АДАМЗАТТЫҢ АЛАМОЙЫН АЛЫБЫ
Қытаймен шекаралас орналасқан шежірелі Зайсан өңірінен шыққан айтулы балуандар жайында ел аузында аңызға айналған әңгімелер өте көп. Солардың бірі – он екі Абақ Керейдің Жәнтекей руынан шыққан Бұланбай балуан.
Ертеректе орта жүзге даңқы шыққан Байсары деген дәулетті бай аталарына ас бермек болып, бір жарым жыл бұрын арнаулы шабарман жіберіп, сауын айтқызып: «Бұл аста аузымен құс тістеген жүйріктердің аламан бәйгесі, бура сан, бұқа мойын, алып күш иелері – балуандар күресі, сонымен қатар сұлу әйелдердің де ажарлысы сайысқа түсетін болады!» деп хабар таратқан көрінеді.
Асқа арнайы шақырту алғандардың алдыңғы қатарында керейдің иесі Жәнібек батыр да болса керек. Жәнібек батыр Керейдің ел адамдарына хабарды жеткізіп, тойға барудан екі ай бұрын балуандыққа түсетін жігіт, бәйгеге қосылатын ат, сұлулар сайысына түсетін қыз-келіншектерді арнайы алдыртып, өзара бір салыстырып көріп, осыдан озғандарын асқа апаруға бәтуаласыпты.
Батырдың назарын аударған бозбала
Ел ішінде атағы шыққан, ас-тойларда белдесіп, бақ сынап жүрген жігіттерді жинап алып, оларды сынау үшін Жанекең піскен етті туратып, төрт-бес жігітке астауға салдырып, айнала отырған жігіттерге өзі қос қолдап асатып шығып, балуандыққа 18 жастағы Бұланбай деген бозбаланы таңдапты.
Мұны көрген билер: – Оу, батыр! Мұныңыз қалай, өзі өрімдей жас бала екен. Тым болмаса күрестіріп шама-шарқын көрмей қалай таңдадыңыз? – деп сұрапты.
Сонда Жәнібек: – Етті асата бергенімде «Оуп» деп ішке тартқан демі қолымды аузына тартып әкетті. Сонда, мұнда болмаған күш қайда болмақ? – деген екен.
Отырғандар: – Балам, бұдан бұрын балуандыққа түсіп көріп пе едің? – деп сұрайды.
Сонда Бұланбай: – Осы уаққа дейін ешкіммен бел ұстасып балуандыққа түсіп көрмеп едім. Бірақ көктемгі тобылғыдан бір шеңгелді жұлып алып, сығымдай қысқанымда суын тамшылатушы едім, – деген екен.
Мұны естіген жұрт Жанекеңнің таңдауының дұрыстығын көріп, айтулы асқа Бұланбайды апаруға келісіпті.
Айға жуық созылған астың соңында, ел тағатсыздана күткен балуандар сайысына да кезек келеді. Балуандарды белдесуге түсірместен бұрын, жиналған елді басып кетуінен қауіптеніп, арнайы дайындаған сырықтан керегесі, сырғауылдан уығы бар он екі қанат киіз үй ағашын майданға тіктіріп, астына кілем төсеп, балуандарды осының ішіне күрестіруді ұйғарған екен. Күрес майданына ел жиналып, айқас басталардың алдында Ақ балуан деген әйгілі бір дәу жұртқа өзінің күшін көрсетіп, құнан атанды лақша көтеріп, басынан асыра шыр айналдырады. Мұны көрген жұрт өз көздеріне сенер-сенбесін білмей, сілтідей тынып қалса керек. Кілем төселген үйдің ішінде шарт жүгініп қарсыласын тосады. Ал «Керейдің балуаны шықсын!» деп көтерілген айғай ішінде бала жігіт Бұланбай майданға бара бергенде, оны көзіне ілмеген Ақ балуан атып тұрып, бозбала қарсыласын жұтып жіберердей жұлқына кеп айқаса кетіпті. Екі балуан олай қағысып, бұлай қағысып, алып қолдар бірде шеңгелдесіп бүркіттей бүрсе, енді бірде қаршығадай қағысып, бірін-бірі белдесуге жақындаттырмапты. Осылайша біраз жүргеннен кейін Ақ балуан арысқа түскен алымдылығын көрсетіп, қапысын тауып қарсыласын көк желкеден ұрып жіберген екен. Мұндай оқыс қимылды күтпеген Бұланбай тұрған жерінен төрт-бес адым жерге дейін дедектеп барып, бойын әзер түзеп алады.
