Мәдениет

Абылай бас жүлдеге ие болды

Абылай бас жүлдеге ие болды


Аягөздегі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мәдениет сарайында Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық XIX байқауы болып өтті. Әйгілі жазушының шығармаларынан үзінді оқушылар облыстың әр түкпірінен келіп, Аягөз сахнасында өз бақтарын сынады.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау бағытында өткізіп отырған аталмыш байқауы барысында аймақта көптеген талантты жастардың бар екені анықталды. Іріктеу сайысы деп аталған бұл байқауға тек 18 бен 35 жас аралығындағы жастар қатысқанын айта кеткен орынды. Олар тек Оралханның ғана емес, сондай-ақ елімізге әйгілі қара сөзден түйін түйген көркемсөз шеберлерінің де шығармаларынан үзінділер оқыды. Үш сағатқа созылған көркем сөз оқу байқауының жеңімпаздары да анықталып, тиісінше жүлделі орын алған өрендерге сый-сияпат көрсетілді. Бас жүлдеге Семейден келген Абылай Мақсұтбек лайық деп танылып, телевизорға ие болса, бірінші орынды Мират Тұрғанбаев жеңіп алып, ноутбукке қол жеткізді. Ал екінші орын алған Балауса Қожаева нетбуг сыйлығын иеленсе, үшінші орынды місе тұтқан Роллан Тілектесхан ұялы телефонның иесі атанды. Ал бас жүлдені қанжығасына байлаған Абылай Мақсұтбек Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауына жолдаманы жеңіп алды.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button