Білім

Ақбота сенімді ақтады

Ақбота сенімді ақтады

Жақында Мешітбай Хасенов атындағы Бестерек мектеп-бақшасының 11-сынып оқушысы Ақбота Ерғазы математика пәні бойынша халықаралық олимпиадада жүлделі ІІІ орынға ие болып, ҰБТ-дан босатылды.
Анасы Сәуле Мәушәріпқызының айтуынша, Ақбота жастайынан білімге құштар болып өскен көрінеді. 2014 жылы Бестерек орта мектебінің 9 сыныбын ерекше куәлікпен бітірген ол ағылшын тілінен өткізілген пән олимпиадасында ІІІ орын алса, сол жылғы облыстық интеллектуалдық байқауда ІІ орынға ие болады. Сондай-ақ, Ақбота өткен жылдың маусым айында Елбасының «Үштұғырлы тіл» саясатына байланысты облыстық өңірлік «Дарын» орталығы ұйымдастырған шараға қатысып, Кипр мемлекетінде 15 күн болды. Біліміне сай сертификат иеленген ол ата-анасын қуантып, төбесін көкке жеткізген екен.
Ақбота математика пәнінің білікті маманы Айнаш Тансықожинова мен Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры А.Базарбековтің жетекшілігімен өткен жылы «Сығылмайтын сұйықтар үшін стационарлық теңдеулер саңдық шешу үшін айқын емес интеграциялық схемасын зерттеу» жобасы бойынша ғылыми жұмыспен айналысуды бастаған екен. Нәтижесінде екі турдан тұратын жобаны қорғау барысында халықаралық деңгейдегі жолдаманы жеңіп алып, Алматы қаласында өткізілген халықаралық ғылыми жобалар олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алады. Қырғызстан, Түркіменстан, Грузия, Әзербайжан сынды мемлекеттерден келген кіл жүйріктермен бақ сынасқан Ақбота жүлделі ІІІ орынға ие болды. Енді Ақботаға 125 балдық сертификат табыс етілмек.

Амантай Оспанов
Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button