Абайдың «Тасдиқ» трактаты жайында
Хакім Абай – қазақ халқының рухани ұстазы. Бұлтартпас дәлелдің бірі – қазіргі күні 38-қарасөз делініп жүрген «Ғақлиат-тасдиқат» (қысқаша – «Тасдиқ») трактаты. Абай: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» деп осы еңбегінде айтқан. Арабтың «тасдиқ» сөзі – «шындықты танып-білу», «хақиқатты бекіту» деген мағынаны білдіреді. «Шыннан өзге Құдай жоқ» (Шәкәрім). Сондықтан Абайдың күрделі туындысын «Құдайды таныту» кітабы деп қабылдасақ жөн.
«Тасдиқ» қашан, қалай жазылды? Алдымен осыны анықтайық.
Абайда проза кітап екеу. Әуелгісі – туған ұлтына арнап жазған насихат кітабы (оған Абай «Ғақлия» деп ат қойған). Біз сөз етіп отырған «Тасдиқ» – екінші кітабы. Ол – бүкіл әлемдік ой-санаға қосқан үлесі. Бірақ 1933 жылы Мұхтар Әуезовтің басшылығымен жарық көрген тұңғыш Толық жинақта Абайдың қос кітабы да төл атынан ажырап, «Қара сөздер» деген ортақ атпен топтасты (оған Мұхаңды қаһарлы уақыт мәжбүр етті). Осылайша, Абайда проза кітап екеу емес, біреу деген жаңсақ ұғым қалыптасты.
Сол себепті қара сөздер мұрасының жазылу мерзімі шамамен 1891-1898 жылдар делінуде. Шындығында, бұл – әуелгі «Ғақлия» атты қолжазба кітапқа ғана қатысты мерзім. Ал «Тасдиқ» кітабына Абай кейінірек кіріскен, атап айтқанда, оны 1899-1901 жылдары жазған.
Оған дәлел, әйгілі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» (1902) өлеңі. Аталған өлеңінде «Тасдиқ» трактатында таратқан терең танымдарын Абай ұғынуға жеңіл қылып, қайыра айтқан. Мысалға бесінші шумақты алайық. Оның басы: «Махаббатпен жаратқан адамзатты», әрі қарай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп және Хақ жолы осы деп әділетті». Біле білсек, бұл жерде Абай «Тасдиқ» трактатында кеңінен айтқан терең ойларын бір-екі өлең жолына сыйғызып, оңай, жеңіл түрде таратқан. Дәлелге: «Құдай тағаланың жолы …нихаятсыз болады. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып, кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам» деген қорытынды түйінге жүгінсек те жеткілікті.
Сөйтіп, «Тасдиқ» трактаты мен «Алланың өзі де рас…» өлеңі өзектес әрі тамырлас, екеуін тұтастықта қарастыруға тиістіміз. Олардың арасы төрт-бес жыл алшақ деген сөз ешқандайда сын көтермейді.
1899-1902 жылдар Абай хакімдік деңгейге көтерілді, көңілі қайта түлеп, жаны жай тапты. Шыны сол, Хақты, Жаратқан Иені тауып ләззат алды, жалғыздықпен де мәңгілікке қоштасты. «Хикмет құдаға пенде өз ақылы жетерлік қадірін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім ат қойды. …Дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртабада қалып, бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады». Мұны да Абай жеке басының тәжірибесінен алып айтқан.
Енді «Тасдиқ» мазмұнына келер болсақ, ол кіріспеден, екі негізгі («Алла тағаланы танымақтық», «Өзін танымақтық» деген) және қорытынды («Жақсы менен жаманды айырмақлық» деген) бөлімнен тұрады. Азды-көпті шолу жасайық.
Кіріспеде Абай барлық ғылым-білімді төрт тармаққа бөлген. Олар: «Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, жақсы менен жаманды айырмақлық». Болмыс тұтас қамтылған тезис! Талдайық.
Алланы және өзін тану – дүниенің көрінбеген сыры. Тәлім-тәрбиенің күллісі тамыр тартатын бұл ілімді исламда теориялық философия дейді. Ал «Жақсы менен жаманды айырмақлық» практикалық (қолданбалы) философия делінеді. Неге? Себебі оның арқалаған жүгі – рухани ілімді іс жүзінде қолдану. Осы қолданбалы ілімге мұсылмандық Шығыста ахлақ, Еуропа елдерінде мораль я этика деп ат қойған. Жақсы-жаманды айыру деңгейіне көтерілмей адам баласының мінезі түзелмейді. Бұл – анықталған ақиқат.
