ТОП

Абайдың хаты

Абайдың шығармашылығы мен өміріне қатысты асыл мұралардың қатарында қолжазба құжаттар мен хаттар бар. Музейдегі 800-ден аса деректің ішіндегі Абай өз қолымен ұлы Мағауияға жазған жалғыз хаттың жөні бөлек. Хат қадимша делінетін ескі араб қарпімен жазылған.

Бүкпесінде бәлендей сыр болмаса да, бұл хаттың маңызы зор. Өйткені ол Абай жазған жалғыз хат. Ақынның ұлына жазған хатын семейлік ғалым Амантай Исин Абай музейінің сирек қорынан тауып алған. Хат «Дұғай сәлем ғизатлу уә һәм хүрматлу Мағашқа жетіп мағлұм болсын-ки», деп басталып:

«Ой жүгіртіп қарашы Мағаш бала,

Сан дегенің тоғыз-ақ, бірден сана.

Нөлді ертпесе бұлар да қысырайды,

Единица сыфат деп біл тек қана…», –  деп өлеңмен жалғасады.

Абайдың бұл хаты 1997 жылы Мұсахан Балтақайұлының қолжазбаларының ішінен шығады. Ғалымдар қолжазбаны араб қарпінен кирилл қарпіне көшіру кезінде жолықтырған.

Қолжазбалардың иесі Мұсахан Балтақайұлы Тобықты ішінде Көкше руының адамы. Ол 1929 жылы Қытайға өтіп, 1956 жылы Отанына қайтып оралған. Өткен ғасырдың 80-жылдары Абай немересі Әубәкір Ақылбайұлының өлеңдерін, өзінің өмір жолы туралы араб графикасымен жазылған жазбаларын Абай музейінің директоры Төкен Ибрагимовке тапсырған. Бірақ сол жазбалардың ішінде Абайдың өз қолымен жазылған хаттың бар екендігін айтпаған, бәлкім білмеген.

Хат жұқа ақ қағазға жазылған. Түпнұсқа. Жоғарғы шетінің оң жағы, орта тұсының сол жақ шеті және төменгі шетінің сол жағы  ұзақ сақталуға байланысты сынып, жыртылып қалған. Десе де хаттың жалпы көлемі жақсы сақталған.

 

Дайындаған – Қызырбек Дүргінбайұлы

 

Осы айдарда

Back to top button