Мәдениет

Абыз ақсақал

Абыз ақсақал


Кемеңгерлік танытар кемел жасқа келген көнекөз, тұла бойы тұнған шежіре, қазына қарт, өңіріміздің абыз ақсақалы Абрар Әкетайұлы Құл-Мұхаммед – әулетінің керуенін болашаққа тартып бара жатқан қара нардай киелі жан. Табиғаты Тарбағатайдың шыңдарындай асқақ, кеудесі айдынды Алакөлдей кең ардақты әкені, әулеттің, ауыл аймақтың алтын діңгегіне айналған асыл ағамызды қалай дәріптесек те жарасымды деп ойлаймын.

Шыр етіп дүние есігін ашқан сәбиге қойылар есімнің де болашақ ғұмырында маңызы бар дейді ғой сәуегейлер. Жалпы, Абрар деген есімнің өзі – араб тілінде асыл, дегдар деген мағынаға ие екен.

Өзіңді асылзада деп білермін,
Жалғаған әулеттегі бақ сапарын.
Кешегі ұрпағысың тектілердің,
Тоқсанға келген бүгін ақсақалым.

Абызға жүрген жанбыз біз де балай,
Сөзіңнен ұрпақ мынау – іздер арай.
Абрар әке, міне, тоқсан жаста,
Ал енді аяқ бассын жүзге қарай,-

деп шабытты сәтте өлеңнен өрнек құрасақ – ақсақалдың дегдар болмысына дәл берілген баға тәрізді. Бүгін ақын өлең арнаған абыз ақсақалымыз туралы айтуды азаматтық парыз дегеніміз дұрыс шығар. Қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ғой. Абрар Әкетайұлының өмір жолының өскелең ұрпақ үшін үлгі болар сәттері көп деген ойдамын.

Абрар ақсақал қалың қазаққа қоныс болған киелі мекен Шәуешек қаласында 1926 жылдың желтоқсан айында дүниеге келеді. Мектеп қабырғасында жүргенде орыс, қытай тілдерін жетік меңгеріп, гимназияны үздік бітіреді. Шығыс Түркістандағы Ұлт-азаттық қозғалысы тұсында 19 жасар Абрар Әкетайұлы «Ұлт – азаттық ұйымы» құрамына мүшелікке қабылданады. 1945 жылы Шығыс Түркістан армиясының қатарына өтіп, поручик шені беріледі. Бір жыл ішінде өте білімді, қайсар жас капитан шенін иеленіп, рота командирі, кейіннен батальон командирінің орынбасары қызметін атқарады. Аймақтық сақшы қызметі, кейіннен Шағантоғай, Толы, Дөрбілжін аудандарында басшылық қызметтерде болып, 1950 жылдардың соңында аймақтық Уәли мекемесі халық істерінің басшысы дәрежесіне дейін көтеріледі.

Атажұртқа деген сағыныш жетегінде 1961 жылы елге, Қазақстанға оралды. Абрар ақсақал орыстана бастаған шекаралық аймақтағы еліне қазақтың салт-дәстүрі, этнографиясы мен ауыз әдебиетінің мол қорын ала келеді. Атамекенге келгенде де қызметке орналасып, халқымызға ұшан-теңіз еңбегін арнады. Ұл-қыздарын туған елінің, халқының бақыты жолында қызмет ететін лайықты азамат етіп тәрбиелеу, білім беруді үнемі назарында ұстады. Қарапайым еңбек адамы болса да Мақаншы өңіріндегі мәдениет пен өнердің өркендеуіне үлес қосуы адамдық қасиеттің биік бір белесі десек, артық айтқандық болмас. Абрар ақсақалдың ұлы, қазақ руханиятының дамуына барынша үлес қосқан қоғам қайраткері, бүгінгі күні «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед «Асылзада» атты естелік еңбегінде былай деп еске алады: «Арғы бетте аудандық, облыстық деңгейде әжептәуір басшы қызметтер атқарған әкемнен: «Қарапайым жұмысты қоңылтақсыған жоқсыз ба?» – деп сұрағанымда, ол: «Балам, ұяттың ең үлкені – бала-шағаңды, отбасыңды асырай алмау. Сендерді жеткізу үшін мен кез келген жұмысты атқаруға әзір едім», – дейтін. Осылайша әкем отбасы, ұрпағының алдындағы парызын артығымен орындады. Жаңа жұмысы өзіне жайлы, бүкіл балалары үшін құтты, қайырлы болды». Осы түйіннен Абрар әкейдің еңбекқор, саналы, қарапайым болмысын аңғару қиын емес.

