Білім

Адалдыққа баулудың айқын көрінісі

Адалдыққа баулудың айқын көрінісі


Мектепте сонау алпысыншы, жетпісінші жылдарда білім алған аға буын өкілдерінің есінде болар, үшінші класқа арналған «Ана тілі» оқулығында марқұм гуманист жазушы Мұқан Иманжановтың «Коммунизм мүйісі» атты шағын әңгімесі бар еді. Шағын болғанымен, сол әңгіменің кеңес дәуірінде құлаққа сіңген: «Жақында коммунизмге жетеміз, ол кезде ешқандай бақылаушы, сатушы деген болмайды, әркім қалағанын дүкеннен өзі таңдап ала береді» деген насихаттың бір үлгісін баяндап, балғын көңілдерде «бізде де сондай болса ғой, шіркін» деген арманның бас көтергені рас-тын. Ал бұдан хабары жоқ жандар үшін осы әңгіменің мазмұнын қысқаша баяндап өтейін.

Бір мектепте адалдыққа, саналылыққа сын болатындай тәжірибе жасалады. Оқушыларға қажетті алуан кітаптар мен оқу құралдары сатылатын бұрыш ашылып, бағалары жазылып қойылады, бірақ ол арада әдеттегідей сатушы немесе бақылаушы болмайды. Балалар өздерінің қалағандарын алып, тиісті ақшасын сол жердегі қорапшаға салып кетуге тиіс. Межелі уақыт өтіп, түскен ақшаны санаған кезде бір кітаптың ақшасы жетпей қалады. Бұл әрине, көпшіліктің реніші мен қобалжуын туғызады. Көп ұзамай әлгі оқушы белгілі болады, сөйтсе, ол өзі қызыққан кітапты арамдықпен емес, таусылып қалатын болғандықтан, амалсыздан алып кеткен екен. Ақшасын ертеңінде ала келіп, тиісті жерге өткізген әлгі оқушы ұстаздарынан шын көңілімен кешірім сұрайды. Қалай десек те, кезінде бұл әңгіменің тәрбиелік мәні өте зор болғанына ешкім дау айта қоймас.

Міне, осы жай Қойтас негізгі мектебінде де орын алып, ұстаздар мен ата-аналардың шынайы ризашылығын тудырып отыр. Мектеп аспазы Айтжамал Ұябаева асханаға қажетті баннерлерді сатып алу үшін, төмендегідей қызықты тәжірибеге тәуекел еткен екен.

-Бұл ойымды мектеп директоры Мұрат Қабдығалиевқа айтып, ол кісінің рұқсатын алдым, – деп пікір бөліседі Айтжамал Темірбекқызы. – Содан кейін көп етіп дәмді тоқаштар пісірдім. Оны дәліздегі үстелге қойып, жанына бағасы жазылған тақтайша мен артығын қайтарып алатындай етіп, ұсақ ақша салынған қорапты орналастырдым. Үзіліске шыққан бастауыш сыныптың оқушылары мәре-сәре болып, аналары берген ақшаларына тоқаш сатып алып жеп жатты. Оларды қадағалап, тексерген ешкім болған жоқ.

Соңынан әдейілеп санаған кезде, түскен ақшаның бір тиыны да кем болмапты. Мұның өзі естіген жанды риза етіп, сонымен бірге орынды мақтанышқа да себепкер болып отыр. Ұстаздар бастауыш сыныптағы кішкентай бүлдіршіндердің адалдығына тәнті болса, ата-аналар өздерінің саналы ұрпақ өсіріп отырғандарын сезініп, қуанышқа бөленуде.

-Аталған баннерлерге әдейілеп қаржы бөлінбегендіктен, қажетті ақшаны табу үшін осындай тәсілге баруға мәжбүр болдық, – дейді А.Ұябаева. – Дегенмен, бұл шараның оқушылардың, сонымен бірге ата-аналардың да шынайы қызығушылығын тудырып отырғаны рас. Балаларға жастайдан үміт артып, сенім білдіретін болсақ, олардың да оны ақтауға күш салып, тырысатындарына көзіміз жетіп отыр. Мұның өзі жас буынды адалдыққа баулудың айқын да көрнекі үлгісі емес пе?!

Заманды нарық билеп тұрған, «қайтсең де ақша тап!» деген ұранның жетегімен адамгершілік ұғым тәрк етіліп, саудагерлік пиғыл алға озып тұрған бүгінгі кезеңдегі қойтастықтардың бастамасы көпке үлгі боларлықтай. Соған орай жұрт жүрегіндегі «осы тәрбиеден тәлім алған жас буын келешекте де адал жолмен жүріп, саналы қадамдар жасайтын болады» деген сенімнің көңіл төріндегі шырақты одан әрі жарқыратып тұрғаны да ақиқат.

Хасен Зәкәрия

Осы айдарда

Back to top button