Ақынның еңселі ескерткіші бой көтерді
Бесқарағай ауылының кіреберісіндегі Омбы – Майқапшағай тас жолының бойына белгілі халық ақыны Нұрлыбек Баймұратұлына еңселі ескерткіш орнатылды.
Ақынға арналған монумент Бесқарағай ауданынан шыққан меценаттардың қаржылай көмегінің арқасында орнатылды. Ал биіктігі алты метрлік қола ескерткіштің авторы – есімі елімізге белгілі мүсінші Нұрбол Қалиев.
Бесқарағайдың атын алты алашқа әйгілі еткен белгілі ақын Нұрлыбек Баймұратұлы ұлы Абайдың ізбасары, Мұхтар Әуезовтің замандасы болып келеді. Ол Әуезовпен бірге Семей мен Орынбор қалаларында бірге жұмыс істеп, белгілі жазушының қолдауымен өзінің тұңғыш «Қала сұлуы» поэмасын жазған.
– Нұрлыбек Баймұратов шешендік өнерін Жамбыл Жабаевпен, Кенен Әзірбаевпен және Иса Байзақовпен бірге шыңдаған. Естайдың шәкірті болған. Біз оның ескерткішін күре жолдың бойына орнатқан себебіміз ақынның есімін неғұрлым көп халықтың білгенін қалайтындығымызбен байланысты, – дейді Қарабас ауылының тумасы, меценат Балтабек Наурызбаев.
Жерлестері есімін ұлықтаған ақын 1887 жылы Бесқарағай ауданының Балапан ауылында дүниеге келген. Он жасынан бастап ақындық өнеріне бас ұрған. Жас баланың бойындағы тасыған талантты ең алғашқы болып сол кезде ақын Абайдың тәжірибелі хатшысы болып жұмыс істеген Ахметшәріп байқаған көрінеді. Ахметшәріп оны жанына алып, бір ай бойы өз білгенін балаға үйретеді.
Осылайша, тәжірибелі ұстаздан тәлім алған 15 жасар бозбала өзінің поэзиядағы алғашқы қадамын бастайды. Ақынның жастық шағы кедейшілікте өтті. Өйткені жастайынан әке-шешесінен айырылып, жетімдіктің кермек дәмін татқан еді. Дегенмен тағдырдың тезгісіне тізе бүкпей, қолына домбырасын алып, көпшілікті өнерімен сусындатқан ол елдің сүйіктісіне айнала білді.
Қай ақынның болмасын, өмірінде өзінің өнерін белгілі бір деңгейде көрсететін кездері болары хақ. Нұрлыбек Баймұратұлының осындай кезеңі халық ақыны, әнші әрі композитор Иса Байзақовпен кездескен кезде болды. Олардың айтысы 1922 жылы өтіп, тіпті сол кездегі Семей қаласындағы белгілі «Таң» журналында да жарық көрген еді.
Ақын өнерінің ең танымал кезеңі 1939 жылға дөп келді. Ол кезде қала атынан делегат болып келген Нұрлыбек Баймұратұлы 21-27 маусым күндері Алматы қаласында өткен Қазақстан Жазушылар одағының екінші съезіндегі суырыпсалма құттықтауымен кең жұртшылыққа танылды. Осы шарада Нұрлыбек КСРО Жазушылар одағына қабылданып, «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.
Ақынның жазушы, драматург және ғалым Мұхтар Әуезовпен қоян-қолтық байланыста болғанын ерекше атап өтуге болады.
Нұрлыбек – Мұхтар Әуезов ерекше назар аударған халық ақындарының бірі. Олар бұған дейін 1920 жылы танысқан еді. Әуезов ақынның шығармашылығына әсер етіп, оған поэтикалық әлемде жол сілтеп, айтыстағы сөздерін реттеп, ақынның шығармашылық бағытта қалыптасуына жағдай жасады.
Айтыстан бөлек Нұрлыбек Баймұратұлы өз ізін жазба әдебиетте де қалдыра білді. Бұған дейін атап өткеніміздей, оның ең алғашқы қағазға түсірілген шығармасы «Қалалық сұлу» поэмасы болды.
«Менің поэманы жазуыма және жариялауыма досым Мұхтардың ықпалы күшті болды. Ол еш жалықпастан поэманың әр сөзін тыңдап, тамсанып отыратын», – деп ақын өзінің шығармасы туралы айтқан болатын.
Шынымен де, «Қалалық сұлу» ақынның ең ірі шығармаларының бірі болды.
Сонымен қатар Нұрлыбек Баймұратұлының ақындық және әншілік өнері Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары да ерекше танылды. Жамбыл Жабаевтың ізбасары ретінде ол жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің патриоттық рухын оятатын әндер шырқады.
Нұрлыбек Баймұратұлының соғыс тақырыбындағы шығармашылығы соғыстан кейінгі жылдары да жалғасын тапты. Оның бастапқыда мерзімді баспасөзде, кейін жеке жинақтар ретінде баспадан шыққан «Ер Төлеген», «Қанды жорық» поэмалары сыншылар мойындап, қалың оқырман сүйіп оқитын шығармаларға айналды.
«Ер Төлеген» поэмасы Екінші дүниежүзілік соғыстан сыр шертсе, «Қанды жорық» поэмасы қазақ жеріндегі Азамат соғысының әдебиеттегі көрінісі болды.
«Ер Төлеген» поэмасының негізгі арқауы – қазақтың батыр ұлы, Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың ерлігі, жауынгерлік тұлғасы, патриоттық сезімі, қаһармандық бейнесі. Ал Азамат соғысының оқиғаларын суреттеген «Қанды жорық» атты дастаны 1962 жылы кітап болып шықты.
Өзінің шығармаларымен және талантымен белгілі болған ақын еліміздің Шығысында ғана емес, сонымен қатар ел өңірлері арасында да кеңінен танымал болды. Мұның басты айғағы – оның республикалық деңгейде ұйымдастырылған әдеби жиындарға, айтыстарға және тағы да басқа шараларға қатысуы. Оның ақындық өнерге қосқан баға жетпес үлесінің тағы бір көрінісі Нұрлыбек Баймұратұлының 1949 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ шығармашылығы мен әдебиетінің онкүндіктеріне қатысуы еді.
Өстіп, Нұрлыбек Баймұратұлының шығармашылығы қазақ халқы әдеби мұрасының ажырамас бөлігіне айналды. Оның «Ақбура Боранбай ақынның қартайғанда айтқаны», «Кемпірбай ақыннан Әсеттің көңіл сұрай келгенде айтқаны», «Алаша ханның әңгімесі», «Тәуке батыр», «Қасымбек батыр» сынды шығармаларының қолжазбалары әлі күнге дейін еліміздің Ұлттық ғылым академиясының қолжазбалар қорында сақталған.
2001 жылы белгілі педагог Уәлихан Тұқұсов өзінің «Ұлағат» кітабында ақынның шығармашылығы мен өмірін кеңінен суреттеді. Нұрлыбек Баймұратұлы жайлы бар ақпаратты ол ақынның замандастары мен туған-туыстарынан талшықтап жинады.
Халық арасында танымал болған ақын Нұрлыбек Баймұратұлы 1969 жылы Бесқарағай ауданы Башкөл кеңшарына қарасты Ново-Николаевка ауылында 82 жасында дүние салды. 1992 жылы аталмыш елді мекенде ақынның музейі ашылып, 2017 жылы, яғни ақынның 130 жылдығы қарсаңында зиратына кеуде мүсіні қойылды.
Аяужан Утеулинова