Көнекөз қариялар мен замандастарының айтуынша, ақсақал қазақ тілінің грамматикасына, арифметикаға өте жүйрік болған тәрізді. «Қазақ тарихы, әдебиеті мен өнері, салт-санасы, дәстүрі туралы әңгімелегенде кәнігі ғалымдардың өзі тамсанатын еді», – дейді көзкөргендер. Бұқар жыраудың: «Қол бастау қиын емес, шабатын жау табылады, ел бастау қиын емес, қонатын жер табылады. Бәрінен де шаршы топта сөз бастау қиын», – дегені бар ғой, алқалы жиында топты жарып сөз бастайтын, келелі мәселелердің жүйесін тауып, түйінін шешер ақылман болғандығына замандастары куә. Ақсақалдың әдебиетке деген құштарлығы, рухани әлемі аса бай болған. Әсіресе, қазақ халқының жауһарлары «Қыз Жібек», «Алпамыс», «Орқа-Күлше», «Сыршыл молда», Шаһмаран», «Атымтай жомарт», «Шеризат», «Шәкір-Шәкірат», «Иранғайып Шаһ Ғаббас», «Жәмшид» секілді сюжетке толы хикаялар мен батырлар, ғашықтар жырын, ертегі-аңыздарды көптеп білетіндігі жайлы: «Ақсақалдың зейіні мен зердесіне, ойды жеткізу шеберлігі мен шешендігіне таңғалатынбыз», – деп еске алады ағайын-туыс. «Қазанаттың ұрпағы тегіне тартпай тұра ма, азаматтың ұрпағы еліне тартпай тұра ма» деген қанатты сөз осы Абрар ақсақалға арналғандай.

Тарихта белгілі, Абрар ақсақалдың арғы тегі – адамзаттың данышпаны Мұхаммед пайғамбарымыз бен оның төрт халифы – Әбубәкір, Омар, Осман және Хазірет Әлиден тарайтын ұрпақтар. Бергісі – қазақ ішіне кең таралған Бақсайысқожа. Жалпы, Абрар әкейдің алтыншы атасынан арғы бабалары Қаратаудың етегін, Түркістанды мекендесе, бергі бабалары Шығыс Қазақстан облысының Аягөз, Үржар аудандары мен шекаралас ҚХР-дың Алтай, Тарбағатай өңірлерінде тамыр тартыпты. Бұл бабалар қазақ жерінде мүбарак дініміз исламның қанат жаюына үлкен еңбек сіңірді. Қазақ даласында жер дауы, жесір дауы, өзге де көптеген мәселелерге байланысты билер сотының болғандығы мәлім. Билер соты шешім шығарар сәтте ауылдас-руластарына бұра тартпай, қара қылды қақ жаратын төбе билер қажет болғаны шындық. Міне, осындай айтулы кезеңде шекараның қос қапталына да даңқы шыққан Құл-Мұхаммед бабамыздың есімі аталады. Көз көрген ақсақалдардың айтуынша, Кұл-Мұхаммед өте келбетті, қайратты, көркем мінезді адам болған деседі. Билер сотында қандай шешім шығарса да, бұра тартпай, шариғатқа негізделген ақиқатты айтады екен. Абрар әкеміздің де турашылдығы, биік бітім-болмысы мен адами қасиеттері осы бабасына тартқан деген ой туады. Ақсақалдың әкесі Әкетай – Құл-Мұхаммедтің төрт ұлының сүт кенжесі екен. Еңсегей бойлы, бірбеткей, турашыл, қайсар адам болыпты.

Абрар ақсақалдың дара қасиеттерінің бірі – қазақ халқының ән-жырына, күйлеріне деген ыстық ықыласы мен шексіз сүйіспеншілігі. Перзенттерінің айтуынша, ақсақал халық арасына кең таралған «Сарыөзен», «Телқоңыр», қазақтың айтулы күйшілері Байжігіт пен Бейсенбінің күйлерін нақышына келтіріп орындайтын. Қос тілді сырнайды да тарта білетін, музыкалық жады керемет жетілген өнерпаз да болыпты. Татар әндерін гармоньмен шебер орындайтын өзгеше өнерін жерлестері әлі күнге дейін айтады. Әкейдің шежіре шебері екендігі де білімділіктің бір көрінісі болса керек. Бұл жағынан Үржар-Мақаншы өңіріндегі айтулы шежірешілердің көшін бастап тұр десек, артық айтпағандығымыз. Шежіремен бірге тарихи оқиғаларды айтуы – ақсақалдың жадының беріктігі, тамыры тереңнен тартқан тектіліктің белгісі екендігі даусыз. Бөле-жара айтатын ерекше қасиетінің бірі – атқұмарлығы. Аудандық, облыстық аламандарда топ жарған сәйгүліктерді баптап, «атбегі» атымен де алыс-жақын ағайынға танымал болды. Әкейдің ат әбзелдері мен тұрмыстық заттар жасай білетін қолөнер шебері екендігін мақтанышпен айта аламыз. Тал-терек, бау-бақшаның да бағбаны болғандығы әлі күнге жұрт аузында. Абрар ақсақалдың Мақаншы ауылында өз қолымен мәуелетіп өсірген бағы алыстан көз тартып, осы күнге дейін жайқалып тұр.

