Абыройлы атақ қайта оралады
Ширек ғасырға жуық уақыттан кейін «Қазақстан халық әртісі» атағы қайта берілетін болды. Бұл туралы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шешім қабылдағанын айтты.
Қазіргі таңда беріліп жатқан атақ көп болғанымен, абыройы аз. Бәлкім, атақ иесін таппай жатқан болуы да бек мүмкін. Осыны ескерген ел Президенті мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керектігін айтты.
– Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр, – деді Президент.
Сонымен қатар осы күзде, яғни Республика күнінде 1999 жылдан кейін тоқтап қалған «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта берілетіндігін айтты.
– Мен «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым. Биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, өткен жылдан бастап тойлана бастаған Республика күні қарсаңында «Қазақстанның халық әртістері» қатарға қосылмақ.
Алтай Ғали-Асқар