Оқиғалар

Адам өмірі ойыншық па?

Адам өмірі ойыншық па?


Соңғы жылдары өңірде адам өлімі көбейіп кетті. Онда да жазмыш жазған өз ажалынан, жол апатынан, өз-өзіне қол салудан бақилық болса бір сәрі, өкінішке қарай, қанды қол қылмыскерлердің қасақана жасаған қылмысынан қаза тапқандар саны артып тұр. Бүгінде адамдар өзгенің өмірін еш шімірікпестен қиып жатыр. Араларында өзінің туған бауырлары мен бауыр еті баласына қол салғандар да бар. Адам өлтіруге әкеліп соққан ауыр және аса ауыр қылмыстар сериясы бұдан кейін де жалғаса берсе не болмақ? Бұл бәрімізді ойлантарлық, өте өзекті мәселе болып тұр бүгінде.

Зорлық-зомбылықтың құрбаны болды

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы судьялар барлығы 155 тұлғаға қатысты 123 қылмыстық істі қараған екен. Қаралған қылмыстық істердің талдауына келсек, айыпталған 147 азаматтың 95 пайызы аса ауыр және ауыр қылмыстар жасағандары үшін сотталған. Яғни, осыншама жанның өмірі уақытынан ерте қиылды деген сөз.

Сонымен қатар қаралған осы 123 қылмыстық істің ішінде айыпталған 88 адам қылмысты мас күйінде, ал 55 фактіде қылмысты бұрын сотталғандар жасағаны анықталған. Енді солардың қоғамда резонанс тудырған бірнешеуіне тоқталайық.

Мәселен, 2019 жылдың 31 қаңтарында ашық сот отырысында сот процесінің қатысушылары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бердіғали Кәсенов Семей қаласының 44 жасар тұрғынына қатысты үкім шығарды. Кісі өлімі – қылмыстық іс фактісі бойынша шығарылған сот актісі жөнінде оларға нақты және дәлелді мәліметтер берілді.

Бердіғали Әділханұлының айтуынша, Восточный кентіндегі үйлердің бірінде тұратын еркек пен әйелдің арасындағы келіспеушілік өткен жылдың 5 қарашасында сағат түскі екіден кейін таныстарымен бірге бас қосып, спирттік ішімдік ішуден басталған. Сол күні араларындағы сөзге келіспеушілік таныстарының көзінше ер адамның әйелге жеңіл дене жарақатын түсіруімен аяқталған.

Келесі күні таңертең сағат 8:40 мөлшерінде үйлеріне оралған соң араларындағы кешегі қақтығыс қайта жалғасын табалы. О. атты азаматта әйелге қарсы құқықтық әрекет жасау жөнінде қасақана ой туындайды. Ол жәбірленуші әйелдің қолындағы балғаны жұлып алып, оған дене жарақаттарын түсіреді. Ол аздай, бұдан соң екі қолымен қылқындырады.

Сараптама қорытындысы бойынша қылқындыру 3-5 минутқа жалғасқан. Кісі өлімінің себебі – мойнындағы механикалық асфиксия. Сотталушы жансыз денеге табиғи жолмен дем салу жасап, алғашқы медициналық көмек көрсетпекке әрекеттенеді, бірақ бәрі кеш еді.

– Ашық сот отырысында бұрын жұмыс істемеген айыпталушы О. есімді азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99 бабының 1 бөлігімен қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, биылғы 31 қаңтарда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен оған 10 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруға, жазасын төтенше қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге және ішімдіктен мәжбүрлеп емдеу жөнінде жаза тағайындалды, – дейді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бердіғали Кәсенов.

Әйелдер де қалысар емес

Еркектерден әйелдер де қалысар емес. Өзгенің жанын қиған нәзік жандар да жазаға тартылып, түрмеге тоғытылып жатыр қазіргі уақытта.
2018 жылдың 8 қазанында сағат түнгі 22 мөлшерінде Аягөз ауданында К. атты азаматты өлтіру фактісі тіркелді. Бұл қылмысты айыпталушы 41 жастағы А. есімді әйел мас күйінде жасаған. Сот талқылауы барысында сотталушы А. жәбірленген К-ға пышақ қолдану арқылы он алты рет жарақат келтіргені, оның алтауы өтпелі, тесіп-кесілген жарақат болғаны белгілі болды. Олар да тағы сол ішімдік ішу кезінде өзара сөзге келіспей қалған.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыстық істі қарастырып, А. есімді азаматшаға қатысты оның жауапкершілігін ауырлататын мән-жайды – мас күйінде кісі өлтіруді, сондай-ақ жеңілдетуші мән-жайды – К. атты жәбірленушінің моральдық құқыққа қарсы мінез-құлқын, айыпталушының кінәсін мойындауын және жасаған қылмысы үшін өкінгенін анықтады.

Сот А. атты азаматшаны кісі өлтіруде кінәлі деп тауып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, жазасын орта қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өтеуге үкім шығарды. Сонымен бірге талапкердің азаматтық талап қою туралы арызы жартылай қанағаттандырылып, ол 1 млн. 500 мың теңгені құрады.
Ал Шемонайха ауданының тұрғыны болған жас ананың «күйеуімнің туыстарына ерегестім» деп өзінің үш бірдей туған баласын өлімге өз қолымен қиғанын, артынан өзі де асылып қалғанын газетіміздің 2016 жылғы санында жазғанбыз.