Тоқсанның төріндегі Абрар әкенің адал қосағы, аяулы анамыз Гүлғасыл да дегдар әулеттің асыл келіні. Жанарынан мейірім мен нұр төгілген асыл ана әкеймен бірге жасасып келеді. Ғұмыр жастары ұзақ болсын! Анамыз туралы қазақтың біртуар перзенті Мұхтар Құл-Мұхаммед «Асылзада» еңбегінде былай деп жазады: «Анамыз осы сәулелі әулетке құтты келін болып, бес ұл, бес қызды сыйлады. Енесі Үміт әжемізді 90-ға келгенше туған анасындай күтті. Ешқашан үй шаруасына араластырмай, ас-суын уақытында қамдап, аяғының ұшымен жүріп қызмет көрсетті. Қазақ – анасын айрықша сыйлаған халық. Ең қасиетті құндылық Отанға анадай аяулы ұғымды қосып «Отан-Ана» дейміз, батыр бабалар қасық қаны қалғанша қорғаған киелі жерімізге ана сөзін тіркеп «Жер-Ана» дейміз, шыр етіп дүниеге келген соң алғаш айтқан сөзімізден басталатын ұлттың ең ұлық белгісі – тілімізді де ардақтап «Ана тілі» дейміз. Мен үшін де төрт бірдей атасының батасын алып, енесін анасындай сыйлап, күйеуінің тоқсан жасқа дейін бабын тауып, он баласының біреуін емізе, екіншісін арқалай, үшіншісін жетектей жүре жеткізген ер мінезді аяулы анам өзі ресми түрде иеленген «Батыр ана», «Ардақты ана» болуымен қатар, барлық қазақ әйелдерінің киелі символындай көрінеді». Абрар Әкетайұлындай арда азаматқа жар болып, саналы ғұмырын ері мен перзенттеріне арнаған анамызға да Алла тағала ұзақ ғұмыр берсін!

