Қоғам

«Абай жолын» саусағымен оқиды

      Шығыс Қазақстан облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында ұлы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аясында Брайль қарпінде жазылған «Абай жолы» роман-эпопеясының  тұсаукесері болды.

       Сіз білесіз бе, мынау өмірде дүниенің аппақ дидарын өз көзімен көруге зар болып жүрген қаншама адамдар бар? Маңдайдағы қос жұлдызы сөнгенімен, олардың көкіректері ояу, жақсылыққа жандары құмар. Олар да «оқысам, білсем» дейді. Сондай кезде зағип жандарға оқуға және жазуға мүмкіндік берген Луи Брайль деген адамға шексіз алғыс жаудырасыз. Оның 19-шы ғасырдың басында ойлап тапқан қарпі әлі қолданыста. Содан бері зағип жандар әлемнің келбетін жанарымен емес, саусағымен сипап көріп келеді.

Осы аптада Өскемендегі облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында Брайль қарпіндегі бедерлі-нүктелі шрифтағы «Абай жолы» роман-эпопеясының тұсауы кесілді. Шынында да, бұл кітапхана оқырмандары үшін маңызы зор шара болғаны рас. «Шіркін-ай, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқыр ма еді!» деп іштей арман еткен зағип жандардың көктен тілегені жерден табылды дерсің. «Абай жолы» енді зағип және көзі нашар көретін азаматтарға да қолжетімді.

– Өздеріңіз білесіздер, биыл ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толып отыр. Бұл мерейтойды жоғары деңгейде тойлауға  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі үлкен мән беріп отыр.  Бұл мерейтой жай ғана той емес, рухани әлемімізді байытатын үлкен шара болуы керек. Осыған байланысты біздің кітапханада да мерейтойға орай бір жылға жасалған іс-шаралар жоспары бар. Брайль қарпімен мемлекеттік тілде жарық көрген «Абай жолы» роман-эпопеясының тұсаукесері – сол шаралардың басы, – деді кітапхана директоры Гүлнар Кадырова.

Осынау қуанышқа ортақтасуға өңірімізге есімі кеңінен таныс ақын, кітапхана оқырманы Бақытжан Райысова да арнайы келіпті.

– Биыл ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған республикалық мемлекеттік шаралардың өз деңгейінде өтетініне сенімдімін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  осы үлкен шараларға байланысты өзінің ойларын халықпен бөлісті. Бұл Президенттің айтқандарын ғана орындап, сол төңіректі ғана талдау деген сөз емес. Әрбір қазақ, әрбір Қазақстанның азаматы осы Абай мұрасының кеңінен насихатталуына үлкен көп қосуы керек, – деген ақын Бақытжан Райысова залда жиналған қауымға өзінің «Абайға арнау» атты өлеңін оқып берді.

Өткен ғасыр. Үн келеді алыстан,

             Қоңыраулатып, қолын жайып жарысқан.

             Үн қатады даналықтың тілімен,

             Бабам менің – мұңмен жалғыз алысқан…

             Сол ғасырмен тілдесемін, сөйлеймін,

             Саф ауаға, мөлдір суға шөлдеймін.

                   Еркін ойдың қанаттары қағылған,

                   Абай туған алтын ғасыр сен деймін…

Сол сәт Бақытжан ақынның өлеңі залдағы әрбір оқырманды «Абай туған алтын ғасырға» ойша алып кеткені рас…

Иә, кітаптың тұсауын да Бақытжан Райысова апамыздың өзі кесті. Кітапхана директоры Гүлнар Кадырованың айтуынша, бүгінде бұл кітапхана қорында 83 389 кітап болса, оның ішінде бедерлі-нүктелі шрифтағы кітап саны – 18 473. Енді бүгін осынау кітап қорына тағы да 21 кітап  қосылып отыр. Кітап болғанда қандай, күллі адамзат баласының асыл қазынасына айналған «Абай жолы» роман-эпопеясы.

