екінші рет өтіп отырған шарада облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары С.Жеңісов, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Ж.Қалимолдинаның «Үлкен Алтайдың тарихи атаулары (топонимдері), осы университеттің студенттері Е.Садықова мен Д.Шынтемірованың «Қазақстан Алтайындағы көлдер туралы аңыздар» және «Алакөл көлі және оның туристік хал-ахуалы» атты баяндамалары келген қонақтардың қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан келген Ж.Оралған, Барнаулдың И.Ползунов атындағы университетінің өкілі О.Ковальчук, Үрімшідегі университеттен келген Н.Ибулаинь, осы қаладағы ғылым және техника басқармасының аудармашысы Хау Лей, тағы басқалар ел алдына шығып, Алтайдың күнгейі мен теріскейінде тұрып жатқан халықтың тарихы мен мәдениеті жайында қызғылықты һәм тартымды баяндамалар жасады.

Көпшілікке, әсіресе, Өскемендегі «Экобиоорталықтың» қызметкері Е.Закленчуктің «Үлкен Алтай» ай-мағының жасыл экономикасы» атты баяндамасы ерекше ой салды. Бұл ретте психология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы «Әлеуметтік басқару технологиясы» кафедрасының профессоры Л.Асылбекованың осынау жазғы лагерьде өткізілген ғылыми конференцияның ұтымды ұйымдастырылуына сіңірген еңбегін айрықша атаған жөн.

– Студенттердің «Алтай – біздің ортақ үйіміз» атты халықаралық жазғы демалысын ұйымдастырудағы басты мақсат – студент жастардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыру, жастарды өзара таныстырып, олардың пікір алмасуын, бір-бірінен жақсы нәрселерді үйренуін қамтамасыз ету және облысымыздың көрікті жерлерін көрсетіп, сол арқылы келешекте туризмді дамытуға кең жол ашу, – дейді облыстық жастар орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Арайлым Керімбекқызының сөзін Қазақстан студент жастары одағының жоба жетекшісі Айгүл Смағұлова жалғастырды. Оның сөзінен ұққанымыз, жастардың бұл халықаралық форумына біздің өңірден басқа Астана, Алматы, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік және Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда облыстарының 250-ден астам студент жастары қатысқан екен.

Бір аптаға созылған «Алакөл алауларында» жастардың өзін-өзі бас-қаруына ерекше мән берілді. Олар әр күні қазақтың салт-дәстүрімен танысып, асық ату, ләңгі ойнау, алтыбақан сынды ұлттық ойындарының ойналу тәртібін үйреніп, оның денсаулыққа тигізер пайдасы жайында танып-білді.

Ал көл жағасындағы «Әйгерім» демалыс үйінде фестивальға жиналған жастардың жайлы да жақсы демалуы, уақытымен суға шомылып, дәмді аспен ауқаттануы үшін барлық жағдай қарастырылып, небір кештер ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, облыс әкімінің кубогы үшін өткен «Көңілділер мен тапқырлардың» сайысы тамашасы мол шара болғанын айтпасқа болмайды. Бүгінде «Жайдарман» атты бағдарламамен дүйім жұртқа белгілі болған бұл шараға Алматы, Астана, Қызылорда, Павлодар, Семей және Аягөз қалаларының командалары қатысты. Ең сүйінерлігі, оның қорытындысында бірде-бір команда марапатсыз қалған жоқ.

Шара барысында шетелдік студенттер Қазақстан туралы көптеген мағлұматтар алса, өзге аймақтардан келген жастар біздің облыстың бай мәдениеті мен тарихына үңіліп, келешектеріне қажет боларлық көптеген жайттарға қанықты.

Бейсенғазы Ұлықбек,
Мұратқазы Саябаев
Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button