Мәдениет

АБАЙ ТОЙЫ ХАЛЫҚҚА ҚУАТ БЕРДІ…

   (Жалғасы. Басы газетіміздің №92,95 сандарында жарияланды)

  Қажымұқанның Қарауылға сапары

Ұлы адамдар жайлы аңыз әңгімелер әр уақытта, әртүрлі айтылады. Біреу көзбен көргенін айтса, енді біреу  естігенін көргендей қылып айтады. Дегенмен сол аңыз адамдарды бала күнінде көргенін айта алатын ағалардың да қатары сиреп қалды. Ортамызда қалғаны бірен-саран ғана. Сондай көзі қарақты қариялардың бірі – Молдабек  Жанболатұлы.

Молдаш аға, сізді күш атасы атанған Қажымұқанды өз көзімен көргендердің бірі дейді…

– Бұл – ұлы Абайдың ел көлемінде алғаш тойланған 100 жылдық мерекесінде болған оқиға. Ол уақытта мен 8-9 жастағы ес тоқтатып қалған баламын. Қажымұқан  атамыз сол сапарда Абай еліне алғаш рет келді. Қажымұқанды бір көрудің өзі әр қазаққа арман еді. Оның үстіне, соғыс аяқталып, ел есін енді жиған тұс болатын. Осының өзін Абай елі жақсы ырымға балады. Батыр келетінін естіген ағайын күн санап күтумен болды. Жолын тосқан біреулер «Қажымұқан Аягөз арқылы пойызбен келеді екен» десе, енді біреулер «Бұл тойда цирк өнерін көрсететін көрінеді, сондықтан Семейден келеді» деп  елеңдеумен болған екен.

Абай елінің тұрғындары Семей қаласына жақын  болғандықтан, олардың арасында «Түйемойнақ» аралындағы Қажымұқанның цирк өнерін талай тамашалап, Майраның әнін, Исаның жырын тыңдаған ағайындар ол уақытта Қарауылда аз емес болатын. Белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов өз естеліктерінде: «Біздің үйге Қажымұқан, Майра, Иса, Естайлар жиі бас қосатын. Қажекең сөзге шешен,  бірақ аса көп сөйлемейтін. Өзін үнемі байсалды ұстайтын, зор дауысты болатын. Бір отырыста: «Руым – қыпшақ, Қобыланды батыр тұқымынанмын. Біздің тұқымда әр жүз жыл сайын бір зор ұл туады екен, болмаса асқан ақын, асқақ әнші туады екен» деп отырушы еді, – дейтін. Шыңғыс елінің асыға күткені де Қажымұқанның осы өнері шығар.

Қош, сонымен, Қарауыл оқиғасына қайта оралайық.

– 1945 жылдың тамылжыған тамыз айы. Бала болған соң  күні бойы Қажымұқанның келуін күттік. Ол уақытта көліктің аса қат уақыты еді. Сол кездегі дөкей деген машина шағын ғана брезентпен тысталған «легковой». Үсті ашық, қасында ересектеу ер баласы бар. Батыр сыймаған соң, осылай ашып  қойған десті. Қажымұқанды ауыл сыртындағы той салтанаты өтетін киіз үйлердің біріне түсірді. Халық батырды бір көруге асықты. Ол күні балуанды көруге біздің қолымыз жетпеді.

Ертесінде біздің үй батырды таңғы асқа шақырды. Әкем  Жанболат кезінде қалада тұрған, тегі Қажымұқанды танитын болуы керек. Кім білсін, әйтеуір, біздің үйге келді. Есіктен-тесіктен сығалап, дауыстарын ғана естідік, өзін көре алмадық. Шай үстінде үлкендердің бірі:

– Қажеке, баяғыда шөп тиелген ат шананы сүйрете алмай, болдырған атты шананың үстіне лақтыра салып, өзіңіз сүйретіп келді деген рас па? Өз ауызыңыздан естісек деп едік, – деді.

– Сол да сөз болып па? Мен қазір қажет болса машина  көтерем, – деді балуан жайбарақат қалпы.

Сыртта тұрған балалар «Ойбай, машина көтереді екен!» деп шуылдадық.

