Ала допты алақанында ойнатқан тарбағатайлықтар
Өскеменде волейболдан ерекше бір жарыс өтті. Ерекшелігі сол, оған қатысқан команданың барлығы бір өңірдің – Тарбағатай ауданының ұжымдары болды. Атап айтсақ, бұл жолғы доп додасында аталмыш ауданның тоғыз ауылынан келген командалар сынға түсті.
Жалпы, қашан да береке-бірлігімен ерекшеленетін Тарбағатай өңірінің волейболшылары жылына кемінде бір рет осындай дүбірлі жарыста бас қосуды әдетке айналдырған екен. Ал бұл жолғы турнирдің өтуіне Жамбыл ауылының атқамінер азаматтары мұрындық болыпты.
Доп додасының басы-қасында жүрген жігіттердің айтуынша, Өскеменнің екі бірдей жерінде өткен жарыстың ойындары тартысқа толы болыпты.
– Бұл жолғы турнирге аудан орталығы Ақжардан бастап, Шолақорда сияқты шағын елді мекендерге дейін қатысты. Жарыс шынымен де, қызықты әрі тартысты өтті. Жалпы, мұндай спорттық іс-шараларды өткізудегі мақсатымыз – жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, ынтымағымызды нығайту және қайтадан құрылып жатқан Тарбағатай ауданының оң имиджін қалыптастыру, – дейді ұйымдастыру комитетінің өкілдері.
Сонымен, көптің көңілінен шыққан осы бір аламанда көш басынан Қабанбай ауылының командасы көрінді. Жарыс ұйымдастырушылары атынан жеңімпаз ұжымға 150 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Бұл жолы екінші орынға табан тіреген Маңырақ ауылының волейболшылары 100 мың теңгеге ие болса, үздік үштікті түйіндеген жетіаралдық команда 50 мың теңгенің сертификатын еншіледі.
– Негізі, Өскеменде тарбағатайлық командалар ғана қатысатын турнирлер жиі өтіп тұрады. Әр ауылдың белсенді азаматтары ұйымдастыру шығындарын өз мойындарына алады. Шынын айтсақ, осыған дейін мұндай жарыстың нешеуі өткенін білмейміз екен. Бір білеріміз, ең жүлделі ұжым болып Маңырақ ауылының құрамасы саналады. Тағы бір айта кетер жайт, биылғы турнир Жамбыл ауылы азаматтарының ұйымдастыруымен өткен алғашқы жарыс болып тұр, – дейді ұйымдастырушылар.