Бұл күндері мезгіл жүгі едәуір салмақ артса да, саралы ой мен ақыл-парасаттың аясында сабырға жүгініп, салиқалы әңгіме қозғауды қанына сіңірген, мәрт болмысынан танбайтын Абрар Әкетайұлы тек Үржар өңірі ғана емес, бүтіндей облыс халқы ішіндегі асылдың сынығындай, тәуелсіздіктің тұғырындай ғұмырлы қарияларының бірі деуге әбден болады. Туған жерге қызмет етудің қалтқысыз үлгісін көрсетіп, қазақы салт-сананы, Отан алдындағы парыз атты өмірлік ұстанымдарды ұрпақтарының бойына сіңіріп тәрбиелеген ақсақал зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ел өміріндегі қоғамдық істерден қол үзген жоқ. Жергілікті халықтың кешегісі, бүгіні мен ертеңі туралы, тағылымды тарихымыз жайында шежірелік естеліктер айтып, бүгінгі ұрпақты рухани тұрғыдан сусындатып, тілі шұрайлы, мазмұны терең мағыналы әңгімелерімен ата тарихты, салт-дәстүрлер мен жөн-жоралғыларды білуге баулуда. Ана тілінде кестелей сөйлей білген адамның ғана өз халқының мақтан тұтар азаматы бола алатынын өсиет етіп келеді. Халқымыздың дәстүрінде өз ұрпағына «баға жетпес үш байлығыңды қадір тұт, құрметте, алақанға салып аяла, санаңа сәулелендір» деп аманаттайтын ұғым бар. Ойлап, толғап қарасаң, тағылымы телегей, мәні мәңгілік екен ғой. Ол – аса бағалы елің мен жерің, ана тілің. Атадан балаға мирас болып қалған, енші болып үлестірілген, тарту болып ұсынылған осы үш асыл біздің халқымыздың қанына қонақжайлықты, үлкенді сыйлап, құрметтеуді, бауырмалдылықты, ибалылық пен имандылықты, сөз қадірін біліп, дуалы сөзге тоқтауды үйретті. Халқымыздың ізгі қасиеттерінің бірі – жанашырлық таныту. Бұл әрбір адамның биік парызы, парасатты ісі. Халықтық дәстүрді, салтты, әдетті саралап, тәрбиелік мәнін биіктету нақты іске айналды. Міне, осындай асыл құндылықтарымызды Абрар әкей өзінің өмірлік бай тәжірибесіне сүйене отырып, үлгі-өнегесін бүгінгі ұрпақтың бейбіт тірлігіне, берекелі өміріне арнауда. Адам үшін ең қажет ізгілік қасиет парасаттылық болса, ол ой мен тіл тізбегінде көрінеді. Өйткені тіл – халықтың жаны, ажары, сәні. Ана сүтімен болмысың сомдалса, ана тіліңмен ойың биіктейді. Ата дәстүрін, ана тілін қадірлеу мұратқа жетудің алтын қақпасы іспетті. «Олай болса, халықтың дәстүрін, тілін ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі тұрғысында бағалаған абзал»,- деп тереңнен түйін түйгені қазыналы қартымыздың ізгі қасиеттерінің бірі емес пе. Абрар әке бақуатты да мағыналы ғұмыр сыйлағаны үшін тағдырына тәубе етеді. Шүкір, бала-шағасы өсіп-өніп, өркендеп, қанаты-қапталы, жан-жағы – жасыл орманы жайқалуда. «Ең бастысы, ел аман болсын, ұлан-ұрпақ сәулелі болып ер жетіп, Қазақстан жылдан-жылға көркейе берсін! Ұлы Отан, елімде, ата-баба жерімде, шөбере, шөпшек сүйдірген бір Алланың құдіретіне де шек жоқ-ау!- дейді қазына қарт сабырлы да нұрлы жүзбен. -Жасаған ием менің бағыма адамгершілігі мол перзенттер мен келіндерді жаратты», – деп бүгінгі үрім-бұтағының игі қасиеттерін үнемі айтып отырады.

Бүгінгі күнде он перзенттен өрбіген Абрар әке ұрпағы он рулы елге айналғандай. Бірі білім алып, бірі қызметпен жер-жаһанның түкпір-түкпірінде ғұмыр кешуде. Абрар ақсақалдың ұлы, қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қоғам қайраткері, бүгінгі күні «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедті білмейтін, танымайтын қазақ жоққа тән. Мұхтар Абрарұлы жерлестерінің мақтанышы, арқасүйер айбыны. Рақымғали Абрарұлы ұлттық әдебиетіміздің өрістеуіне ықпал етіп, қаншама қарымды қаламгерлеріміздің еңбегін жарыққа шығарды. Рақымғали Абрарұлының басқаруындағы «Атамұра» баспа корпорациясы бүгінде кітап шығару, полиграфия ісінде республикамыздың маңдайалды баспаларының бірі саналады. Әулеттің сүт кенжесі Мұратқали Абрарұлы – заң саласында жемісті еңбек етіп, әке үмітін бабалар жолымен жалғау үстінде. Бүгінгі таңда Ақтөбе облыстық сотының төрағасы. Қадір тұтар іні, үзеңгілес дос. Біз тоқсанның төріне шыққан зерделі де зерек, сүйегі асыл абыз ақсақал-аға тәуелсіз еліміздің, киелі жеріміздің көркін келтіріп, баршамызға, бақытты ұрпақтарына ұлағатты сөздері мен ақ батасын арнай берсе деген игі тілек білдіреміз.

Сүйіп шөпшек, шөбере, немересін,
Кеңейткен жан – әулеттің керегесін.
«Асылзада» деген бір ұлы ұғым бар
Арабтарда – Абрар деген есім.

Бүгінде өскен ұрпақ сәулетімен,
Берекесі, бірлігі, дәулетімен.
Абрардай әкенің арғы тегі
Мұхаммед пайғамбардың әулетінен.

Жасаған, жақсылық бер ғұмырына,
Қарттарым қазыналы – ұлы мұра.
Тоқсанның төбесінде биік самғап,
Ақиық қыран қонған тұғырына.

Абызы осы өлкенің, осы араның,
Тілеуде үрім-бұтақ бас аманын.
Тоқсанды тосырқама, Ақсақалым,
Жүз жасты тарту етсін Жасағаным!

Серік Зайнулдин

Суретте: Абрар ақсақал мен Гүлғасыл әже Серік Зайнулдинмен.

Осы айдарда

Back to top button