Мәдениет

Ақиқат – аттай салатын табалдырық емес

Ақиқат – аттай салатын табалдырық емес


Қазекем алыпқашты сөзге де бай. Сол «байлығының күшімен» барды жоқ етіп, жоқты бар ете береді. Оған осы гәзеттің биылғы маусым айының 18-і күнгі санында жарияланған «Абдолла Әбдірахманов: Суреттегі адамның өңі Мағжанға ұқсады» деген шағын мақаланы оқып, суретке көз салғанда тағыда куә болдым. Әңгіме марқұм ақынымыз Мағжан Жұмабаев хақында екен.

Мағаң жайындағы алыпқашты сөзді тізер болсам, мысалы: Абдолла Әбдірахманов Магадан түрмесінде бірге отырыпты; Бауыржан Момышұлы Красноярск қаласында жүздесіпті; жерлесі Хамза Абдуллин «1956 жылы Новая Земля деген жерде айдауда қайтыс болғанын» біліпті… Бұл сияқты «деректер» аз емес. Солардан алдымен Бауыржан Момышұлының «кездескеніне» тоқталсам, мен Баукеңмен үш мәрте әңгімелескенімде – сонау аштық, «халық жауы» науқаны, соңғы соғыс, бүгінгі тірлігіміз туралы пікірлерін барлағанымда, көп жәйтті дағдысынша қадап-қадап айтты. «Қазақ тілінің ертеңі мені қатты алаңдатады» деп бір түйсе, «Сәкен Сейфуллин қуатты, сымбатты ақын болды» деп екі түйсе, «Ілияс Жансүгіровтің «Дала», «Құлагер» дастандары ғажап! Дұрыс па?!» деді, маған жорта ежірейіңкіреп. Басқа ақын-жазушыларға қатысты ештеңе демеді. Баукең егер Мағжан Жұмабаевты тауқыметті күндерінде бір рет қана көрсе де, күйіне айтары сөзсіз еді. Ешбір жазбасында «кесдескені» туралы бір ауыз сөз және жоқ. Ал «Бауыржан Момышұлы Мағжан Жұмабаевты көріпті, сөйлесіпті, «кешікпей алып қайтамын» депті» сияқты өсек сөз бертінде, соңғы он шақты жылда пайда болды. Баукеңнің аруағын саудалаған ол бетсіздердің кім екені беймәлім. Өкінішке қарай, біраз жұрт соларға қалайда сенді. «Халық жауы. Атылсын!» деген үкімге іліккендерден «Пәленбаевтың тірі қалғанын» қайсысымыз естідік? Магадан дозағындағы Мағжанды босатып алып, қайтарарлық құдірет Бауыржанда болып па екен?

Бүгінде 96 жастағы Абдолла Әбдірахманов түрмеде Мағаңмен1948 жылдан 1951 жылға дейін бірге болғаны, жаза мерзімі 1948 жылы бітетін ақын лагерьдегі екі содырдың кеселінен тағы сотталғаны, онымен бірнеше рет сөйлескені, мәйітін көзімен ұзата іштей қоштасқаны, аманат еткен өлең блокнотын ұрлатып алғанын, «Жас алаш» гәзетінің қолқалауымен Магаданға барғандарында Мағаңның қабірін таба алмағаны жөнінде әліге дейін өкінеді екен. Ал қолдан салынған суретті көргенінде: «Ұқсайды» депті.

Осындай «ғажайып оқиғаларды» естігенімде, оқығанымда, соларды таратушыларға, оларға сенушілерге қайран қаламын. Шіркін-ау, сәл-пәл ойлану керек қой! Мысалы, Абдолла ақсақал: «…солай да солай болды» дегенде жанында тұрып: «Иә, Абекең дұрыс айтады, мен куәмін» деген кім болды? Немесе қандайда бір деректің шындығы, жалғандығы сөзбен де беки бере ме, оны дәлелдейтін құжат қажет емес пе? «Мағжанның суретін» салған кісі оны Мағаңның жүзіне қашан, қай жерде қарап отырып салған? Әлде әбден таныс болғандықтан, сырттай салып па? Дерек көзі қайда? Ал бұл суретті Мағаңның өңі тұрғай сырт пішінін де көрмеген Абдолла ақсақал қалайша құптады?

Бұл сұрақтарға жауап қысқа да нұсқа. Алаштың арыстары туралы деректі фильм жасаумен көптен бері шұғылданып, бірнеше фильмі ақиқаттығымен көпшілікті риза етіп жүрген белгілі кинорежиссер Еркін Рақышев мырза өзіміздің, Ресейдің мұрағаттарында, оның ішінде мемлекеттік қауіпсіздік комитеттері құзырындағы мұрағаттарда болып, аяулы арыстарымыздың қайсысы қашан, қайда сотталғаны, атылғаны жайындағы құжаттардан рұқсат етілгеніне қарай көшірме алған. Ол ізденістері жайында республикалық бұқаралық ақпараттарда мақалалары, сұхбаттар жарияланды. Көшірме алған құжаттардың бірі – Алматыда атылғандар тізімі. Онда: «Магжан Жумабаев. Расстрелян 19 марта 1938 г.» деп тұр. Демек, Мағжанның Магаданда, Красноярскіде, Новая Земля, т. б. жерлерде «айдауда болғаны, түрмеде отырғаны» – кәдімгі алыпқашты сөз, «Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевты көрдім, сөйлестім» деген арзан атақты малданушылық! 1938 жылы атылған адамды он жылдан кейін, 1948 жылы, тірі күйінде көре алатындай ол қай сиқыр, кімнің сиқыры?

«Мағжанның суреті» дегенге қарап айтарым: Мағаңның ақталғаннан беріде гәзет-журналдарда, кітаптарында жарияланған суреттерінің бірде-бірін маңайламайды. Аман-есен кезіндегі соңғы суреттерінің бірін осы жауап-жазбама қоса жолдап отырмын, ал мұны қайдан алғанымды Мағаңның жанжары болған Зылиха апамыз туралы естелігімде баяндаймын.

Иә, «сиқыршылар» Сәкен Сейфуллиннің аруағын да мазалады. «Мен Сәкенді Магаданда көрдім, сөйлестім», «Мен Сәкенді Сібірге пойызбен әкетіліп бара жатқанында вагонда көріп, тілдесіп үлгірдім» дегендей, жалған сөз ауызша да, жазбаша да желпіндірілді. Сөйтіп, ол ағамыздың да сүйегін іздегіштер табылды. Баяғы – өзінің атын шығару, аз да болса атақ-даңқтан үлес алып қалу. Ал Е.Рақышев көшірмесін алған тізімде: «Сакен Сейфуллин. Рассрелян 25 февраля 1938 г.» делінген.

Сонымен, үлкен-кіші ағайындар, Мағжан ағамыздың аруағын да, Сәкен ағамыздың аруағын да мазалауды тоқтатуымыз қажет.

Ғаббас Қабышұлы

Осы айдарда

Back to top button