Батыс және Шығыс өркениеті айырмасы осы арада болған соң дүниенің көрінген сырын тануға да тоқталайық. Ол жайында Абай: «Дүниеде ғылым заһири (сыртқы) бар, оларды нақлия деп те атайды, бұл нақлияға жүйріктер ғалым атанады» дейді. Сыртқы ғылымға, яки нақлияға кім жүйрік? Фәни тіршілік пен жаратылыс сырын ашу ісінде кім ойқастап озды? Әрине, Батыс адамы. Бірақ Батыстың кемшін тұсы – алдыңғы екі танымақтықты (дүниенің көрінбеген сырын) «мистика» санап, шетке ысырды. Ішкі ғылымға жүйрік – хакімдер некен-саяқ қана болды. Осы айтылғандар Батыс пен Шығыстың танымдары арасындағы принциптік өзгешелікті аңғаруға жеткілікті сияқты. Кіріспедегі астары терең тезиске төменде қайта ораламыз.
Енді трактаттың «Алла тағаланы танымақтық» деген әуелгі бөліміне ауысайық. Алла тағаланың сегіз ұлық сипаты бар. Олардың арасынан Абай ғылымды бөлектеп алады. Неге? Себебі өзге сипаттар «еш нәрсеге харекет бермейді, һаммаға харекет беретұғын ғылымның өзі». Өркениетті қозғаушы құдірет – ғылым. Бұл – Абай жаңалығы. Өйткені теология ілімі бойынша тұңғыш рет дәйектеп отыр! Адамның ғылымы – Алла тағала ғылымының зәррәдей бөлшегі. Демек, оның берер несібесі шексіз. Әр ұлтқа өз ғылымын дамыту қажеттігі осымен өз түсінігін табады.
Сөз болып отырған бөлімде Абай ашқан келесі жаңалық: «Бірінші сүю Алланың махаббаты ма, жоқ әлде адамның Алланы сүюі ме?» деген. Күллі ғалам, оның ішінде адамзат – Алла тағала махаббатының куәсі. Демек, барша сүйіспеншілік тамыры – Алланың махаббаты. «Сүюдің бастапқысы қайсы?» деген күрделі мәселені Абай ғылыми негізде екшеп, байыптап береді.
Екінші бөлім – «Өзін танымақтық». Бұл бөлімде Абай «Алла тағаланың пендесіне салған жолы қайсы?» деген мәңгілік мәселені көтерген. Өзін тану деген – адамның өзін «жан» деп білуі. Сонда ғана адам «Өмірдің мағынасы неде?», «Қайдан келдім?», «Қайда барам?» деген сұрақтарына жауап табады. «Құдай жақсыны қолдайды, әділ адамдарды сүйеді, ал залымдарды сүймейді». Құран іші толған осы секілді аяттар дейді Абай. Толық адам кім? Бұл мәселеге келгенде Абай төрт топ өкілдерін (пайғамбар, әулие, хакім және кәміл мұсылман) атап көрсетеді. Әулие мен хакімнің айырмасына баса назар аударады. Аталмыш бөлімді кемеңгер «Құдай жолы» және «толық адам» ұғымдарына анықтама берумен сабақтайды.
Үшінші қорытынды бөлім – «Жақсы менен жаманды айырмақлық». Өзін «жан» деп сезген кезден адам жақсы менен жаманды айыру деңгейіне жетпекші. Иманды болудың мәнісі де осы. Бірақ иманды екенің іс-әрекетіңнен көрінсін. Абай: «Сен өзің инанмақтығыңнан пайда аламын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек» дейді. Сөйтіп, алдыңғы екі негізгі бөлім (Алла тағаланы танымақтық және өзін танымақтық) – рухани білім қайнары. Ал соңғы бөлім – қолданбалы философия (ахлақ, этика). Тағы бір айтары, жақсы менен жаманды айыру үшін алдыңғы рухани ілімді игеру керек. Әйтпесе жоқ.
«Тасдиқ» трактаты мазмұнына шолуымыз осымен тәмам. Бүгінгі өркениет жүрексіз, көңіл көзі – соқыр өркениет. Толассыз материалдық даму адамзат көшін тығырыққа тіреді (мұны әлемдік пандемия алақанға салғандай анық көрсетіп отыр). Абай – осы тығырықты көре білген рухани ұстаз.