Мұны көріп отырған Жәнібек осы сәтте:
«Бұланбай!» деп айғайлап жіберіпті. Сонда Жанекеңнің айғайына арқаланған бала балуан қарсыласына қабыландай атылып, шартта-шұрт айқаса кетіп, арқырап тұрған Ақ балуанды төбесінен асыра тік көтеріп әкетіп, айналдырып-айналдырып әкеп жерге бірақ ұрыпты. Ақ балуанның алып денесі жерге қатты ұрылғандықтан ортан жілігі үзіліп кеткен екен.
Сол жерде Жәнібек батыр Бұланбайға батасын беріп:
– Мұны өз тұсында жығатын пенде болмас. «Адамның аламойын алыбы» деген осы! – депті.
Ас тарқап, бұлар елге қайтып келе жатқанда қонған жерлерінде бірнеше аты жоғалып кетіп, ішінде Бұланбай бар үш адам іздеп шығады. Жолай бір ауылдан сусын ішпек болып бұрылса, ауыл шетіне жиналып тұрған бір топ адамды көріпті. Бұрылып барса, бір жас әйел ботадай боздап жылап тұр екен. Амандықтан соң жөнін сұраса, бір байдың жаңа түскен келіні екен. Үйінен жүк артып келген атаны құдыққа түсіп кетіпті. «Жиналған жұрт шығара алмаған соң әлгі әйел соған жылап тұр» деп бір қария жөнін айтыпты.
Мұны естіген Бұланбай аттан түсіп, құдыққа барып, түйенің екі өркешінен ұстап құдықтың ішінен бір жоғары, бір төмен түсіріп, толқытып-толқытып тұрып, «Ауп!» деп көтеріп, атанды құдықтың сыртына шығарып тастай бергенде аяғындағы көк сауыр кебісі шажамайдан қақ айырылып кетіпті. Оны көріп тұрған келіншек кебісті қолына алып, Бұланбайды отауына ертіп апарып жібермей бір күн күтіп, жоғалған көліктерін тапқызып, тігіншілерге күні-түнімен өз кебісіндей кебіс тіктіріп, иығына шапан жауып аттандырып салған екен.
Қытайдың патшасынан қолхат алған
Бірде орта жүздің ру басылары (Кереку болса керек) Көкиірім съезіне сауын айтады. Оған қатысуға ерте бастан жүйрік аттар, балуандар мен қамшыгерлер іріктеліп дайынық басталады. Осы жиынға Самыраттан шыққан Бұланбайды бас балуан етіп апарады. Балуанды мінгізген арқалы ат Көкпекті деген жерге келгенде жүре алмай қалған соң, ары қарай түйеге мінгізіп жеткізеді. Осында Арқадан шыққан атақты түйе балуанды ноқталай, екі жағынан екі атпен шылбырлай, күресетін жерге әкелгенде балуандарын сайлап әкелген ру басылары жүрексініп, шегіншектей беріпті.
Осы сәтте Бұланбай балуан «Мен шығамын!» деп шешіне бастайды. Екі балуанды ортаға шығарып қоя берген кезде Бұлекең көз ілеспес шапшаңдықпен атылып барып түйе балуанды қапсыра құшақтап, шалқалай бере иығынан асыра алып ұрады.
