Қоғам

Әлеуметтік желінің де әдебі бар

Ержан Әбіш

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде жазған сөздері үшін жауапқа тартылушылар саны көбейіп барады. Бұл  әрине, алаң тудыратын мәселе. Әсіресе, жастар арасында мұндай келеңсіздіктер жиі ұшырасады. Әлеуметтік желіде «ерігіп» отырған олар біліп-білмей жазғандары үшін өмір бойы опық жеуі әбден мүмкін.

Сондықтан біз ішкі істер органынан ресми мәлімет сұрата отырып, әлеуметтік желідегі кей әрекеттер үшін нақты қандай жаза көзделгенін ұсынуды жөн көрдік.

130-бап. Жала жабу.

Қылмыстық кодекс бойынша, жала жабу – адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, беделiн түсiретiн жалған мәлiметтер тарату. Әлеуметтік желідегі жазбасында жала жапқан адам 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді, не түзету жұмысына тартылады. Болмаса, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

131-бап. Қорлау.

Адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiткені үшін сот 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл сала алады. Немесе, 180 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Айыппұл төлей алмаса, айыппұл құнына пара-пар түзету мерзіміне кесіледі.

147-бап. Адамның жеке және отбасылық құпияларын заңсыз жария ету.

Өз лауазымын пайдалана отырып, жеке адам туралы және оның отбасы туралы мәлімет жинаған, отбасы құпиясын бұзған адамға Қылмыстық кодекс 5 жыл түрме жазасын кеседі. Мұндай қылмыс жасаған азаматтар сол лауазымды 2-5 жыл уақытқа дейін атқара алмайды. Ал құпияны жинап қана қоймай, жария еткен (әлеуметтік желі арқылы да) адам 7 жылға сотталуы әбден мүмкін.

174-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыру.

Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, дiни араздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн, не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана iс-әрекеттер жасаған адам 2 жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ғаламторда құқығы табанға тапталған адамның мүддесі заң аясында осылайша қорғалады.

Бірақ бұл ретте қиындық тудыратын бір мәселе – жазба авторының нақты кім екенін анықтау. Көп жағдайда адамдар жалған немесе басқа адам атымен, өзге біреудің суретімен желіге тіркеліп, заңға қайшы сөздер жазып жатады. Мұндай деректер аз емес.

Десек те, жасырын атпен желіге тіркелгендерді де техникалық тұрғыда іздеп табуға болатынын ескеріп жүріңіз.

Халық арасында «аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» деген сөз бар. Яғни, заң мен әдеп қағидаларын бұзбаған жөн. Сайып келгенде, мұның бәрі адамның ар-ұятын, сана-сезімі мен ой-өріс деңгейін байқатады.

Осы айдарда

Back to top button