Агроинновация орталығы іске қосылды
Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінде қазақстандық-американдық агроинновация орталығы ашылды.
Мұндай орталықтар ел экономикасының өркендеуіне үлес қоспақ. Орталықтың ашылуындағы мақсат – ауыл шаруашылығы ғылымы саласында ғылыми зерттеулер жүргізу, Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтарындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге сапалы консультациялық және әдістемелік көмек беру болып табылады.
– Біз өз тарапымыздан осындай орталықтарға барынша қолдау танытамыз, – деді қала әкімі А.Кәрімов.
Орталықтың құрамына азық-түлік қауіпсіздігі, ветеринарлық диагностикалық препараттарды жасау, жем сапасын бағалау, экологиялық, эмбриондарды трансплантациялау және жасанды ұрықтандыру зертханалары кіреді.
Орталықтың ашылуына Шәкерім атындағы СМУ мен АҚШ-тың Дакота университеттері бастамашы болды. 2013 жылдың сәуірінде Солтүстік Дакота университетінде екі университет қарым-қатынасы туралы меморандумға қол қойылған болатын.