ҚоғамТОП

Әнші Димаштың шашын сәндеп жүрген шаштараз

Астаналық Нұржамал Малғайдарова – он жылдан астам тәжірибесі бар хейр-стилист, көптеген халықаралық сертификаттардың, оның ішінде Fraind Svetlana, Federico Longo и Alexa Shev сертификаттарының иегері. Қазақстандық және әлемдік деңгейдегі көптеген сахна жұлдыздарымен жұмыс істейді. Біз танымал стилистің Өскеменге келгендегі бір сапарында әңгімелескен едік.

 

Көп нәрсені YouTube арқылы меңгеріпті

 

Бүгінде әнші жұлдыздардың стилисі болып жүрген Нұржамал Малғайдарованың алғашқы тәжірибесі де, алғашқы «клиенті» де сегіз жастағы сіңлісі болыпты. Бір күні жұмыстан келген анасы бұрымы белінен түсетін кенже қызының шашы ұлдардікіндей түштиіп қалғанын көріп, қапелімде не айтарын білмей, ауа қармана беріпті. Сөйтсе үлкен қызы Нұржамал анасының мата кесетін үлкен қайшысымен сіңлісінің шашын үптеп тастаған ғой.

– «Мәриямның қолында өткір қайшы» дегендей болмады. Анамның киім пішуге арналған қайшысы шаш кесуге мүлде жарамсыз екенін бұрымын кесе бастағанда ғана байқадым. Тым кеш еді. Енді сіңлім жыламай тұрғанда мүмкіндігінше «әдемілеп» аяқтап шығу керек. Менің шығармашылық шабытымды сол жолы ешкім түсіне қойған жоқ. Керісінше ата-анамнан сөз естідім, – деп күледі Нұржамал.

Шаш қиюға қызығушылығы мектеп кезінен басталыпты. Көрші тәтей шаштараз болатын, көшедегі бар баланы әке-шешесі сол кісіге жетектеп әкеліп, есік алдында бәрі кезек күтіп отыратын. Нұржамал сонда тәтейдің қолдарының лып-лып еткен қимылына қарап, басқа әлемге енгендей күй кешкенін айтады.

– Қолдарына қарап, өзім ойша прическа ойлап тауып, қиялға батып кететінмін. Тұрмысқа он сегіз жасымда, алматылық жігітке шықтым. Қайын атам өте жоғары лауазымда істеді, үйде сирек болады. Жолдасым да күні-түні жұмыста. Үйде енем екеуміз, кішкентай ұлымызды бағып отырдым. Сонда Зәмзәгүл деген көршіміз болды. Сұлу, жүріс-тұрысы да, кісіге деген қарым-қатынасы да, қонақты күтуі де, көршімен араласуы да керемет еді. Мамандығы киім дизайнері екен. Ұлымыз Талғатты да отбасыларымен қатты жақсы көретін. Бір шаруам болса, есіктерінен кіргізе салам да, алаңдамай, жүре берем. Бауыр басып, «Замока мама» деп атап кеттім. Менің шаш кесуге икемімді байқаған ол кісі «шаштараздың курсын оқып алсаңшы, саған техникасын меңгеру керек, кейін салон ашып, стилист боласың» деп ақыл айтқан еді. Маған жол сілтеген Замока мамаға үнемі алғысымды айтамын, – дейді бүгінде танымал стилист.

Әрине, шаштараздың курсынан бүгінгі күнге дейін талай тәжірибе жинақтады, жұмысына көңілі толмаған талай адамнан сөз де естіді. Бірақ мойымады.

– Екі апта оқудан кейін салонға тәжірибеден өтуге сұрандым. Мастерім «дайын емессің» дегендей сыңай танытты. Мен директорға бардым да, ойымды айтып едім, ол кісі рұқсатын берді. Менің өмірімде үнемі осындай маған сенген адамдар кездесіп отырады. Мен оларды «періштелерім» деймін. Оңай болды дей алмаймын. Клиентім бір үлгіні сұраса, мен оған басқасы жақсырақ ұнасатынын байқаймын да, өз ойымдағыны жасап берем. Түсініп, риза болғандар да, «мен айтқанды істемедіңіз» деп кейігендер де кездесетін, – деп есіне алды Нұржамал.

Курста көп нәрсені үйрете бермейді, ол кезде қазіргідей қаптаған онлайн курстар да жоқ. Қолда қарапайым, түймеге басатын телефон. Үйге келіп, компьютерді қосып, көп нәрсені өз бетімен «Ютуб» арнасынан меңгеріпті.

 

Димаш кекілін өз сәндейді екен

 

Қазір  Нұржамалдың қолдары әлемге танымал Димаш Құдайберген, Света Айтпаева, Роза Рымбаева, Бағдат Сәмединова, Майра Мұхамадиқызы, Лұқпан Жолдасов, Мұз Арт тобының әншілері, Зарина Омарова, тағы басқа жұлдыздардың шашын жөндеп, оларға сахналық образ  жасап жүр.

Стилист олардың әрқайсысы туралы сағаттап қызықты әңгімелер айта алады.

– Димаш – өте қарапайым, бірақ өзінің талғамы қалыптасқан, сән әлемін жақсы түсінетін жігіт. Бізге келгенде «жұлдызбын» деп кеудесін керіп, маңғазданғанын көрген емеспін. Бәрімізбен жымиып амандасып, суретке де түседі, әңгімесін де айтады. «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өмірімен тең» деген осы шығар. Бір ерекшелігі – шашын кімге жөндетсе де, кекілін өзі сәндейді екен.

«Сіз ренжімеңіз. Қытайда да стилистерге «кекіліме тиіспеңіздер, өзім жасаймын» дегем. Өз қолыммен тарап сәндемесем, көңілім көншімейді» депті Димаш.

