Әскери шеннің абыройын сақтап қалды
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінде пара алуға итермелеу фактісі туралы хабарлаған патрульдік қызмет қызметкерлері марапатталды.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру және оны жою мақсатында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға итермелеу фактісі туралы хабарлаған патрульдік қызмет қызметкерлерін көтермелеу туралы шешім қабылдады. -Патрульдік қызметтердің жұмыстары өте жауапты, олар жолдардағы тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бүгін біз әскери шеннің абыройын сақтай отырып, өз міндеттерін адал атқарып, абыроймен қызмет етіп жүрген облыстың патрульдік қызметкерлерін атап өтуді жөн көрдік, – деді құттықтау сөзінде облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев.
Қызмет бабында адалдық, парасаттылық қасиеттерін таныта отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы берік азаматтық ұстаным танытқаны үшін Бесқарағай ауданы полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ерболат Жолдасбек, Өскемен қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторлары, полиция аға лейтенанттары Айбек Қайдаров, Алмас Қарашов және Әлихан Балапанов департамент басшысының грамотасымен марапатталды.
Полицияның аға лейтенанты Әлихан Балапанов жол ережесін бұзған азаматқа хаттама толтыру барысында жүргізушінің пара ретінде бес мың теңге ұсынғанын айтады. Аға инспектор бұл теріс қылықтың заңға қайшы екенін ескерткенімен, ол азамат көнбеген. Аяғы тиісті орындарға хабарлауға тура келіпті.
Заң бойынша пара алғандар да, бергендер де қатаң жазаланады.Талғат Башев жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, бірақ жауапкершілікке тартылмау үшін полиция қызметкерлеріне пара бермек болған азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Сот шешімімен бұл азаматтар мемлекеттік қызметте қызмет атқарудан өмір бойына шеттетілді және оларға параның он еселенген сомасында айыппұл салынды.
-Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қылмыстық кодекске пара беру және беруге азғыру үшін жауапкершілікті қатайту мақсатында өзгерістер енгізілгенін атап өткім келеді. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген «Аса ірі мөлшерде пара беру» қылмысы енді ауыр қылмыс санатына жатады, жазаның жоғарғы шегі жеті жылға дейін ұлғайтылды. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш беру мүмкіндігі алынып тасталды. Пара алу үшін жазаны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде дереу өтеуге тыйым салынды, – деп ескертті департамент басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев.
Айна Ескенқызы