Аграрлық саланың әлеуеті ауқымды
Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Глубокое ауданының ауылшаруашылық құрылымдарымен танысып, агроөнеркәсіп саласы мамандарының кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиынға қатысты.
Глубокое ауданында әлемдік технологияға негізделген екі бірдей жоба жүзеге асып жатыр. Соның бірі – Бобровка ауылындағы роботтандырылған тауарлы-сүт фермасы. Осыдан екі жыл бұрын іске қосылған бұл кешен жыл өткен сайын іргесін кеңейтіп келеді. Сауын залы мен жемдеу алаңына биыл мал төлдету кешені қосылып отыр. «Восток молоко» ЖШС директоры Сейілжан Сайлаубаев аймақ басшысына ферманың жұмыс құрылымын түсіндіріп, «ерікті сауын» принципі қалай жүзеге асатынын баяндады. Даниал АХМЕТОВ ферманы құруға кеткен шығынның қаншалықты тез ақталатынына назар аударды.
-Жалпы, жоба өте тартымды. Осы кешен негізінде кеткен шығындар мен оның қалай ақталатыны жөнінде толық зерделеу қажет. Содан кейін барып өзге аудандарға бұл тәжірибені таратудың тиімділігін ойластыруға болады, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Сейілжан Сайлаубаев жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі бес жылға белгіленгенін, алайда, бұл межені бүгінгі қарқынмен 3-4 жылда бағындыруға болатынын жеткізді. Серіктестік басшысы құрылыс пен инфрақұрылым қалыптастыруға кеткен шығынның 20 пайызын мемлекет көтеріп алғанын да атап өтті. Облыста алғашқылардың бірі болып тауарлы-сүт өндірісі кластерін құрған «Восток молоко» ЖШС алдағы уақытта жылына жеті мың тонна сүт өндіруді жоспарлап отыр. Осыған дейін басымдықты сүт өңдеу ісіне беріп келген кәсіпорын бүгінде малды жасанды жолмен көбейту, жемшөп қорын ұлғайту мәселесіне де көңіл бөліп отыр. Сол мақсатта биыл 270 гектар суармалы жерді пайдаланса, келер жылы оның көлемін мың гектарға жеткізу ойында бар. Роботтандырылған жүйемен сүт өндіруде жергілікті сементал тұқымдары шетелдік нәсілдерден кем емес екенін айтқан «Восток молоко» ЖШС директоры сырттан әкелген малдың ауруға шыдамсыздау келетінін жасырмады. Ферма қызметкерлері мал азығына өздеріне таныс емес қоспалар қосуды да тоқтатқан. Негізгі азық – ұжымшарлар кезінен сақталған дәстүрлі сүрлем мен орылған жемшөп.
-Қазір біздің сиырлар күніне орта есеппен 30 литр сүт береді. Жемін құнарландырып, сарқып сауар болсақ, одан да көтеруге болады. Бірақ сиырдан ең көп өнім талап ету арқылы оның денсаулығын 2-3 жылда құртып алуға болады. Сондықтан біз сауылатын сүт мөлшерін саналы түрде шектеп отырмыз. Роботтандырылған жүйенің арқасында біз сиырдың сүттілігіне де тікелей әсер ете аламыз, – дейді С.Сайлаубаев.
Облыс әкімі бас сұққан екінші кәсіпорын Фарид Абитаевтың кешені болды. Әуелі ол 600 басқа арналған тауарлы-сүт ферманың құрылысын таныстырды. Мұнда сиырлар «Карусель» аталатын сауын залдарында сауылмақ. Қыркүйекте басталған құрылыс келер жылдың тамызында аяқталуы тиіс. Ферма қоражайының шатыры жаңа технологиялық талаптарға сай бұрынғылардан әлдеқайда биік етіп салынуда. Фарид Абитаев бұл өз кезегінде қоражайдағы әр сиырға тиесілі ауа кеңістігінің көп бөлінуіне әсер ететінін айтады. Технологиялық талаптарды қатаң сақтаудың арқасында бұл шаруашылықтағы сиырлардың сүттілігі уақыт озған сайын көбейіп келеді.
-Біз бар болғаны жұмысты оңтайландырып, жайылымда бағу әдісінен бас тарттық. Малымыз қысы-жазы қолда. Тұқым да ауыстырмадық. Барлығы жергілікті тұқымнан тараған. Жемшөп мәселесінде де ешқандай өзгеріс жоқ. Сөйте тұра, екі жылдың ішінде бір сиырдың жыл бойында сүт беру өнімділігі 4800 литрден 6200 литрге көбейді. Қолда бар малмен, қолда бар кешенмен жылына бес мың тонна сүт өндіре аламыз. Алдағы уақытта осы салынып жатқан тауарлы-сүт фермадай кешендерді көбейтіп, сүт өндірісін 10 мың тоннаға дейін жеткізбекпіз, – дейді Фарид Абитаев.