Мынаған қараңыз: заман ауысты, қоғам түрленді. Ой-санамыз басқа. Алайда өткен жылғы Абайдың толық жинағы өзгеріссіз қалды. Халықтың рухани дүниеге сусап отырғанын ескермеу деген осы болса керек. Жинақтың «Түсініктер» бөлімінің үтір, нүктесіне шекті советтік дәуірден көшірілуі өкінішті-ақ. «Абай – рухани реформатор», «Абай – адамзаттың ұстазы» деп құр ұрандап, жар салудан тезірек арылсақ жақсы. Абайтану ғылымы шаң жұтып көш соңында қалмасын десек, қара сөздердің хронологиясын қалпына келтіру, «Тасдиқ» трактатын бөлектеп алу – аса маңызды шаруа. Оны зерттеп-зерделеудің идеология жасауға да, еліміз дамуының дұрыс бағытын табуға да тиер пайдасы зор. Төменде осыған мысал алайық.
Абайдан ғибрат алудың бірер үлгісі
Ілкіде Абай айтқан үш «танымақтық» пен бір «айырмақлық» бүкіл болмысты қамтиды дедік. Екінші түрде, ол – бүтін ғылым. Мәселе сонда, Алланы және өзін тану арқылы ғана адам жақсы менен жаманды айыру деңгейіне жетеді. Ал жарым ғылым, яки тек дүниені тану арқылы ол деңгейге жету екіталай. «Батыс және Шығыс құндылықтары несімен айырықша? Олар қайтсек үйлеседі?» деген мәселені түсіну кілті осы арада.
Абай: «Әрбір ғалым – хакім емес» демекші, Батыс елдерінің білім беру жүйесі материалдық дамуға лайықталған, тек фәни тіршілік қамын күйттейді. Сыртқы ғылым арқылы заман танымастай өзгерді, әлі де өзгере береді. Өстіп, заманды түзетпектік – Батыс өркениетінің өзіндік белгісі. Шығыс әлемі, басым бөлігінде, керісінше, ғылыми прогреске ілесе алмады. Абай айтқан «һаммаға харекет беретұғын ғылым» қағидасы ескерілмеді. Бір тәуірі, құдайшылық рухын сақтап қалды.
Қысқасы, Батыс әлемі – соқыр, Шығыс әлемі – ақсақ. Осынау менмұндалаған сыңаржақтықтан шығуға керегі – толық (бүтін) білім, яғни Батыс пен Шығыс құндылықтары үйлесуі. Абай – осыны көре білген ғұлама.
Тереңдей түсейік. Барша өмір құбылысы екіұдайылық, күн мен түн, ыстық пен суық, әділдік пен зұлымдық, жақсы мен жаман деген секілді шексіз жалғаса береді. Адам болмысы да осы қатардан: жан мен тәннен тұрады. Адамзат өркениеті екіжақты (Батыс-Шығыс) болуы содан. Бірақ адам болмысы табиғат пен жан иесі хайуандардан бөлек. Оған Тәңірі ерік пен ерекше ақыл дарытқан дейді Абай. Тәнді жанға, тұрмысты санаға билетем десе, өз ырқында. Барша ғаламға үйлесімді дамуға бөгет сыртқы күш жоқ. Фәнидің жарқылына алданып ғапыл қалма, рухани білімді, саналы бол! Ғылым-білім алу мен имандылық тәрбиені құстың қос қанатындай қатар ұстан! Міне, «Алланың пенделеріне салған жолы қайсы?» деген мәселеге қатысты данышпан Абайдың ұстанымы – осы.
Қорыта айтқанда, Абай ілімі – Батыс пен Шығыстың үйлесуі көзделген ілім. Ол бойынша өркениеттер қақтығысынан арылу адамзаттың өз ырқында.
Бүгінгі заман суретінен көретініміз – жақсы менен жаманды айыра алмадық. Сол себепті мейірім аз, күншілдік көп. Шіли заттық білім алған ұрпақ – қанағатсыз, тұтынушы мінездің иесі. Сондықтан «Замана оны илемек». Оларда бір коттедж бен бір джиптен асар мақсат қайдан келсін. Балықтай фәни торына топырлап түсіп, өмірі ит қорлықпен өтеді. Өйткені «Менікі деп жүргеннің бәрі Онікі». «Алланың өзі де рас…» өлеңінде Абай үш сүюдің мәнісі – жүрек тазалығы екенін ұқтыра келе: «Басты байла жолына, малың түгіл» деп түйеді.
