Әлемдегі ең ақылды адамдардың бірі Өскеменде тұрады
Әлемдегі ең ақылды адамдардың бірі біздің жерлесіміз. Қызық, ә? Сонда ол несімен ақылды дейсіз ғой? Оны қалай анықтайды? Жо-жоқ, ол үшін біреуге ақыл айтудың немесе косинус-сннусы бар есеп шығарудың мүлдем қажеті жоқ. Алты құрлықтағы ақылды адамдардың қатарына кіру үшін сіздің IQ-ыңыз жоғары болуы керек. Ендеше, жалпы IQ деген не? Осыған тоқталып өтсек.
Бұл сөзді естіп жүргенімізбен оның қалай өлшенетінін және толық мағынасын білмей жатамыз. IQ – (ағылш. intelligence quotient – зияткерлік коэффицент). Яғни адамдардың білім деңгейі мен қағілездігі үшін берілетін баға. Ал оны бағалау үшін ең алдымен тесттен өту керек. IQ жоғары жандар жаңалыққа құмар және кез келген мәселенің түйінін оңай шешуге бейім келеді. Тест арнайы адамдардың бақылауымен өтеді. Сұрақтардың дені логикалық. Ол үшін алдын ала сайтқа кіріп тіркелу керек. Егер де сіз тестілеуден өтсеңіз, Mensa International ұйымының мүшесі атанасыз. Mensa International – жоғары білікті адамдардың басын қосатын ірі ұйым. Аталмыш ұйым өз жұмысын 1946 жылдан бастаған. Ұйымның мақсаты – адамзатқа пайдасы тиетін адамдардың біліктілігін арттыру, табиғатты зерттеу, дарынды балаларға қажетті жағдай жасау. Ендеше әлемдегі IQ-ы ең жоғары бес адам жайлы да айта кетейік:
Теренс Тао – математик, IQ 230, Кристофер Хирата – астрофизик IQ 225, Ким Ун Ён, корейлік инженер, вундеркинд – IQ 210, Евангелос Кацуолис (Dr. Evangelos Katsioulis) – грек психиатры – IQ 198, Кристофер Майкл Ланган, америкалық астрофизик – IQ 195.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де дәл осы адамдардың қатарында, қуантарлығы ол – өскемендік.
Артық білім – кітапта
Небары 20 жаста әлемнің ең білімді адамдарының қатарында болу – кез келгенге беріле бермейтін мүмкіндік. Бірақ Данияр Нұрмұхамет ұйымға ойламаған жерден кіргенін айтады. Ендеше сіздермен Даниярды жақынырақ таныстырайық.
Данияр Нұрмұхамет – Өскемен қаласында дүниеге келген. 2018 жылы Назарбаев зияткерлік мектебін тәмамдап Еуропа төріндегі әсем қала Будапештке техникалық менеджмент мамандығы бойынша білім алуға аттанған.
Зияткер Будапештте білім алып жүріп, IQ анықтауға арналған тестке қатысқан. Тест қорытындысы бойынша ол әлемдік ұйымның мүшесі атанды. Данияр бұл жетістігін табандылық пен еңбекқорлықтың нәтижесі деп санайды.
– Мен 14 жасымнан кітап оқуды қолға алдым. Ол үшін күнде таңертең ерте оянатынмын. Себебі мектептен кейін оқуға мүмкіндік болмайтын еді. Сондай-ақ түрлі курстардан өттім. Бірақ егер біз алған білімді өмірде пайдаланбасақ, олардан келіп-кетер пайда жоқ. Егер естіген, көрген, оқыған білімді күнделікті өмірде пайдаланбасақ, ол жай ғана ақпарат болып қалады, – дейді Даниярдың өзі.
«Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге», – деген Абай атамыздың өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Жас та болса білімімен әлемді мойындатқан Данияр өз елі үшін ғана емес, тұрып жатқан қаласы үшін де аянбай еңбек етіп жүр. Бұлай деуімізге жас өнертапқыштың жасап жатқан мобильді қосымшалары дәлел. Солардың бірі «Jaksy» бағдарламасы. Бағдарлама халық пен билік арасындағы алтын көпір десе де болады. Себебі мобильді қосымша арқылы әр адам өзінің азаматтық позициясын жеткізе алады. Әзірше жоба әзірленіп жатыр. Ойын ашық жеткізуден қашатын тұрғындар үшін де ыңғайлы платформа. Неге десеңіз, тұрғындар арыз-шағымдарын анонимді түрде жазуға мүмкіндік алады. Жоба ақпанның соңына қарай немесе наурыз айында іске қосылады деп жоспарланған.
Данияр қазір қазақ тілінде түрлі мобильді қосымшалар әзірлеуде. Оның басты мақсаты – Қазақстанды әлемге таныту. Қарапайым халықтың өмірін жеңілдету.
Қазақстан – менің балаларым тұратын жер
Даниярмен әңгіме барысында оның IQ деңгейі былай тұрсын, адами қасиеттері мен еңбекқорлығына тәнті болғанымызды жасырмаймыз. Оның Отанға деген махаббаты әр сөзінен анық байқалады.
– Қазақстан – менің өсіп-өнген жерім және болашақта менің балаларым тұратын киелі мекен. Көпшілік Еуропада жақсы, анда жақсы мында жақсы деп жатады. Егер сізге ұнамаса, өзгертуге кім кедергі? Шетелде білім алып жүрсем де, менің жүрегім Қазақстанға тартады да тұрады. Мен елімнен алыстап ешқайда кетпеймін. Керісінше, өз елімді дамытуға үлес қосамын, –дейді ол.
Иә «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста», деген осы шығар.
Балауса Мэлсқызы