Таңғы астан соң біздің үйдің алдында батырдың өнерін  көреміз дегендердің қарасы мол болды. Ортада әлгі өзі келген жеңіл көліктің ішінде жүргізуші отыр. «Тағы көре алмайтын болдым-ау» деп тұрғанда, ортадан шағын ғана саңылау ашылып, біреудің бұтының арасынан өтіп ортаға жеттім-ау, әйтеуір. Қарасам, Қажымұқан әлгі машинаның алдында тұр. Басы тақыр, үлкен ақ дамбал киген. Кеудесі жалаңаш, екі емшегі салбыраған. Жақындауға батылым бармады да, біреудің алдына отыра кеттім. Жұрттың гу-гу әңгімесі құлақ тұндырады. Балуан машинаның қасына келгенде, жұрт сілтідей тынды. Арт жағындағы ұстауышты (крюк) бір қолмен сығымдай ұстап, жүргізушіге бір қолын көтерді. Сол-ақ екен, машина орнында шаңдатып  тұрып  алды. Жұрт бөркін аспанға көтеріп шуласып кетті. Білетіндер «Орманбет, Орманбет!» десіп жатты.

Орманбет деген кім болды екен?

– Бұл Қажымұқанның ұраны екен. Батыр машинаны орнына қойып, екі қолын жоғары көтеріп, жан-жағына қарады. Осы тұста той салтанатының басталатынын хабарлады. Қажымұқан иығына шапанын іліп, той өтетін жаққа беттеді.

Түс ауа «Қажымұқан күреске түседі екен» дегенді естіп, жан ұшырып тағы жеттік. Той болатын алаңда жұрт екіге жарылып отыр екен. Алаңның жоғарғы жағындағы құрметті қонақтар отырған жерге ақ киіз төселіп, ортасында  иығында шапаны бар, ақ көйлек-дамбал киген Қажымұқан жайғасыпты. Алаң ортасына жету мүмкін емес.

«Батырмен күресуге бес-алты балуан дайындалып жатыр екен» дегенді естідік. Енді бір сәтте «Қажымұқан күреске түспейтін болыпты. Жергілікті балуандар: «Қажекеңді  жағасынан ұстамаймыз» деп  шешіпті» дегенді де құлағымыз шалып қалды. Ол уақытта сондай ұстаным бар еді. Батырын құрметтеген халық тойдың бас бәйгесінің жолын берді. Ол тоғыз түйе болатын. Батыр оны ризашылықпен қабылдапты. Алаң сыртында тағы дақпырт жетті, «Енді Қажымұқан түйе көтереді екен» деген. Балалығым болар, ебін тауып батырдың  сырт жағына шығып алдым. Шапан киіп отыр, сондай алып адам екен. Сол жағына келіп қарасам, екі құлағының майлығы жыртылған, танауының желбезегі де екі жерден жыртылған екен. Енді оң жағына келдім. Дәл сондай, құлақтың майлығы мен танауының желбезегі жыртылыпты.

Қорыққан жоқсыз ба?

– Баламын ғой, көз алдыма ертегідегі дәу-перілер елестеп, өз-өзімнен шегініп кеттім. Бұл менің Қажымұқанды алғаш рет жақыннан көруім еді. Осы уақытта екі жігіт жетектеп ортаға  атан түйені әкелді.

Халық «Көтереді, көтереді!» десіп, гуілдесіп-шуылдасып кетті. Енді біреулер «Атан түйені екі алдыңғы аяғын көтеріп  арқасына салады» десе, үлкендер жағы «Циркте ат көтерген сияқты көтереді» деп желпініп алған.

Бір кезде балуан атамыз иығындағы шапанын сыпырып тастап, маң-маң басып түйенің қасына келді де, алдыңғы өркештен ұстады. Өркешінің өзі баладай, семіз атан екен. Өркештен сығымдап ұстап ырғағанда, әлгі атаның екі жаққа теңселді. Ырғаған сайын төрт аяғы кезек көтеріледі. Ел енді «Ойбай, құлатады!» деп шуылдасты.

Батыр тағы да бір-екі ырғады да, екі қолын жоғарыға көтеріп, жиналғандарға ишарат білдірді. Жер-жерден келген жұрт ризашылықтарын білдіріп, ұзақ қол соқты.

Арт жағыма қарасам, үстінде сұр жұқа пальтосы бар, басында шляпа, мәз болып отырған  Мұхтар Әуезовті көрдім.

Кешқұрым тарқаған жұрт «Қажымұқан түйені қалай көтерді?!» деп табанда аңызға айналдырды.

Әкемнен естуімше, мерейтой комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезов Қажекеңе қатты риза болып, Абай елі атынан бәйгеде қара үзіп келген аттың бәйгесін Қажымұқанның қанжығасына байлапты.

                 Сұхбаттасқан Қадырбек  Кәкімұлы

Осы айдарда

Back to top button