Қоғам

«Ақиық» ақындар орталығы ашылды

«Ақиық» ақындар орталығы ашылды

Өскемендегі Металургтер мәдениет үйінде «Ақиық» ақындар орталығының ашылуына орай қалалық айтыс өтті.
Сахна шымылдығы театрландырылған көрініспен түріліп, қара жорға биі биленді. Жыр мен әнге сусаған қауым аламан айтыс басталмас бұрын халық әндері мен терең ойлы термелерді қосыла айтып, бір серпіліп қалды. Бұл өнер ордасы облыстағы мектептерден, жоғары оқу орындары мен колледждердегі жырға, айтысқа ынтық жастардан құралған. Айтыс қос жас ақынның тұсауын кесіп, бәйгеге қосудан басталды. Оларға бата беріліп, ақ жол тіленді. Айтысқа жазушы Әлібек Қаңтарбаев, ақын Дәмеш Омарова бастаған қазылар алқасы төрелік етті.
Сөз сайысын Тілеужан Әбденов пен Жұлдызай Маратбекова бастады. Айтыс әлеміне жаңа ғана қадам басқан жас таланттар болашағының алда екенін аңғартса, екінші жұп болып шыққан Тасқын Болатұлы мен Әли Солтанбек қайымдасып, Есенбол Нақтыбай мен Гүлнұр Зұлқарсынқызы қыз бен жігіт айтысын ұйымдастырды. Айдын Әбішев пен Құралай Әлкенбаеваның айтысынан жарасымды әзіл мен сыйластықты аңғарсақ, Қуаныш Еркін мен Нұрболат Абзалханов күтпеген жерден бірін-бірінің осал жақтарын айтып, ұстаса отырып біраз жерге жетті. Соңғы жұп болып өнер көрсеткен Нұржанат Сыдықов пен Данияр Әлекеев те өзге жұптардан осал болмады.
Нәтижесінде айтысқа қатысқан 12 ақын Қалиқан Ысқақ, Ақтан Нұрбаев, Әсет Найманбаев, Қалихан Алтынбаев, Серік Ғабдуллин, Тұрғазы Нұқай, Хамит Болшабеков, Ғалым Байбатыров, Төлебай Байжұманов, Сембай Жансақов, Серік Шөкенов, Аян Әзтаев атындағы арнайы жүлделерге ие болды.

Алтынай Асқарқызы

Осы айдарда

Back to top button