Мәдениет

Ахметбұлақта ас берілді

Ахметбұлақта ас берілді


Қазақ жерінің Шығыстағы ең шеткі нүктесі Ахметбұлақпен аяқталады. Арғы жағында Қытай елі. Көкшұңқыр биігінен бастау алып ағатын Атсалған өзенінің бойында орналасқан шағын ауылда Нұрғазы әулетінің ұрпақтары жиылып, арғы-бергі аталарына арнап ас берді.

Осы әулеттің үлкені – Қаннаби мешітінің имамы Сәлімхан молда бір шеті Астана, Алматы, Талдықорған, Павлодар, Аягөз бен Семей, Өскемен мен Зайсанға дейін сауын айтып, ондағы ағайын-туыс, құда-жегжат, дос-жарандарға хабар жіберіп, осы асқа шақырған екен.

– Атамыз қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар, сол сөзді ескеріп, алдымен Алланың, сосын аруақтың разылығы болсын деп ата-анамызға арнап ас беріп жатырмыз. Осы алаңда әке-шешемізге арнап Байжігіт баба мешітінің бас имамы Амангелді Илланханұлы құран-хатым аударды. Сосын мектептің спорт сарайында арнайы ас берілді. Ас ішіліп, құран оқылған соң, Бәйгетөбеде аламан бәйге, дода көкпар, арқан тартыс, күрес, жаяу жарыс өткізілді. Әрқайсысына арнайы жүлде тағайындалған, – деді Сәлімхан молда.

Ауыл ақсақалы Мырзақан сөз сөйлеп, өзінің тілегін жеткізді. Одан кейін Тәукеден шыққан құт Шаянбайдан тараған Бөгіс, Төгіс, Әбділдабектің тікелей ұрпағы Әсет ақсақал:

– Мен Шөдеухан марқұммен бір жерде, бір ауылда бала күнімізде бірге ойнап өстім. Жеті жасқа келгенде Шөдеңнің қарындасы Қайналқанмен төртінші сыныпқа дейін бірге оқыған едім. Шөдең бала күнінен көпшіл, ақкөңіл еді. Кейін аумалы-төкпелі заман болып, шекара асып хабарласа алмадық. Енді, міне, «орнында бар оңалар» дегендей, балалары ер жетіп, әке-шешелеріне ұлы дүбір ас беріп жатыр. Бәрі де қабыл болсын, – деді.

Мұнан соң сөз алған Қали қажы, Айтан, Алтайлар бәрі де Нұрғазы ұрпақтарына зор алғыстарын білдірді. Шөдеухан ұрпақтарының нағашысы Күлсімжан да сөз сөйлеп, елді ұйытты. Мұнан соң құран-хатым аударылып, ақсақал Жәлел Мағжайұлы барлық иылған көпшілікке батасын берді.

Бәйгетөбе басына Мұқан Қабжанұлы өзінің киіз үйін тігіп қойған екен. Басқа да ат байлайтын керме ағаштар орнатылып, музыкалық аспаптардан күмбірлеп күй төгіліп, әуелетіп ән шырқалып тұрды.

Жиылған көпшілік алдымен арқан тарту ойынын тамашалады. Жеті адамнан тұратын командалар тартысының финалында «Түйебай», «Ахметбұлақ» сынды екі команда қалды. Нәтижесінде Түйебай командасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Ахметбұлақ құрамасы алса, үшінші орынға Сарыөлең командасы ие болды.

Қазақ күресінен 30-50 келі салмақта жасөспірімдер, 50-70 келі салмақта ересектер, 70-90 келі салмақта өгіз балуан және түйе балуан болып белдесті. Балуандар арасында Манас Мұқышбеков, Ғани Жүнісбеков, Жансерік Дәлешұлы, Абзал Бекбаев, Рамазан Мұқанұлы, Асылжан Құсаханұлы сынды жігіттер жеңіс тұғырынан көрінді.

Ендігі кезек бәйгеге келді. Аламан бәйгеде бірінші болып Оразай Қоқымовтың қоңыр төбелі келді. Екінші Шіліктінің жирен қасқасы, ал үшінші болып Ақжар ауылының торысы жетті. Ал төртінші болып тағы да сол Оразайдың қоңыры мәре сызығын кесті. Көкпар ойынында Асхат Дәкебаев бастаған «Тұлпар» командасы жеңіске жетті, оларға спорт ардагері Сәлкен Байзенұлы өзі тойға арнайы әкелген құла тайдың шылбырын ұстатты. Жаяу жарыста Дәулет Бақытбекұлы бірінші болып келді. Сонымен, спорттық сайыстар аяқталған соң, дүбірлі астың мәресі де жақындады. Нұрғазы ұрпақтарының атқарған осынау игілікті істеріне жиылған жұрт разы болып тарқасты.

Тілеуғазы Кәрімханұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button