Мәдениет

\”Адасқан ұл\” ауданды аралап шықты

"Адасқан ұл" ауданды аралап шықты


Зайсан халық театрының атақ-даңқы алысқа кеткен. Өнерпаздар жыл сайын жаңа қойылымдарды сахнаға шығарып, ауылдарды аралап, көпшілік талқысына ұсынады. Жақында талантты режиссер, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, 40 жылға таяу өнер саласының ыстық-суығына бірдей төзіп жүрген Мұрат Далабаев Мұхтар Шахановтың поэзия желісі бойынша жасалған «Адасқан ұл» спектаклін сахнаға шығарып, ауданның бүкіл тұрғындарына ұсынды.

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде «Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу үшін ең алдымен оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек» – деп атап көрсетті. Қазіргі кезде біздің қоғамымызда ішімдік пен нашақорлыққа әуестену кейбір жастар арасында белең алып келеді. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға байланысты жас ұрпақты отансүйгіштікке, өз елінің патриоты болуға тәрбиелеуді насихаттау бүгінгі күні мәдениет қызметкерлерінің басты міндеті болуға тиіс.

Қойылымда Дархан атты азаматтың өз ортасынан, достарынан бөлініп, саяқ кетуі, ішімдікке, нашақорлыққа әуестенуі, теріс діни ағымға еліктеуі баяндалады. Ұлының осы жағдайын сезген анасы баласы үшін жан аямай күреседі. Оқиға одан әрі анасының «Саулық хан мен Сырқат хан» атты аңыз әңгімесімен өрбиді. Өмірді түсінген Дархан ішімдіктен, есірткіден бас тартады. Бір-бір мамандық алып, оқу бітіріп келген достарымен табысады. Өзінің қателігін мойындап, кешірім сұрайды. Кейіпкердің анасының рөлін Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Зайсан халық театрының режиссері Алмагүл Сүлейменова, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Анар Домбаева ойнайды. Дарханның образын өнер академиясының түлегі, актер Мирхат Тұрғанбаев сомдаған. Мектеп директоры және ақылды Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші, актер Мұратхан Домбаев, ұстаз және Талапты мәдениет үйінің қобызшысы, әнші, актриса Бикен Нұрғазықызы, Саулық ханды актер Жексен Тоқтасынов, Енжарды әнші, актер Жасұлан Көкөзов, спортшыны Жолшыбайхан Дуанханов сахнаға сәтті шығарған. Айзат Нүкешов, Ақылбек Солтанов, Талғат Мамырбаев, Зарина Құсбекова, Балғынбек Өмірханов орындаған рольдер де нанымды, есте қаларлықтай болып шыққан.

Қойылым соңы әсем ән мен мың бұралған биге ұласты. Анар Домбаева, Мұратхан Домбаевтың «Қуанамын», «Ойлан балам», А.Солтанов пен Б.Нұрғазықызының орындауындағы «Ертістің жағасында» әндері, Т.Мамырбаевтың, М.Тұрғанбаевтың, А.Хамитқызының, Ж.Көкөзовтың, А.Нүкешовтың орындауларындағы «Үйлену» атты скетч, Р.Саханов пен А.Хамитқызының орындауындағы «Қызғанамын», Ж.Кисина мен Ш.Мамырбекұлының орындауындағы «Бағым сен», Ж.Дуанхановтың орындауындағы «Кездесейік», Е.Бақытбекқызы мен А.Хамитқызының орындауындағы «Бақытты бол» әндері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Концертті «Жаным қазақ» және «Мәңгілік ел» әнімен Р.Саханов, Ш.Мамырбекұлы, А.Хамитқызы, және Е.Бақытбекқызы қорытындылады.

Өнер ұжымы аудандық білім, мәдениет және спорт бөлімдерінің бекіткен кестесі бойынша өңірдің барлық елді мекендерінде, Зайсан қаласының барлық мектептерінде, Зайсан техникалық колледжінде жаңа спектакльді көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button