Сол жиында Бұланбай теңдесі жоқ түйе балуан атанып, бас бәйгеге атан түйе, 15 арғымақ, 50 ұсақ мал алады. Содан дүркіреп атағы шығып, барған жерінде күреспей-ақ бас бәйгені алып жүрген кездері де болған деседі.
Бірде аяқ астынан жанжал шығып, Бұланбай 5-6 қытайды дойырлап өлтіреді. Іс насырға шауып, қытайлар Керей елін шаппақшы болады.
Бұланбай қытай басшыларына өзі барып:
– Халықтың кінәсі жоқ, қылмыскер менмін, жазаға мені тартыңдар, – дейді.
Бұлекең қытай заңымен жауапқа тартылып, сот: «Жазасын өмір бойы түрмеде отырып өтесін» деген үкім шығарады.
Бежін қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жүрген Бұланбайға түрме бастығының назары ауады. Оған басты себеп болған нәрсе Бұланбайдың арқасында жылқынікі сияқты жал бар екен. Алып денелі азаматты өзіне шақырып ап әңгімелесіп, барлық жағдайға қаныққан түрме бастығы Бұланбайға Қытай патшасы жыл сайын жаңа жыл қарсаңында өз әулетін ертіп, сауық-сайран құратынын, патша сарайының алдында шөккен түйедей үлкен тас бар екенін, белгісіз бір себептермен сол тас орнына қойылмай қалғанын, кімде-кім сол тасты орнынан көтеріп, әу баста арналған тұғырға қойса, әлгі адамның қандай тілегі болса да орындайтынын айтады. Бірақ ол тасты осы уақытқа дейін бірде-бір адам орнынан қозғалта алмаған көрінеді. Жаңа жылға дейін әлі екі ай уақыт бар.
Бұланбай түрме бастығынан «Күн сайын бір қойдың етін беріп отыруын, сондай-ақ екі атан түйенің мойын, төс терісін тауып беріп көмектессе, сол тасты көтеріп көрсем» деген ниетін білдіреді.
Түрме бастығы Бұланбайдың бұл өтінішін қабыл алып, айтқанын істепті. Сонымен межелі күн де келіп жетеді. Түйенің терісін төрт елідей қылып тіліп, екі білегін, тізесін, кеудесі мен беліне бірнеше қабат етіп орап, күш-қуаты орнына келген Бұлекең тасты қапсыра құшақтап «Ауп!» деп бір қозғағанда, не заманнан бері жата-жата жерге батып кеткен тас орнынан қозғалып, сәл де болса босапты. Екінші рет кеудесіне тірей көтеріп «Иә, аруақ!» деп жерден жұлып алып 20-25 қадамдай аттап барып тұғырына қойған екен. Сол жерде жиналған әлденеше мыңдаған жұртшылық алып күш иесіне ерекше құрмет көрсетеді. Патша балуанға мол сыйлық беріп, бас бостандығын және «Бұдан былай балуанға ешкім тиіспесін» деген мөр соғылған құжатты қоса тапсырады. Бұлекең сыйлықты түрме бастығына беріп, өзі туған жеріне оралыпты.
Құнанбай арнайы келіп дұға қылған
Бұланбайдың туған, өлген жылын әркім әртүрлі айтып жүр. Менің жүргізген зерттеу-дерегіме сүйенсек, шамамен XVIII ғасырда қайтыс болған болуы керек. Зираты Сарытерек ауылының солтүстік шығысынды. Бұланбайдың зиратының жанынан көш өткенде Керейдің әйелдері көліктерінен түсіп, жаяу жүретін, ауылдың иесі көштерін еру етіп, мал сойып қатым шығаратын. Кезінде аға сұлтан болған Құнанбай Абақ Керейге келгенде арнайы барып Бұланбайдың басына құран оқытқан. Ресей мемлекетінің атынан жүрген үлкен мәнсап иесі, әр ісіне, сөзіне мұқият қарайтын, алғыр да өткір, терең ойлы, өз заманының көрнекті қайраткері Құнанбай жай ғана елеусіз қазақтың қабіріне әдейілеп бармайтыны белгілі. Меккеге барғанда қажылық сапарға барғандар үшін қонақүй (тәкие) салдырған әйгілі Құнанбай тәу еткен Бұланбайдың ерекше кесек тұлға, ұмытылмас ардақты адам болғанын осы жайдың өзі-ақ айқын аңғартады. Алты Алашқа әйгілі болмаса, жай қазаққа Құнекең арнайы ат басын бұра бермейтініне дау болмаса керек.
