Қабырғадан қарап тұр

Суретшілер Абай даңғылы бойындағы көпқабатты бір үйдің қабырғасына қасқайтып тұрып Абайды бейнелеп жатыр. Шеберліктің шегі жоғы рас. Зәулім үйлердің қабырғасына өрмелеп жүріп сурет салатын Айбек Нұрбековтің өнеріне нұр жаусын. Алақандай қағазға емес, алып қабырғаға адам бейнесін салу оңай шаруа емес.
Айбек осыған дейін белгілі өскемендікхоккейші Талғат Жайлауовтың бейнесін салғанын білеміз. Мұндай суретке қанша уақыт, қанша бояу кетеді екен? Алдағы уақытта биік үйлердің қабырғаларынан кімдердің бейнелерін көреміз?
Суретші Айбектің айтуынша үлкен үйдің қабырғасына алғаш рет Талғат Жайлауовты бейнелеген екен.
– Тырнақалды туындымыздың қаншалықты сәтті шығуын бағалайтын халық, – дейді Алматыдағы Т. Жүргенов атынағы өнер академиясының түлегі Айбек Нұрбеков.
Қабырғаға сурет салуды қолға алған Айбектің жанында талантты көмекшілері де бар. Олар да Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектері. Ауа райы қолайлы болса үлкен қабырғадағы бір суретке екі аптадай уақыт кетеді екен. Суретшілер командасы жұмыстарын бастамас бұрын алдын ала қағаз бетінде эскизін жасап жоспарлайды. Оның көркемдік жағына ғана емес, мазмұнына да ерекше мән береді. Эскиз әбден дайын болғаннан кейін барып қабырғаға көшіріп басады. Бояу жұғымды болуы үшін алдымен қабырғаны әбден тазартады. Содан кейін барып әркім өзіне міндеттелген тұсты бояуға кіріседі. Қанша бояу кететінін есептеп көрмепті олар. Ең бастысы сурет сәтті шықса болғаны.
– Биікте сурет салу оңай емес. Қалай дегенмен де адам бойында аздаған алаңдаушылық болады екен. Шығып, түсудің өзі оңай емес. Бір қабырғаны жай ғана бояп шығудың өзі үлкен күш. Ал біз сурет саламыз. Қай жерге көзін, қай жерге ауызын салу дегенді өлшейміз. Пейзаж емес, портрет болғандықтан сын айту оңай. Сондықтан біз бар шеберлігімізді салып жатырмыз, – дейді Айбек Нұрбеков.
Суретшілер бұл екі суретпен ғана шектеліп қалмайтын көрінеді. Келер жылдары ұсыныстар түсіп жатса қазақтың белгілі тұлғаларын менмұндалатып көпқабатты ғимараттардың қабырғаларына сала бермек. Әзірше Айбек бастаған суретшілер мұндай суреттерді тек Өскеменде ғана салып жүр.
Мерей Қайнарұлы