Қажетті жемшөп «Астана-бизнес» ЖШС-не тиесілі «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығында» дайындалады. Аталмыш шаруашылық өзге қожалықтарға сапалы тұқым ұсынып та отыр. Жүгері, сұлы, бидайық, рапс, тритикале сынды дақылдардан рекордтық көрсеткіште өнім алып отырған Фарид Абитаев Шығыс Қазақстан сүтті мал шаруашылығы мен майлы дақылдарды қатар алып жүруге аса қолайлы өңір деген пікір айтты.
Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіптегі әлеуеті Глубокое кентінде өткен салтанатты жиын барысында да тақырыпқа арқау болды. Әуелі облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев биыл тындырылған шаруаларды жіпке тізді. Жыл бойында мал шаруашылығын дамытуға түрлі көздерден 32 млрд. теңге бөлінген. Соның арқасында саланың жалпы ішкі өнімі 187 млрд. теңгені құрап, соңғы 10 айда мал басының өсімі байқалып отыр. Оның ішінде жылқы саны 10 пайызға өскен. Тоғыз бірдей мал бордақылау алаңы құрылып, шетелден 4689 бас асылтұқымды сиыр әкелініпті. Бүгінде облыс аумағында 57 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеуде. Алдағы уақытта 100 басқа арналған шағын фермалар құру жобалары қолға алынбақ. Облыстағы асыл тұқымды малдың үлесі 16 пайызды құраған. Саланың дамуына бюджеттен 6,8 млрд. теңге субсидия төленген. Ал егіншілер үшін биылғы маусым аса қолайлы болмағаны белігілі. Соған қарамастан 840 мың тонна астық алынған. Жалпы өнімділік – гектарынан 14,9 центнер. Зырян, Глубокое, Риддер өңірлерінде бұл көрсеткіш 22 центнердің айналасында шыққан. Ұн, картоп, көкөніс, өсімдік майы сынды азық түрлерімен облыс толықтай қамтылған.
Өңірде жұмыс істеп тұрған 38 тұқым шаруашылығының 12-сі биыл құрылып отыр. Суармалы жер көлемі 90 мың гектарға ұлғайды. Бұл салаға жалпы 4,3 млрд теңгенің субсидиясы бөлініп, игерілген. 152 инвестициялық жобаның 107-сі биылдың өзінде іске асып үлгерген. «Саладағы негізгі өзекті мәселе – ауылшаруашылық өнімінің импортын ығыстыра алмай отыруымыз», – деп түйген Нұрлыбек Шерубаев агроөнеркәсіптің әр саласында игерілмей жатқан қосымша табыс көздері бар екенін атап өтті.
Бұдан кейін «Астана бизнес» ЖШС директоры Фарид Абитаев, «Е.Зайтенов» шаруа қожалығының басшысы Ерлан Зайтенов, «Среднегорный» ЖШС директоры Петр Дягилев өз жетістіктерімен бөлісіп, әріптестерін мемлекет ұсынып отырған қолдау мен мүмкіндікті толығымен пайдалануға шақырды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына сәйкес агроөнеркәсіп саласын дамытуға байланысты бағдарламалар әрі қарай жалғасын табатынын еске салды. Жолдауда басымдық берілген салалардың барлығына қысқаша тоқтала келе, ол аудан мен қала басшыларына ұлттық қордан бөлінген қаржының өз аудандарында да игілікке жарауына мүмкіндік жасау керектігін ескертті.
-Облыстағы инженерлік коммуникацияның 60 пайыздан астамы ескірген екен. Ал жаңа Жолдауда бұл салаға қомақты қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, апаттық мектептер мәселесін толық шешуге 75 млрд. теңге бөлінеді. Жолдауда халықаралық қаржы қорларынан инвестиция тарту уақыт талабы екені де айтылды. Аудан- қала басшылары өз жұмыстарында осы тапсырмаларды негізге алуы керек, – деді аймақ басшысы.
Облыстың аграрлық саладағы әлеуеті орасан екенін атаған облыс басшысы сала мамандары мен жергілікті басшылардың алдында ұсақ тауарлы фермаларды дамыту, технология мен егіс құрылымын қатаң сақтау, бәсекелестік туғызу арқылы ірі шаруашылық құрылымдарының санын арттыру сынды міндеттер тұрғанын қадап айтты.
Салатантты жиын соңында саланың үздік өкілдеріне Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігінің бірнеше аталымдағы марапаттары табысталды.
Есімжан Нақтыбайұлы