Аграрлық салаға білікті мамандар қажет
Биыл Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің аграрлық факультетіне 60 жыл толып отыр. Кеңестік кезеңде Одақ көлеміне зоотехникалық-малдәрігерлік институты атымен танымал болған оқу орнының мерейтойына орай Семейде аграрлық сала қызметкерлері мен ғалымдардың аймақтық форумы өткізілді.
Форумға жиналғандар алдымен Абай театрының фойесінде ауыл шаруашылық саласының жетістіктеріне арналған көрмені тамашалады. Көрмеде Тәуелсіздіктің 20 жылдығында жеткен жетістіктер мен нәтижелер, зерттеу еңбектер жинақталып қойылған. Форумды ашқан облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденов ең алдымен облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ атынан жиынға қатысушыларды құттықтады.
– Облысымыздағы маңызды сала ауыл шаруашылығы, – деді Серік Әбденов. – Бұл салаға республика бойынша Шығыс өңірінің қосып отырған үлесі бұл күндері аса қомақты десек, осы салаға түлектер дайындап отырған аграрлық факультет мамандарының жетістігі зор деуге толық негіз бар. Өскеменде Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған институт жұмыс істейді. Алдағы уақытта солармен бірлесе жұмыс атқарсаңыздар деген ұсынысымыз бар. Олар бал арасының екі жаңа түрін шығарды. Өңіріміздің ауа райына байланысты пайдалы мал азығы мен жем-шөптің жаңа түрі шығарылуы керек. Міне, осындай ғылыми жетістіктер мен тамаша жаңалықтарға болашақта өздеріңіз атсалысады деп үміттенеміз.
Бұдан соң облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденов ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Халит Жұмабековті облыс Әкімінің грамотасымен марапаттады және еңбегіне жеміс тіледі.
«Мамандарды даярлаудың сапасын және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы 60 жыл» тақырыбында профессор, аграрлық факультет деканы Зейнолла Тоқаев баяндама жасап, сөз барысында осы оқу орнынан бір Социалистік Еңбек Ері, екі министр шыққанын мақтанышпен атап өтті. «Дегенмен, биылғы ҰБТ сынағында ауыл мектептерінің түлектері осы салаға мамандану үшін 70 баллдан жоғары нәтиже көрсете алмағандығы аса өкінішті, сондықтан да алдағы уақытта маман даярлаудың тиімділігін арттыру керек» деді ол.
Форумда «Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағындағы ауыл шаруашылығының дамуына ерекше үлес қосқан мамандар, кәсіпкерлер мен ғалымдар» атты кітаптың тұсаукесері өткізілді. Және «Ғылыми-білім өндірістік консорциум құру туралы» келісімге қол қойылды. Келісім тараптары ретінде «Лада» шаруа қожалығының жетекшісі Анатолий Романов, «Е.Зайтенов» қожалығының жетекшісі Ерлан Зайтенов, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Шәріпбек Әмірбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсенбай Селиханов қатысып, Шығыс аймағы үшін қажетті мамандар даярлау, біліктілігін арттыру бағытында жұмыстар атқаруды жолға қою жөнінде мәселелерді қарастырды.
Форумның екінші күнінде аграрлық факультетте атаулы дәрісханалар ашылды. Ғалым-зоотехник, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атындағы дәрісхана залы, 1957 жылғы түлек, ғалым-зоотехник, институттың ғылыми кеңесінің мүшесі Күнсіләм Мұқажанов атындағы дәрісхана, зооинженер, қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкер Әсемхан Досқұжанов атындағы дәрісхана алдағы уақытта студенттердің білімге, туған жерге деген сенімдерін арттыра түспек. Жақсылық Үшкемпіров «Шәкерім» медалімен марапатталды.



