Бәрекелді

Адал қызмет ақталды

Хасен Зәкәрия, Күршім

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын алға бастырып, кеңінен насихаттау мақсатында өткен жылдың тамыз айында «Bilim Orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» және «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» республикалық байқауын өткізген болатын. Бұл іс-шараға білім және ғылым саласындағы мамандар, медицина қызметкерлері, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері, бухгалтерлер мен спортшылар, заң саласының қызметкерлері, әскери және мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Ал аталған жобаның негізгі мақсаты – Тәуелсіздік жылдарында өз кәсібінің шебері болған және елдің дамуына үлес қосып, жастарға үлгі көрсеткен азаматтарды қоғамда танымал ету болатын. Осы байқаудың қорытындысы бойынша марапаттау рәсімі 21 желтоқсанда Астанада өтті. Байқау жеңімпаздарына «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» және «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» энциклопедиясы, төсбелгі, куәлік және Құрмет грамотасы табысталды. Осы үздіктердің арасында біздің жерлесіміз, Күршім ауданы бойынша Шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының офицері капитан Аслан Нұрсейітов «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Сөйтіп, шекара қызметінің жас офицері мемлекеттік шекараны қорғау және күзету бойынша жауапты да күрделі міндеттерді ойдағыдай орындап келе жатқанын айқын дәлелдеп, кейінгі  жас буынға ел мүддесіне адал қызмет етудің тамаша үлгісін көрсетті.

Нұрсейітов Аслан Жәнібекұлы 1985 жылдың 23 қазанында Күршім ауданының Аманат ауылында дүниеге келді. Осы ауылдағы мектептің бес сыныбын тәмамдаған соң ол аудан орталығындағы №3 Күршім орта мектебінің алтыншы сыныбына қабылданады. Міне, осы кезден бастап Аслан өзінің спортқа, оның ішінде қазақ күресі мен дзюдоға бейім екендігін байқатады. Ерінбей жаттығып, ауылдық, аудандық, кейіннен облыстық және республикалық сайыстарға атсалысып, неше мәрте жүлдегер атанады. 2003 жылы орта мектепті аяқтап, Күршім ауданы әкімінің «Спорт саласындағы жетістіктері үшін» медалімен марапатталады. Дзюдодан спорт шеберіне үміткер деген атақты иеленеді.

Сол жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің алғашқы әскери даярлық және денешынықтыру факультетіне оқуға түседі. Онда да спортпен айналысып, көптеген табысқа қол жеткізген А.Нұрсейітов Күршім ауданының командасы құрамында облыстық спартакиадаларға қатысады. Университет оқытушыларының алдында өзінің жауапкершілігімен, білімділігімен көзге түсіп, олар талапты шәкірттерінің ата-анасына алғыс жариялаған хат жолдайды.

Жоғары оқу орнын аяқтаған соң Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанған Аслан онда да үлгілі тәртібімен, салауатты өмір салтын берік ұстанған спортшы ретінде көзге түсіп, командирлері ата-анасына алғыс хат жолдайды. Әскердан оралған соң жас маман Өскемен қаласындағы №18 орта мектепке денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналасып, бұл жердегі еңбегі де жоғары бағаланады. Баулыған оқушылары шетінен жүлдегер атанады. 2010 жылы шаңырақ көтеріп, отбасы жағдайына байланысты Күршім ауылына қоныс аударады.

Елдің шетін күзету, туған халқына адал патриот болу Асланның бала кезден аңсап келген арманы болатын. Осы мақсатпен А.Нұрсейітов 2010 жылдың күзінде ҰҚК Шекара қызметінің Күршім ауылындағы №2535  әскери бөліміне келісімшарт негізінде қабылданады. Байланыс ротасындағы қызметтестері Асланды әр іске тиянақты, сабырлы да алғыр әріптес ретінде таниды. Бұл қызметінде де оның спортқа деген құмарлығы кеміген жоқ, бөлім ішіндегі спорт залында  үнемі ерінбей жаттығатын жауынгер басшылардың да көзіне түседі. Сөйтіп, шымыр азамат қоян-қолтық ұрыс түрі бойынша Алматы қаласында өткен өңіраралық сайысқа жіберіледі. Сенімді ақтап, Аслан бұл сыннан да жүлдегер болып оралады.

