Ақбас сиырдың санын арттырып отыр
Жармалық малшылар қазақтың атақты ақбас сиыр тұқымы және байыс қой тұқымы өз аудандарында пайда болғанын айырықша мақтан тұтады. Қазір ақбас сиыр еліміздің түкпір-түкпірінде өсіріледі, әрине Жарма ауданында да көп. Жармадағы ірі селекционерлер – «Қалбатау» және «Шалабай» асыл тұқымды зауыттары, сондай-ақ ондаған шағын шаруашылық. Солардың ішінде Шар қалалық округіндегі «Дәурен» шаруа қожалығы да бар.
«Дәурен» шаруа қожалығын 2003 жылы бұрынғы «Кезеңсу» кеңшарының жеріндегі Жаңа Атығай учаскесінде кәсіпкер Шыңғыс Әбдірайымов құрған болатын. 2011 жылы Аграрлық кредиттік корпорация бөлген кредит есебінен «Дәурен» шаруа қожалығы ақбас торпақтарының алғашқы жүз басын сатып алды. Осылайша бүгінгі асыл тұқымды шаруашылықтың негізі қаланды. Қожалықтың табысты дамуына Шыңғыстың ұлы Дәуреннен басқа, оған дейін банк құрылымдарында жұмыс істеп, менеджменттің қажетті тәжірибесін жинақтаған үлкен ұлы Нұртуғанның көмекке келуі ықпал етті.
Нұртуған отбасы мүшелерінің алдына өте қатаң шарттар қойды. Яғни, қажетсіз шығындарды азайтып, кредитті шаруаны дамытуға және алынған несиені өтеуге жұмсау керектігін айтты. Несиелік қаражатқа төрт қора қалпына келтірілді, тұрғын үй күрделі жөнделіп, кеңейтілді, оның жартысында шаруашылық жұмыскерлері отбасыларымен бірге тұрады. Жазғы жайылымдарда малшыларға арналған төрт үй салынды, сол жерде малды суаруға арналған артезиан құдықтары қазылды. Тек қыстақтың өзінде осындай сегіз ұңғыма бұрғыланды. Сондықтан қазір малды суатқа айдаудың қажеті жоқ, сорғыны іске қосып, су науасының толып кетпеуін қадағалап тұру жеткілікті. Осы ретте Әбдірайымовтар ұңғымаларды бұрғылау шығындарының 80%-ын өтеген мемлекет көмегін сезінді. 2019 жылы қожалықтың табысты дамуын және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде берілген кредиттің уақтылы өтелуін ескере отырып, Аграрлық кредиттік корпорация бұл шаруашылыққа 38 миллион теңге сомасында тағы бір несие берді, оған 139 асыл тұқымды торпақ сатылып алынды. Сонымен қатар мемлекет сатып алынған әр бас асыл тұқымды мал үшін 150 мың теңгеден субсидия төлеп берді. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу да субсидияланады. Мәселен, «Дәурен» және «Жан» шаруа қожалықтарында (соңғысы ауыл шаруашылығы жерлерін кеңейтуді талап ету мақсатында жақында ашылған) жеті доңғалақты және үш шынжыртабанды трактор, ауыл шаруашылығы машиналары және тіпті қарда жүретін көліктер бар. «Сыбаға» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша тартылған қарыз қаражатының жалпы сомасы бүгінде – 120 миллион теңге.
Шаруашылықтың шабындық учаскелері қыстаудан едәуір қашықтықта орналасқанын және жанармайдың жартысынан көбі шөп шабуға емес, оны тасымалдауға жұмсалатынын ескере отырып, Әбдірайымовтар жыл сайын қыстауға жақын жерлерді жыртып, көпжылдық шөптер егеді. Нәтижесінде табиғи шабындықтардан алынған азыққа қоса қыстауға жақын жерден жүз тоннадан астам құнарлы шөп орылады.
Бүгінде шаруа қожалығы екі жобаны жүзеге асыруда. Біріншісі – «ҚазАгроҚаржы» қаражаты есебінен ақбас сиырдың 100 басына арналған асыл тұқымды репродуктор салу. Бұл жоба осы қаржы ұйымының қарауында. Екінші жоба – жайылымдық жерлерді түбегейлі жақсарту және бұлақтарды тазарту. Оны іске асыру үшін 150 гектар алқап жер жыртылып, эспарцет және житняк сияқты көпжылдық шөптер егілді.
Шаруашылық заманауи технологияларды қолдануға тырысады. Айталық, малшылардың жетіспеушілігі сияқты барлық ауылшаруашылық құрылымдарға тән проблеманы шешу үшін мұнда «электр шопан» жүйесі қолданыла бастады. Яғни, жайылым учаскелерге бөлініп, электр қашамен қоршалады. Бұл бірқатар артықшылық береді. Біріншіден, бір бақташы қажет болған жағдайда малды басқа қоршауға айдап, бірнеше учаскеге қызмет көрсете алады. Екіншіден, мұндай қоршауларда мал басқа табынның немесе көрші қожалықтың жануарларымен араласпайды, бұл жұқпалы аурулардың алдын алуға, асыл тұқымды емес бұқалармен қажетсіз байланыстарды болдырмауға мүмкіндік береді.
Осылайша, Әбдірайымовтар шаруашылығы біртіндеп ірі асыл тұқымды зауыттардың деңгейіне жақындап қалды. Бүгінде мұнда қазақтың ақбас тұқымды бір жарым мың басы, екі жүзге жуық жылқы бар.
Шаруашылықтың даму қарқыны қаржы институттарын да қызықтырады, олар одан әрі несиелендіруге ниетті.
Жақында қожалықта қуанышты оқиға болды, бақташы Тоқтамыс Шошанов (суретте) мал шаруашылығы саласында «Жыл үздігі» атағына ие болды, мерекелік іс-шара барысында аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров оның иығына алғыс лентасын тақты. Биыл Тоқтамыс өзіне бекітілген әр жүз сиырдан 94 бұзау алып, сақтап қалған болатын.
Ержан Кеңесұлы
Жарма ауданы.