Әрі қарай былай деп ескертеді:
«Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы!».
Бұл жерде «әуесқой» сөзі – жолынан адасып, сандалу (құр еліктеушілік) деген мағынада. Абай «Онан шошы!» деген үш дұшпанға қарсы антивирус – мейірім, махаббат, әділеттілік. Соңғылар тек рухани білім арқылы келмек.
Тағы айтайық, толық білім – үш танымақтық һәм оны қолдану, яғни бір айырмақлық. Жеке адам жетілуінің, бүкіл қоғам дамуының заңдылығы осы арада. Сөз дәлеліне Абайдың өмірі мен шығармашылығын саралай өтейік.
1891 жылға дейін Абай күш-қуатын фәни тіршілік пен өмір құбылыстарын танып-білуге сарқа жұмсады. Жинаған-терген білімін 1884-1890 жылдар аралығында халқына бере білді, яғни мәдени-ағартушылық бағыты – Абайдың алғашқы баспалдағы. Фәни дүние өткінші, алдамшы. Жіті қадағалаған, сырын ұққан ойлы адам онан жалығады. Қажиды. Ендігі өмірінде өзін танымаққа ұмтылады. Заманды емес, адамды түзеткен жөн деген ойға тіреледі. Абайда бұл –1891-1894 жылдар. Оған қара сөздерді жазуды қолға алуы айқын айғақ.
«Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып.
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып».
Сондай-ақ «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді?», «Қайғы шығар ілімнен», «Домбыраға қол соқпа», «Ойға түстім, толғандым» секілді өлеңдері – сөзіміздің дәлелі.
Көп ізденген, толғанған, өзін таныған Абай 1895 жылдан Алла тағаланы танымақтық сатысына шығады. Осы жылғы «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын», «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?», «Лай суға май бітпес қой өткенге», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деген тамаша өлеңдері – кәміл мұсылман деңгейіне көтерілгенінің куәсі. Тағы үш жыл өткенде, яғни 1898 жылдың шамасында Абай толық адам сатысының хакім деңгейіне шықты. Оған ғайыптың тілімен жазылған таза хакімдік еңбегі – «Тасдиқ» трактаты дәлел екенін жоғарыда сөз еттік.
Бас абайтанушы Мұхтар Әуезов 1934 жылғы «Абай ақындығының айналасы» деген мақаласында: «Абайда Батыстан кірген белгіден гөрі Шығыс белгісі басымырақ, нығырақ» деп атап айтқан болатын. Ал аталған екі жақтың белгілері мен шет-шекарасы қайсы? Мұны нақтылауға Мұхаңа қаһарлы уақыт мүмкіндік берген жоқ.
Бүгінгі уақыт тұғырынан 1884-1890 жылдар аралығы Абайдың Батысы, ал 1891-1902 жылдар Абайдың Шығысы деп сеніммен айта аламыз. Өйткені алдыңғы жеті жылда Абай ғылым-білімге шақырып, жастарға фәни тіршілік пен дүние сырын ашады. Шығармашылығының екінші жарымы, келесі он екі жылы дүниенің көрінбеген жағы – тылсымға, әрненің себебіне үңілуімен өтті десек, қате айтқандық бола қоймас.
Сонымен, дүниені тану – адам жетілуінің тек әуелгі баспалдағы. Келесі саты – толық білім, дүниенің көрінбеген сыры. Оған ұмтыл. Қазақтың «Адам бол!» идеясында осы астар бар. Абайдың өмір жолы да осының айғағы. Абыз бабамыз: «Ей, шырақтар, өмір жарқылына алданып, ғапыл қалма, әрнеге еліктеме! Ең алдымен, адам бол, ол үшін ғылым мен тәрбиені үйлестіріп бақ!» деп талмай айтты. Қазір арамызға тіріліп келсе, тағы айтары сөзсіз.
«Жә, бұл сөзден не ғибрәтлендік?». Осы сұраулы сөйлеммен жарықтық Абай ең көлемді еңбегі – «Тасдиқ» трактатына соңғы нүктені қойыпты. Онан алар ғибрат, әрине, көп. Біз бір-екеуін ғана қозғап, біраз сөз шығардық. Айтылған ой-пайымдарды қабылдау я қабылдамау, әрине, өз еркіңізде, қадірлі ағайын.
Асан Омаров
Семей.