Қоғам

Абыройына қылау түсірмеген

Бүгінде ақсақал атанып, елжұрт сыйлап, ескінің көзіне айналған жандардың ішінен бөлежара атауға тұратын қарттардың бірі деп ардақты ағамыз Әлімғожин Болат Сыдықұлын айтар едім.

Маған ол кісінің шаршы топта байыппен сөйлеп, зейін қойған жанның көкейіне қонатын сөзді тауып айтатын сұңғылалығы ұнайтын. Көп оқып,  өмірден түйгені мол  білімдар қарттың үлкен-кіші бас қосқан жерде жұртты аузына қаратып отыратыны да содан екені даусыз. Қарияның Өскеменге көшіп келген бойда қалалық ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары, КШТ ықшам ауданындағы ардагерлер кеңесінің мүшесі болып сайлануы сірә да тегін болмаса керек.

Болат ағамыз 1940 жылдың 2 ақпанында Күршім ауданының Соцжол ауылында дүние есігін ашты. Соғысқа дейін колхоз бастығы болып, жаңа қалыптасып келе жатқан шаруашылықтың дамуына зор үлес қосқан әкесі Әлімғожа 1942 жылы әскер қатарына алынып, қару ұстаған-ды. Ол сол кеткеннен оралмады. Ұлынан қара қағаз келгенде шешесі Мәлике Долдақызы «андағы жалған хабар, менің ұлым тірі» деп әлгіні қолына алмай қойған екен.

Сөйтіп, кішкентай Болат қарт әжесімен, ағасы Оразғожамен (әкесінің інісі) қала береді. Күнкөріс қиындап, жағдай ауырлаған шақта оларды Жолнұсқау ауылында мектеп директоры болып жұмыс істейтін  апа-жезделері Қайырхан мен Қания Мейірбаевтар жандарына көшіріп алады. Сонымен Болат осы ауылда оқуға барып, бастауыш мектепті бітіреді. Сәл есейген шағында Қаратоғайға келіп оқып, 7-ші класты тәмамдайды. Ал кәмелеттік аттестатты ол 1957 жылы  Құйған орта мектебінен алған екен.

– Ожан ағам (Оразғожа) мен жеңгем Қайныкеш Аманқызы туған ата-анамдай қамқорлық жасады, – деп еске алады бүгінде сексенге келіп отырған Болат аға. – Ешнәрседен кем қылған жоқ. Сол екеуінің арқасында еркелеп өсіп, еркін жетілдім.

Мектепті бітірген соң Семейге аттанған талапты бозбала ондағы екі жылдық дайындау техникумына түсіп, оны жақсы оқып бітіреді. Бұдан соң облыстық тұтынушылар одағының жолдамасымен Күршім аудандық дайындау кеңсесіне жүн сұрыптау маманы, аң терісін қабылдаушы кілтші болып келген жас маманның көп жылға созылған жемісті еңбек жолы басталады. Б.Әлімғожин осы кеңседе 10 жыл бойы  асқан жауапкершілікпен тиянақты еңбек етеді.

1960 жылы Болат Сыдықұлы жүрек қалауымен сол кезде Ақсуат ауылында клуб меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген өнерлі бойжеткен Кәрима Құнапияқызына үйленеді. Сөйтіп, пәк сезіммен ұғынысқан екі жас жарасымды да қызықты отбасылық тірліктерін бастайды.

1970 жылы Б.Әлімғожин Раздольное совхоз жұмысшы кооперативіне бастық болып барып, онда да адалдығымен, алғырлығымен көзге түседі. Ал үш жылдан кейін аудандық тұтынушылар қоғамы бастығының орынбасарлығына тағайындалады. Бұл уақытта білімін шыңдауды мақсат тұтқан ол Мәскеудегі кооперация институтына сырттай оқуға түсіп, осы беделді оқу орнын кейіннен ауысқан Новосібір қаласындағы кеңес саудасы институтында тәмамдап, дипломды сол арадан алып оралған болатын.

Қайда жүрсе де жұмысты дұрыс ұйымдастыра білетін ширақтығымен көзге түскен алғыр маман 1974 жылы Ұлан аудандық тұтынушылар қоғамына бастық болып тағайындалады. Онда сегіз жыл жұмыс істеген Болат ағамыздың артында өшпестей із, ілтипатты естеліктер қалдырғаны рас. Қайда жүрсе де абырой арқалаған кәнігі маманды басшылық 1981 жылы Катонқарағай аудандық тұтынушылар қоғамына басшы етіп тағайындайды. Ол жерде бес жыл бойы тер төккен Болат Сыдықұлы 1986 жылы Күршім аудандық тұтынушылар одағына басшы болып тағайындалып, елге оралады. Осы уақыт аралығында тату да берекелі отбасында өмірге Қалима, Меруерт, Ерғалым, Талант, Талғат есімді бес бала дүниеге келген болатын. Олардың барлығы да ата-аналарына тартып, еңбекқор да тәлімді ұландар болып ержетті. Жазмышқа шара бар ма, ат жалын тартып мініп, өз алдарына бір-бір шаңырақ болып отырған шақтарында үш ұл  бірінен соң бірі дүние салып, ата-аналарын арылмас қайғыға, сейілмес шерге бөлеп кетті. Басқа бір күйректеу жан болса, бас көтере алмай қалар ма еді, кім білсін, бірақ, тумысынан қайсар Болат аға мен Кәрима апай басқа түскен нәубетті қара нардай қарысып, қайсарлықпен көтеріп алды. Қос қария ендігі үмітті солардан өрбіген немерелер мен шөберелерге артып, келешекке зор үмітпен қарап отыр.

Жоғарыда айтқанымыздай, қай жерде, қандай қызмет атқарып жүрсе де, абыройына қылау түсірмей, жүктелген міндетті әркез тыңғылықты атқарып келген Болат Әлімғожинды ел-жұрты, басшылығы елеусіз қалдырған жоқ. Ол 1975 жылы осы саланың беделді марапаты «Кеңестік сауда жүйесінің үздігі» атағын иеленді.  «Бесжылдықтар кезеңіндегі социалистік жарыстың жеңімпазы» атағын үш мәрте жеңіп алды.

Кейбіреулер ойлағандай, Болат Сыдықұлы «мәйекті» мекемеде қызмет істесе де үрлеп ішіп, шайқап төгіп, қонышынан басқан емес. Бірде жұмыс бабымен үйіне келген облыстық тұтынушылар одағы кадрлар бөлімінің бастығы Елизавета Бузинская: «Болат Сыдықұлы, қандай жұпыны тұрасыз?! Сіздей жиһазы жоқ адамды тұңғыш жолықтыруым», дегені соның айғағындай.

1970 жылы «В.И.Лениннің 100 жылдығы» медалімен марапатталып, зейнетке шыққан соң «Күршім ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді. 2008 жылы Ұлан ауданының 80 жылдық мерейтойында «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты.  Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, өткенге байыппен көз жіберіп тұрған ақылгөй ағамыздың алдағы уақытта да қатарласқа үлгі, кейінгіге өнеге көрсетіп, ұзақ жылдар елі мен жұртының кәдесіне жарай беретіндігіне шын көңілмен сеніп, үкілі үміт артып отырғанымыз шындық.  

Хасен ЗӘКӘРИЯ

Осы айдарда

Back to top button