Қазіргі кезде Зайсан өңірінде Бұланбайдың өз кіндігінен тараған шөбере, шөпшектері бар. Бұланбайда Бапы, Сапы, Тоты деген үш ұл болыпты. Сапыдан Әлдібай, Самархан туады. Әлдібайдың ұрпақтары Қытай жерінде. Ал Самарханнан тараған Сіләмғали Самарханов (қайтыс болған), Әукеш Көбікенов Көгедайда тұрады. Әнуарбек Сүлейменов те қайтыс болған. Сапыдан үш ұл болған – Тоқбол, Бекбол, Мақпал. Бекболдан Санқожа, Мұқай. Санқожадан туған Қалыш марқұмның балалары Қараталда тұрады. Қалған ұрпақтары тағдырдың айдауымен қытай жерінде тұрақтап қалған көрінеді.
Зайсан өңірінде ерекше дамыған спорттың бірегей түрі – күрес. Бұл сөзімізді осы өңірден шығып, боз кілемнің үстінде боран соқтыра жүріп қазақ елінің абыройын асқақтата білген атақты Жанәділ Атаев, Бақытбек Құманбеков, ағайынды Нұрмұханбет, Құлмұханбет, Досмұханбет Хасеновтар, Сләмбек Қасенов, Дәукен Хамитов, Сейітқали Шалбарбаев, Ақылбай Елеуов сынды және т.б. аттары аталмай қалған даңқты балуандардың ұзақ сонар тізімі дәлелдеп, бекіте түседі.
Менің ойымша зайсандық азаматтардың күреске деген ерекше құштарлықтарының себебі де, тамыры да тереңде жатқан секілді. Олай дейтінім, заманында ұлан-асыр ас пен тойларда жауырыны жер иіскемей, халықтың қошеметі мен құрметіне ие болған алып күш иелері Ақатай, Байғазы, Байғали, Барат, Салжан, Бұланбай, Бекмұхамбет, Буратай, Бұқат, тағы да басқа балуандардың барлығы да қасиетті Зайсан топырағында дүниеге келіп, осы өңірде өмір сүрген жандар болатын. Сүйектері де осы атажұрттарының төрінен дамыл алған. Аты аталған балуан бабаларымыз қазіргі ел мақтанышына айнала білген балуандарымыздың біреуінің атасы, енді бірінің нағашысы, аталас, рулас, ауылдас болса да, әйтеуір бір туыстықтары бар екендігі айтпаса да, түсінікті.
Қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген. Сондықтан «балуан бабаларының бойындағы балуандық қасиет ұрпағының бойына дарымайды» деп кім айта алады?
Сөз соңында айтайын дегенім, өз заманының мақтанышы мен айбарына айнала білген балуан бабаларымыздың есімдерін ел ішіне кеңінен насихаттап, аудан орталығынан аттарына көше беріп, ескерткіш-бюстерін орнатсақ.
Облыс көлемінде өткізілетін жарыстарда сол бабаларымыздың атына арнайы жарыстар ұйымдастырылып, жүлде тағайындалып жатса, жеті қат жердің астында жатқан бабалар аруағы да ұрпағына разы боп, желеп-жебеп жатар еді…
Қалибек Алтыбаев,
ардагер журналист
Зайсан ауданы.