Кітаптың техникалық редакторы Денис Ишуниннің өзі де зағип жан. Бірақ сол жағдайына қарамастан сегіз жыл бойы кітапханада еңбек етіп келеді. Тифлокешенде Брайль қарпімен жарық көретін кітаптардың сауатты шығуына жауап беретін де – осы Денис. Денисіміз орыс тілінде ғана емес, қазақша да өте сауатты. Кітаптың тұсаукесерінде ол Абайдың әндерін тамылжыта орындап, қара сөздерін де жиналған қауымға мәнерлеп оқып берді. Кітапхананың оқырманы Тәттімбет Қазбек ақсақал Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындап, «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңін жатқа оқыды. Сондай-ақ шараға қатысушылар Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы «Абай» бейнефильмін тамашалап, «Абай жолы» романынан үзінділер тыңдады. «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты кітап көрмесіне тифлокомментарийлі шолу жасалды.

– Бұл кітаптарды өзіміздің тифлокешенде шығардық. 2013 жылдан бері өзімізге қажет кітаптарды аз тиражбен болсын өзіміз шығарып келеміз. Бұған дейін Абайдың ғақлияларын, қазақ және орыс тілдерінде өлеңдер жинағын шығарған болатынбыз. Ал енді биыл ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында төрт томнан тұратын «Абай жолы» эпопеясының 21 данасын екі жұманың ішінде әзірлеп, оқырманға ұсынып отырмыз. Әрине, кітапты көп данамен шығаруға болар еді, бірақ оған мүмкіндігіміз болмады. Кітап шығаратын арнайы қағазды Санкт-Петербургтан тапсырыспен алғызамыз. Жалпы, бедерлі-нүктелі шрифта кітап шығаратын баспахана Қазақстанда атымен жоқ. Бұрындары Шымкентте болған, кейін ол жабылып қалды. Қазір әрбір кітапхана өздерінің тифлокешенінде қажетті кітаптарды өздері шығарып алуға тырысады, – дейді кітапхана директоры Гүлнар Кадырова.

Оның айтуынша, кітапхана қызметкерлерінің Ұлы ақынның мерейтойына жоспарлаған шаралары өте көп. Алдағы уақытта «Мир глазами Абая» атты тактильді кітап шығару, тифлокомментариймен мега-көрме, бейнефильмдер әзірлеу де жоспарда бар. Поэзия кештері мен әдеби композициялар, Брайль қарпімен Абай оқуларын өткізу, аудиокітаптар әзірлеу де іс-шаралар кешеніне енген. Бірақ аудиокітап әзірлеу үшін арнайы студия қажет. Ал ондай студия кітапханада  жоқ.

Бір атап айтарлығы, осы күні «Абай» ақпараттық студиясының да тұсауы кесілді. Енді бұл кітапханаға келген әрбір адам ұлы Абайдың өмірі және шығармашылығымен жете таныса алады.

Жалпы, бүгінгі күні аталған кітапхананың 1900 оқырманы бар, облыстың әр ауданында 11 кітапхана пункті жұмыс істейді.

– Абай деген – үлкен мұхит қой. Сол мұхиттан біздің оқырмандар да құр қалмаса екен дейміз, – дейді кітапхана директоры Гүлнар Кадырова.

Мейрамтай Иманғали

Бұл шара үлкен тойдың бастауындай,

Ғасырлар өте шыққан қас қағымдай.

Абайдан жалғас алған ұрпақ үні,

Елімнің қалықтасын аспанында.

Тойлайық жүз жетпіс бес Абай жасын,

Тағылым, тәлім тамған дана жасын.

Өшпес мұра қалдырған ұрпағына,

Ұлының ұлықтайық дара жасын.

Кемеңгер келбетімен келіп кірген,

Қазағым арылса деп толық кірден.

Соқтықпалы, соқпақты заманында,

Елімнің ертеңі үшін білек түрген.

Өнеге өніп тұрған өсиеттің,

Арттыру бізге міндет қасиетін.

Қара сөз қарымды өлең қалдырдың ғой,

Жер шары мойындап бір бас иетін.

Танытып бар мұрасын тойла, жұртым,

Біртуар ұлыңменен мақтан, ұлтым!

Бар тілде сөйлесінші сыр сандығы,

Табылып таланттар бұрар кілтін.

Үн қоспай тойға қалай мен қаламын,

Өлеңім, өмірдегі сен таяғым.

Шын сыры, мұңы да бар Абайлы айдын,

Жете алмай толқыныңа мен қараймын.

Қуанам сол толқынды танығанға,

Өлеңдей айдын жатыр ағып алда.

Арнасын ағысымен салып берген,

Қазаққа сөз құдірет табынарға.

Әлем Жуанханқызы,

кітапхана оқырманы

 

Осы айдарда

Back to top button