Қоғам

АБАЙ тұрақты оқырманы болған КІТАПХАНА

   140 жылға жуық тарихы бар  Семей қаласындағы Абай атындағы әмбебап кітапхана шаһардың рухани һәм білімнің ордасы. Қоғамдық кітапхана  1883 жылы 3 қазанда саяси жер аударылып келген көрнекті қоғам қайраткерлерінің, Абай Құнанбайұлының ұйымдастыруымен негізі қаланып, облыстық Санақ комитетінің қамқорлығына алынады.

Кітап қорын шетел және орыс ойшылдары мен ақын-жазушыларының еңбектері құрады. Кітапхана қала тұрғындарымен және интеллигенциясының бір жерде шоғырланатын мәдени орнына айналды. Кітапхана ашылған жылы 130 оқырманы, 274 дана кітап болған. Оның ішінде төрт қазақ оқырманы болғаны жайлы 1894 жылы Семей облыстық санақ комитетінің жарық көрген кітабында жазылады. Мұнда ғылыми журналдар, «Вестник Еуропа», «Руский вестник», «Русская мысль» сынды сол кездегі белді басылымдар мен  орыс классиктері Л.Толстойдың, М.Салтыков-Щедриннің, И.Тургеневтің, А.Чеховтың,  Н.Гогольдің, Ф.Достоевскийдің, И.Гончаровтың авторлық шығармалары оқырмандардың қызығушылығын тудырды. Американдық публицист Джордж Кеннан  Семейге келген сапарын және қаладағы кітапхананың бай қоры мен оқырмандары жайлы «Сібір және сүргін» кітабында былайша жазады: «Тіпті қырғыздардың өзі – деді ол, – кітапхананы ерекше пайдаланады. Мен осында Бокль мен Дреперді оқыған бір оқымысты қырғызды білемін».

–  Семейде Бокль мен Дреперді оқыған қарт қырғыздың бары рас, –  деді тағы бір жас студент.

– Иә, – деп жауап берді Леонтьев. –  Мен оны бірінші рет көрдім. Ол менен индукция мен дедукция арасындағы айырмашылықты түсіндіріп беруді өтініп, керемет таңғалдырды. Оның ағылшын философиясын зерттеп, орысша аудармасы арқылы мен атаған барлық авторларды оқып шыққанын кейін білдім.
– Әйтсе де сол оқығандарынан бір нәрсені түсінеді деп сенесіз бе, – деп сұрады әлгі студент.
– Мен одан Дрепердің «Европа ақыл-ойының дамуы» деген кітабы бойынша екі кеш бойы сынақ алдым, – деп қарсы дау айтты Леонтьев. – Ол өте жақсы түсінеді, мен бұған сізді сендіре аламын».

Жоғарыда келтірілген үзіндідегі «оқымысты қырғыз», «қарт қырғыз» делінген сөз тіркестері Абайға арналып айтылғаны даусыз. Кітапхананың ашылуынан бастап хакім Абай осы жердің тұрақты оқырманы болды. Ғылым-білім ордасындағы мол қазынадан рухани азық алумен қатар, Е.Михаэлистей пікірлес досын тапқан. Е.Михаэлистің кеңесімен Абай енді тек көркем әдебиеттің озық үлгілерін ғана емес, философия, жаратылыстану, тарих тәрізді ғылым салалары бойынша энциклопедиялармен, сөздіктермен, анықтамалармен танысып, әдебиеттерді талғап оқитын болған. Белгілі абайтанушы, ғалым Асан Омаров хакімнің жан-жақты болғаны жайлы былай ой түйіндейді. «Абай кітаптың сарқылмас рухани қазына, білім бұлағы екенін жақсы түсінді. Хакім осы кітапхана арқылы  Пушкин, Лермонтов, Крылов, Некрасов, Салтыков-Щедрин, батыс қаламгерлерінен Гете, Шекспир, Шиллер, Гейне, Байрон, Бальзак сынды ақын-жазушылардың, батыстың ойшылдары мен философтарының еңбектерін оқыды. Бұл кітап жазбаларының талайын Абай қолына ұстап, неше рет қайталап оқыды десеңші. Кітапханадан кітаптар мен журналдарды үйіне оқуға алатын әдеті де бар еді. Бұл туралы Турағыл өзінің естелігінде былай деген: «Таңертеңнен  кешке шейін, көбінесе кітабын оқиды да, ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, қолында қарындашы, күңіреніп отырып өлең жазып тастайды». Міне, осыдан-ақ Абайдың  қандай жан болғанын көре аламыз»,  –   дейді Асан Омаров. Иә, көп оқығандығының жемісі болар, қайталанбас туындыларды дүниеге әкелді. Кітап арқылы батыстың, шығыстың озық ойлы ойшылдарының еңбектерімен танысты.