– Димаштың анасы Света апай да сондай қарапайым, өзімен бірге Лұқпан Жолдасов ағаның жары Айғаным апайды ертіп әкелді бірде. Мен жасаған образға риза болған Айғаным апай келесі жолы Лұқпан ағаны жетектеп әкелді. Ағамыз жиырма жыл бір мастерге ғана барған, соған ғана сенеді, Алматыға арнайы ұшып барып, келіп жүріпті. Өте әзілкеш екен.

«Ал, Нұржамал, Алматыда бір мастердің шашын жиырма жыл ағартып едім. Енді сенің шашыңды ағартып жүрмейін. Өзі бес тал шашымды құртып қойма» деп қалжыңмен бастады сөздерін. Мен де аянып қалмай, бар өнерімді салдым. Ұнатты, риза болды. Артынан қыздары Фарида да келді. Қазір отбасыларымен  тұрақты клиентіме айналып кетті. Айғаным апай жаңа жыл қарсаңында маған тамаша тосынсый жасағаны. Біз әр клиентті образы аяқталғанда суретке, видеоға түсіріп, өз парақшамызда жариялаймыз. Маған «Лұқпан ағаңды түсірген видеоларды жіберші» деді бірде. Ойымда ештеңе жоқ, бәрін жинастырып, салып жібердім. Сосын Айғаным апай солардан кішігірім «кино» жасап, маған алғысын айтып, парақшасына салып қойыпты. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе. Мен ол үшін мақтанамын. Маған қарапайым қыз-келіншектер де келеді. Әр клиентімнің пікірі, алғысы мен үшін өте маңызды. Еңбегімді бағалап, ризашылығын білдіргендері үшін мен өзімді өте бақытты санаймын.

Роза Рымбаева апамыз – өте байсалды адам. Көбінде немересі туралы қызықты оқиғаларды айтып отырады.

Бағдат Сәмединова апамызбен кездесуіміз де ерекше болды. Бірде Астанада «Қазақконцерттің» 60 жылдығына концерт қоятын әншілерге қызмет көрсетуге шақырту алдым. Барсам, Бағдат апайым отыр. Шаштары сұйық екен, «осыдан шедевр жаса» деп күлді. Кейін үйіне де шақыртып, той-жиынға баратын кезде образдарын маған ғана сеніп, жасатып жүрді.

Мен үшін орны бөлек адам – әрине, әнші Майра Мұхамедиқызы. Елде пандемия жарияланып, бәріміз үйде жұмыссыз отырып қалғанда көп көмегі тиді. Салондағы визажист қыз бар, мен, тағы басқа да мастерлерге рұқсат қағаз жасап беріп, өзімен ертіп жүрді. Бірде бізге келіп, «сендермен ақылдасайын деп едім» дегені. Бәріміз елең ете қалдық. «Шетелге тұрақтауға кетейін деп жүр едім, Шымкентке жұмысқа шақырды, қалай ойлайсыздар?» деді. «Жүрегіңіз нені қалайды, соны таңдаңыз» деп өзімізше ақыл қосып жатырмыз. Майра апайдай танымал адам бізбен ақылдасқан кезде марқайып қалады екенсің. Ол кісі «қазағымды көтерейін» деген шешім қабылдап, Шымкенттегі опера және балет театрына басшы болып кетті. Астанаға қонаққа не іссапармен келсе, міндетті түрде біздің салонға келеді. Әлемдік бір клипке түскенде де біздің қызметімізге сүйенді. Бір байқағаным, адам шоқтығы биік жұлдыз болған сайын қарапайым болып келеді екен. Біркүндік уақытша жұлдыздарды айтпаймын. Қазақтың өнеріне, мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып жүрген шын жұлдыздарды айтамын. Айтпақшы Сәкен Майғазиев келгенде, салонның іші күн шыққандай жарқырап кететіні бар. Өте позитивті адам. «Бес орайым бар, соны жаба алатын біреуің бар ма?» деп күлдіріп келген еді. Ол кісі де осы кезде тек біздің қызметімізді пайдаланады. Жоғарыда айтқан кейіпкерлерімнің әрқайсысы туған күнімде, мерекеде құттықтау жіберіп жатады. Мен сол кісілерге қарап, бой түзегім келеді, сол кісілердей ашық, жарқын мінезді болуға тырысамын.

 

Хейр-стилист           Нұржамал Малғайдаровадан лайфхак

 

Қазір кез келген қыз-келіншектің қолында шаш түзеткіш үтік пен кептіретін фен құралы бар. Керемет сәнді шаш үлгісін жасауға осы екі аспап жеткілікті.

Үтікпен  бұйра  шашты түзеп қана қоймай, керісінше неше түрлі толқынды шаштарды да жасауға болады. Фенмен тек шашты кептіріп қоймай, шаштың түбін көтеруге пайдаланыңыз. Мысалы, сәнді гофре толқынын үйде жасау үшін шашты талдап, оны балалардың сурет салатын қарындашына орап, сыртынан шаш түзеткіш үтікпен бірнеше секунд қысып ұстап тұрса болғаны. Стилистердің жұмысынан кем шықпайды.

Екінші бір кеңесім. Оны он тоғыз жастағы ұлым Талғат өзі ойлап тауыпты. Егер шаштар электрленіп, оған шашатын сұйық  зат болмаса, өзіңіз жасап алыңыз. Кез келген үйде теңіз тұзы табылады. 20 грамм тұзды 200 миллилитр сумен езіп, құтыға құйып қойыңыз. Сосын шашыңызға шашсаңыз, олар магниттелмейді. Осындай спрейлер дүкендерде бірнеше мың теңге тұрады.

Осы айдарда

Back to top button