Қоғамдық жерде де кісі өлтірді

Аталған ауыр қылмыс былтыр Глубокое ауданында орын алды. 2018 жылдың 25 тамызында 32 жастағы З. атты азамат шахтерлер күнін Глубокое ауданының Белоусовка кентіндегі стадионда мерекелеп болған соң, таныстарымен «Горняк» дәмханасына жөнеледі. Өз достары арасында ол спирттік ішімдікті ішуді ары қарай жалғастырады.

Ал 2018 жылдың 26 тамызында сағат таңғы төрт мөлшерінде «Горняк» дәмханасына В. есімді азамат өз автокөлігімен жетіп, ол да спирттік ішімдік ішуге кіріседі. Арада 50 минут өткен соң ер адамдар далаға шығып, сол арада ерегесіп қалады. Оның себебі З. атты азамат оның автокөлігіне шынтағын тіреп тұрғанын жақтыртпаған. Сот материалдарында айтылғандай, дәл осы сәтте З. 34 жастағы В-ны өлтіру туралы бұзақылық ойға салынады.

Сол ниетінен таймастан, дәмхана алдында тұрған демалушы адамдарға да мән бермей, өз ойын іске асыруға кіріседі. Оның бұзақылық әрекеттеріне кедергі жасаған О. есімді куәгер де З-ны тоқтатпаққа әрекет жасайды. Қоғамдық жердегі тәртіпті бұзып, трикосының қалтасынан пышақ алып шыққан З. бұзақылық ниетпен айналадағы адамдардың көз алдында пышақты төрт рет В. атты азаматтың кеудесіне сұғып, артынша қылмыс орнынан ізін суытады. В. болса, алған жарақаттар салдарынан сол жерде көз жұмады.

2018 жылдың 24 желтоқсанында облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Белоусовка кентінің тұрғыны З. атты азаматты бұзақылық ниетпен кісі өлтіруде кінәлі деп таныды және 17 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, жазасын төтенше қауіпсіздіктегі мекемеде өтеуге үкім шығарды.

Тағы да сол Глубокое ауданында бұрын кісі өлтіріп, сотты болып түрмеден шыққан Н. деген азамат өзінің туған екі бауырына шімірікпестен қол салған. Ол 2018 жылы 5 қазанға қараған түнде Глубокое кентінде бауырларымен бірге ішімдік ішіп отырып, ішкіліктің кесірінен сөзге келіспей қалады да, қасақана өлтіру мақсатымен олардың әрқайсысының өмірлік маңызды ағзаларының тұсына төрт мәрте пышақ ұрады. Тағы бірінің үстіне еріткіш құйып, оны сіріңкемен өртейді. Бауырларын жалын жалмаған үйде қалдырып, қылмыс орнынан бой тасалайды. Бұл қылмысын ол мас күйінде жасаған.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Глубокое кентінің тұрғыны Н. қауіпті рецедив ретінде танылып, жасаған қылмысы үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол жазасын төтенше қауіпсіздіктегі қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтейді және оған ішімдіктен мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.

Сонымен қатар сот Глубокое ауданы әкімінің және облыстық полиция департаменті бастығының атына да жеке қаулы шығарды. Себебі сотталушы Н. жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған ауыр дене жарақатын түсіргені үшін 2014 жылы сотты болып, 2018 жылғы 2 тамызда түрмеден босап шыққан. Алайда дұрыс жолға түспеген, жұмысқа орналаспаған, өзімен-өзі жүріп ішімдікке салынған. Учаскелік инспекторлар бұрын сотталған онымен тиісті деңгейде алдын алу жұмыстарын жүргізбеген. Нәтижесінде сотталушы түрмеден шыққанына ай өтпей жатып, жоғарыда баяндалған аса ауыр қылмысты жасаған.

P.S. Бұл айтылғандар соңғы жылдарда облыс аумағында жасалған, салдарынан кісі өлімі орын алған қылмыстардың бір бөлігі ғана. Облыс жұртшылығы Өскеменнің іргесіндегі Шешек асуында қандықол қылмыскерлердің қолынан мерт болған ағайынды жігіттердің, Көкпектіде ешкімге зиянын тигізбей өз кәсібін жүргізіп отырған әке мен баланың қарақшылар қолынан қаза тапқанын, олардың отбасы да түгел қырыла жаздағанын әлі ұмыта қойған жоқ. Жақында ғана газетімізде кісі тасып, күнделікті нәпақасын тауып жүрген өңірдегі бірқатар такси жүргізушілерінің қылмыскерлер қолынан қалай аяусыз қаза тапқаны туралы жазылды. Адамдар мардымсыз дүниеге, болмашы ерегеске бола бірін-бірі аяусыз өлтіріп жатыр. Жаның түршігеді. Сонда адам өмірі ойыншыққа айналып кеткен бе?

Осы айдарда

Back to top button