Абайдың Абай болып қалыптасуына кітапхананың үлесі зор екендігіне көз жеткізе аламыз. Абай Семейге ат басын бұрған сайын кітапханаға жол салатын. Осында жан рақатын тауып, мұңдас, сырлас, айнымас серігі болған кітаптың тұнығына бойлап, рухани ләззат алатын. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын. Бүгінде кітапхана қорында сақталған  бастауыш білім беру қоғамының 1893-94 жылғы жұмыс есебінде Абай ұлдары Ақылбай, Мағауиямен бірге аталған ұйымға мүше болып жарна төлеп, өз кезегінде қаржы қайырымдылық шараларға жұмсалып отырған деген мәліметті кездестіреміз. Ал алаштың арысы Әлихан Бөкейханов «Семейдің орыс географиялық қоғамының бөлімшесі» кітабында Ибраһимнің дүниеден өткені жайлы қазанамада оның қайраткерлігіне тоқталып, адамгершілігіне үлкен баға береді.

140 жылға жуық  тарихы бар,  оқырман қуанышына айналған мәдени ошақ  бүгінде дамыған, жетілген ғылыми-мәдени  орталық дәрежесін иеленіп отыр. Заман талабына сай қызмет етіп, әртүрлі инновациялық технологияларды пайдалануда. Мұнда келушілер электронды каталогты, ғаламтор желісін пайдалана алады. Кітапхана жайлы ақпаратты (http://www.semeylib.kz.) веб-сайты арқылы көруге болады. Сонымен қатар көшпелі кітапхана жобасы, кітапхана түні, библио-күн, ақын-жазушылардың оқырмандармен кездесуі, кітап көрмелері,  арбалы-мүгедектерге үйлерінде кітапханалық қызмет көрсету үшін «Книгоноша» әлеуметтік жобасы сынды әртүрлі шаралар өткізіп тұру дәстүрге айналған. 19 мыңнан артық оқырманы бар Абай атындағы әмбебап кітапхананың қорында  400 мыңға жуық кітап, бұған қоса әртүрлі кезеңдегі қазақ және орыс тілдеріндегі сирек кездесетін басылымдар да осында сақтаулы. Сирек басылымдар қоры қағазы сарғайған, аға толқынның қолынан өткен құнды дүниелерден тұрады. Бұл –  кітапхананың тарихи бөлімі. Мұнда XVIII ғасырдың 2-ші жартысынан бастап ХХ ғасырдың бас кезіндегі ресейлік кітап баспа туындыларынан, ХХ ғасырдың бас кезіндегі өлкетану әдебиеттерінен, XIX ғасыр мен ХХ ғасырдың басында жарық көрген ресейлік және өлкемізге қатысты императорлық орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің запискалары мен кеңестік дәуірдегі мерзімді басылымдар бар. Сондай-ақ ұлы жазушылар шығармаларының, қазақ зиялыларының туындыларымен ерекше құнды. 4 500-ге жуық әдебиеттер қоры кітапхананың алтын қорын құрайды. Абай Құнанбайұлы осындай жауһар дүниелермен білімін жетілдіріп, өшпестей мұра қалдырды. Абайды оқып, таңырқаған жандар көп. Ақынның өлеңімен сусындап, қарасөздерінен мол ғибрат алдық. Бүгінде хакімнің шығармалары оқырмандарды рухани молайтып, қараңғы түнде жүректеріне жарық сәулесін шашып тұрғандай. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген осы емес пе? Бар рухани байлықтың алтын кені болған кітапхана қоғамның мәдени дамуына өз үлесін қосып, әр уақытта өз оқырмандары үшін қызмет етуде.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Осы айдарда

Back to top button