Абыройы артқан Асхат

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зЗияткерлік мектебінде физика пәнінен сабақ беретін Асхат Жұмабековті білікті де білімді жас маман деп айтуға болады. Өйткені Асхаттың білім мен ғылымға, мамандыққа деген сүйіспеншілігінің арқасында кейінгі жылдары бағындырған белестері жетерлік.
2013 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтын «физика» мамандығы бойынша тәмамдаған ол бірден Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылданды. Қаламыздағы айтулы мектепте білім бере жүріп, Елбасымыздың халықаралық «Болашақ» стипендиясына қол жеткізеді. Бұл мүмкіндік Асхат Советханұлына білім аясын Финляндияда кеңейтіп, тәжірибе жинақтауына жол ашты. Осы елдің Білім және мәдениет министрлігі грантын ұтып, білім саласы бойынша PhD докторанты атанған. Онымен қоса Финляндия, Сингапур елдерінде қысқа мерзімді ғылыми іс-тәжірибеден өткені тағы бар.
Асхат финляндиялық, ресейлік әріптестерімен бірлесе отырып ғылыми жұмыстар жазса, енді бірде STEM бағыты бойынша елімізде төрт бірдей Назарбаев зияткерлік мектептерінде жеке-дара зерттеулер жүргізген. Үздіксіз ізденіс үстіндегі ұстаз – 40-тан астам түрлі ғылыми жұмыстар мен мақалалардың авторы.Бұл еңбектері халықаралық «IOP Science» импакт-фактор журналында жарық көрген.
Жуырда Асхат тағы бір белесті бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінді. Еліміздегі «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы өзіне қарасты білім мекемелеріндегі оқытушылардың кәсіби біліктілігі мен білімділігін сынау үшін дәстүрлі түрде «Жылдың үздік мұғалімі» атты сайыс өткізіп келеді. Міне, осы сайыста біліктілігі сынға түскен Асхат Советханұлы семейлік әріптестерінің намысын құлатпай, жүлделі 1-ші орынды жеңіп алды. Астанада өткен ұстаздар бәйгесі екі күнге созылып, жаңа идеялардың туындап, шығармашылық шабыттың шыңға шыққан сәті болды. Байқауға «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова арнайы келіп, қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Екі күндік сайыс барысында үміткерлер 15 минуттық ашық сабақ өткізіп, «Инновациялық әдістемелік құралдар» тақырыбындағы көрмеге өздерінің шығармашылық еңбектерін қойды. Көрме сөресіне кітаптар, әдістемелік еңбектер мен жинақтардан басқа онлайн-сабақтар, фильмдер, комикстер мен мұғалімдердің өздері әзірлеген үстел ойындары ұсынылды. Білім саласында қолданылуы қажет жаңа технологиялардың барлығы да осы экспозицияда көрініс тапты.
Сайыстың келесі кезеңінде мұғалімдер «Мен – тұлғамын, мен – ұстазбын» тақырыбында сөз сөйлеп, өздерінің ерекше қабілеттерін көрсетуге тырысты. Ал шешуші кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» жалпы ұлттық идеясына арналған шешендік өнерден бақ сынады.
Шындығында ,осынау байқауда мықты ұстазды таңдау қазылар алқасына оңай болған жоқ. Өйткені, еліміздегі маңдайалды мектептерінде дәріс беретін ұстаздардың қай-қайсы да осал емес еді. Дегенмен өз шеберлігінің арқасында өзгелерді мойындата білген Асқат Жұмабеков жүлделі 1-ші орынға ие болып, арнайы диплом мен 400 мың теңгенің сертификатына ие болды.
– Сайысқа өз саласының кілең мықтылары жиналған екен. Өз басым дайындық жұмыстарын өткен жылдың күзінде бастағанмын. Білім додасына дайындық барысында мектебіміздің басшысы Бағдан Тоқтамысұлынан бастап, бүкіл педагогикалық ұжым қолдау білдіріп, ақыл-кеңесін аяған жоқ. Айналамда жанашыр жандардың, қамқор адамдардың бар екенін бір сәтке есімнен шығарған емеспін. Тіптен сайыс барысында да менің жанкүйерлерім бәрінен де мықты болды. Сондықтан бұл жеңісім біздің мектеп ұстаздарының жеңісі дегім келеді. Біз бірлесе жұмыс істеу арқылы жұмыла көтерген жүктің жеңіл екенін тағы бір мәрте дәлелдедік, – дейді Асхат өзінің жеңісі жайында.
Сәтжан Кәріпбаев,
Семей.