ТОП

Әлем чемпионын әуежайдан күтіп алды

Италия астанасы – Римде еркін күрестенөткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей жеңіс тұғырынан көрінген Дарын Әскербекті жерлестері Өскемен әуежайынан күтіп алды.

– Ең алдымен қолдау білдірген ата-анама, достарыма, туған-туыс, жақындарыма алғыс білдіргім келеді. Бұл үлкен жеңістерге жол ашатын жетістік деп білемін. Ірі халықаралық ареналарда көк байрағымызды желбіретсем деген арманым бар, – деді спортшы.

Римнен алтын медальмен оралған Дарын Әскербек 55 келі салмақта ел намысын қорғады. Жартылай финалда ол неміс Яннис Ребхолцтан басым түсті. Сондай-ақ ол өзбекстандықХусанбой Усмонов пенармениялықАрен Серобянды ұтты. Финалда балуанымыз АҚШ-тан келген Джаксен Патрик Форрестпен кездесіп, 11:10 есебімен жеңіске жетті.

Жерлесіміз финалдық белдесудің оңайға соқпағанын айтты.

– Америкалық спортшыдан ұтылып жаттым. Уақыт сырғып өтіп, оның пайдасына жұмыс істей берді. Бір сәтке де тоқтамау керектігін ұғындым. Соңғы секундтарда ғана жеңісті жұлып алудың сәті түсті. Жалпы мұндай жағдай спортта жиі кездеседі. Еркін күрестің ерекшелігі де осында, – деді ол.

Дарын Әскербек 2005 жылы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген. Еркін күреспен жеті жыл айналысып келеді. Осы уақыт аралығында ол еліміздің бес дүркін чемпионы атанды, 2018, 2019, 2022 жылдары әлем және Азия чемпионаттарында жүлделі екінші орындарды иеленді.

– Мен ұлымды мақтан тұтамын, өйткені ол өз еліне алтын сыйлады, оны біз көп жылдар бойы күттік, – дейді балуанның анасы Гүлмира Ахметкәрімова.Чемпионның әжесі де жаттықтырушыларға алғысын білдірді.

Жерлесіміздің жетістігі – бүкіл құрама команданың мүшелеріне үлкен үлгі-өнеге. Ендігі мақсат – екі жылдан кейін өтетін жазғы Олимпиада ойындарында жүлде алу. Дарын алдағы уақытта бар күшін салып, аталған дүбірлі жарысқа дайындалмақ.

Ержан Кеңесұлы

 

Осы айдарда

Back to top button