Келісімшарт қызметкері бола жүріп А.Нұрсейітов  өзінің кәсіби тұрғыда өсуіне де баса ден қояды. Сол мақсатпен ҰҚК Шекара академиясының бір жылдық курсына түсу үшін қызу дайындыққа кіріседі. Зейін салып, ерінбей жасаған даярлығы зая  кетпей, аталған академияның тыңдаушысы атанады. Ақырында курсты аяқтап, туған ауылына жолдамамен оралады.

Әскери  қызмет офицері ретіндегі қызметті байланыс ротасы командирінің техника жөніндегі орынбасары болып бастаған А.Нұрсейітов іскерлігі, жауапкершілігі,  жеке құраммен жүйелі жұмыс жүргізуі, қажет уақытта ұтымды шешім шығара алатын тапқырлығымен көзге түсіп, басшылықтың шешімімен коменданттық ротаның командирі қызметіне тағайындалады. Қызметтің барлық түрін шапшаң ұйымдастырып, тез атқаратын алғырлығы есепке алынып, Аслан көп ұзамай арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимыл тобының бастығы лауазымына жоғарылатылады. Осы топтың басшысы ретінде ол «Шығыс-2019», Халықаралық «Айбалта-2019», «Қалқан-2021» атты әскери күштер құрылымдары арасындағы оқу-жаттығу жиындарына қатысады. Осы жиындарда көрсеткен жоғары нәтижелері үшін оған ҰҚК төрағасының орынбасары  – Шекара қызметінің директоры ҚР мемлекеттік шекарасын күзету ісіндегі қол жеткізген оң нәтижелері, қызметтік міндеттерін орындағаны  және мінсіз тәртібі үшін алғыс жариялайды. «Қалқан-2021» жедел оқу-жаттығуын ұйымдастыру және өткізу барысында алға қойылған тапсырмаларды сапалы орындағаны, жіті ынта танытып, кәсіби шеберлік, бастамашылдық пен табандылық көрсеткені үшін марапатталады. 2022 жылы ҰҚК төрағасы  Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қызметтік іс-қимылда қол жеткізген оң нәтижелері, қызметтік міндеттерін адал орындағаны және мінсіз тәртібі үшін алғыс жариялайды.

Капитан А.Нұрпейісов III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», III дәрежелі «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны» медальдарының, II дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісінің иегері.

– Жетістігімізге тілектестік білдіріп, құттықтап жатқан ауылдас, ниеттес қауымға алғысым зор, – дейді Аслан қысыла жымиып, – еңбегімізді бағалап жатқан мемлекетімізге де ризалығымыз шексіз. Көпшілікті алдағы уақытта да табыс биігінен көрініп, үнемі жақсы нәтижелер көрсетуге күш саламыз деп сендіргім келеді. Біз Астанаға үш жігіт барған болатынбыз. Менің күнделікті қызметте қатар жүрген әріптестерім, достарым, «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атағын иеленген тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімнің аға офицері капитан Нұрдәулет Анапияев пен «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» номинациясы бойынша марапатталған арнаулы мақсаттағы іс-қимылдар тобының аға барлаушысы кіші сержант Қайырхан Алдырбаев та бөлімдегі үздік қызметкерлер. Олардың табысына да ортақпын әрі шын жүректен қуаныштымын!

Біз жас та болса алғырлығымен, тиянақты беделімен абырой биігінен көрініп, Отанның нағыз қорғаушысы ретінде танылып келе жатқан орнықты да өрелі офицердің тынымсыз әрі жауапты қызметіне сәттілік пен толағай табыстар тіледік.

Осы айдарда

Back to top button