Ақ ниет жақсылыққа жол ашады
Мейрамтай ИМАНҒАЛИ
Жасы алтыға аяқ басса да, әлі тіл жоқ. Әйтеуір, не керегін ыммен түсіндірген болады. Ана болғаннан соң, ұлының қалауын тез-ақ түсінеді. Қазір де қолын аузына апарып, тамақ ішкісі келетінін айтып тұр.
Асүйге барып, плитаға қазандағы тамақты жылытып жатып жылағысы келді. Ұлын аяды. Ақыл-есі түп-түзу, айтқан сөзді де жақсы ұғады. Бірақ осы баланың тілі неге шықпай қойды екен? Апармаған жері жоқ. Емшілерге де, дәрігерлерге де апарды. Ешқандай нәтиже жоқ. Кейде осы ұлды ойлап, түнімен дөңбекшіп шығатыны да рас. Қанша дегенмен де ана ғой. Ана жүрегі баласының біреуден кем болғанын еш қаламайды. Елдің баласы секілді сөйлесе, шүлдірлеп не көргенін, не естігенін әңгімелеп айтса дейді. Осы бар ғой баласының тілі шықса, ұлан-асыр той жасар еді.
Баламның тілі тезірек шықса екен деген тілекпен кейде жатарда ертегі де оқып береді. Түсінгенімен, өзіне қайта әңгімелеп айтып беруге әлі тіл жоқ. Неге олай екен? Тамақ ішіп отырған ұлына қарап отырып, Ботакөз әр нәрсені ойлап кетті.
Иә, иә… Осы ұлға аяғы ауыр кезінде күйеуімен екеуінің арасы нашарлап кетті. Үйде күнде ұрыс, күнде жанжал. Аяғың ауыр ғой деп, күйеуі мұны еш аяламады. Оның үстіне жеріктігі тағы бар. Өзі құсып, мазасы қашып жүргенде қызғаншақ күйеуден қашып кеткісі келетін ондай кезде. Ақыры солай істеді… Құрысын, жаныма тыныштық керек деді іштей. Ажырасты. Екеуі екі жаққа кетті.
Бірақ кейін босанғаннан соң сәбиінің жүзіне қарап отырып «бұл бала өскенде әкем қайда» деп сұраса, не айтамын деп ойлайтын еді. Осы сұрақ Ботакөздің үнемі жадында тұратын. Осы сұрақ Ботакөзді үнемі тығырыққа тірейтін. Бала ширап, өсіп келе жатқанда да, «әкесін сұрамаса екен» дейтін ішінен. Әкесін сұраса, не дейді бұл? Осынау сауалға не деп жауап берерін ойлап, іштей әуре-сарсаңға түсетін. Қыз болса, түсінетін бе еді. Бұл ұл ғой. Ұлға әке керек. Әкең өліп қалды дей ме? Тірі адамды қалайша өлді деп айтады? Әйтеуір, ұлым әкесін сұрамаса екен дейтін тілек мұның басына берік орнап алыпты.
Бір сәт өзінен-өзі селт ете түскені. Анасының бірдеңеден шошынғандай селт еткенін стол басында отырған ұлы да сезіп, жалт қараған. Сонда қалай? Мұның тілегін құдайдың қабыл еткені ме? Алтыға аяқ басса да, ұлында әлі тіл жоқ. Неге? Өйткені мұны өзі қалаған екен ғой… Ол әкесін әлі сұраған жоқ… Әкесін сұрайтын әлі тілі де шыққан жоқ…
Неге? Неге мен олай ойладым екен? Әлде жауапкершіліктен қаштым ба? Ботакөз өзіне жәудіреп қарап отырған ұлының осынау халіне өзі кінәлі екенін ұқты. «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме! Ниетің қисық болса, Құдайға өкпелеме» деуші ме еді…». Сол сәт ойын, ниетін, пиғылын дұрыстамай, жағдайдың да түзелмейтіні, ақ ниеттің ғана жақсылыққа жол ашатыны санасына жеткендей болды…