Адвокат болу үшін не істеуім керек?
– Бұрын қылмыстық-атқару жүйесі саласында істегенмін, қазір зейнеттемін. Енді үйде отырмай, заңгер мамандығым бойынша өз саламда қызмет еткім келеді. Сұрағым – кімдер және қалай адвокат бола алады? Оған қандай талаптар қойылады, қандай құжаттар керек?
Самат Ерік,
Қ. Қайсенов кенті, Ұлан ауданы
Сауалға облыстық әділет департаменті халыққа құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Айжан Нұртазина жауап береді.
– Адвокат – жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған, міндетті түрде адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіби заң көмегін көрсететін ел азаматы.
Адвокат болу үшін бірінші кезекте ШҚО Адвокаттар алқасында бір жылдық тағылымдамадан өту қажет. Тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адам құжаттарды қоса бере отырып, тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішпен адвокаттар алқасының төралқасына жүгінуге тиіс.
Қажет құжаттар – жеке куәліктің көшірмесі, қосымшасы бар дипломның көшірмесі, еңбек кітапшасының көшірмесі, жеке парақ, 2 дана 3х4 фотосурет, наркологиялық және психоневрологиялық анықтамалар, соттылығының бар не жоқ екені туралы анықтама, мекенжай анықтамасы, кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парақ, төлем (айына 10 айлық есептік көрсеткіш).
Оң нәтиже болған жағдайда үміткерлер әділет департаментінің аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өтеді.
Аттестаттаудан өту үшін қажет құжаттар – белгіленген формадағы аттестаттауға жіберу туралы өтініш және белгіленген формадағы адвокаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттаудан өту үшін мәліметтер нысаны.
Аттестаттауды сәтті тапсырғаннан кейін адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер лицензиарға, яғни лицензия алу үшін әділет министрлігіне жүгінуі тиіс.
Әзірлеген – Ержан Әбіш