Қоғам

Алғыс айту күні атап өтілді

Өскемендегі Өнер музейінде Алғыс айту күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына орай «Күш бірлікте» атты мерекелік іс-шара өтті.

 Көктемнің алғашқы күні елімізде ресми түрде Алғыс айту күні болып жарияланған. Осыған орай Өскемендегі әр ұлт өкілдері өнер ошағында бас қосып, мерекелік кештің көрігін қыздыра түсті.

– Еліміздің бірлігі мен ертеңі үшін ұлтаралық ынтымақтастықты, берекені қашан да алдыңғы орынға қоямыз. Осы шараларды өткізу арқылы жас буынға елін, жерін сүюді насихаттаймыз. Әрбір қазақ кезінде тағдыр тәлкегімен дарқан даламызға көшіп келген өзге ұлтқа құрметпен қарауы тиіс. Барлығы селбесіп, тату-тәтті өмір сүріп, «Мәңгілік елге» айналуды мұрат қылуы керек, – деді Шығыс Қазақстан Өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева.

Шараға 3477 әскери бөлімінің қызметкерлері мен сарбаздары да қатысты. Сайдың тасындай жігіттер өнерпаздардың тамылжытып ән салған өнеріне тәнті болып, қол соқты.

– Шараның мақсаты – мемлекетіміздің ішкі ынтымағын арттыру. Сонымен қатар жастарды отансүйгіштікке, туған елі алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеу. Барлық ұлттардың бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы еліміздің еркін дамуына өз үлесін қосып келеді. Ұлт бірлігі – мемлекетіміздің басты күші. Сол қасиетімізді жоғалтпауымыз керек, – деді 3477 әскери бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары Руслан Бөлегенов.

Мерекелік шарада әр ұлт өкілдерінің қатысуымен концерттік бағдарламалар өткізілді. Сондай-ақ бағдарлама аясында  Достық   үйінің жанынан құрылған беларусьтік «Гармония» триосымен қызғылықты шығармашылық кездесу өтті. Ансамбль қатысушылары көрермендерге өздерінің шығармашылығымен бөлісіп, беларусь және басқа халықтардың әсем әндерін шырқады.

Кеш соңында барлығы естелік суретке түсіп, риза кейіппен тарқасты.

 Әділ Әуезхан

Осы айдарда

Back to top button