Мәдениет

«Абай – Шәкерім» ораториясы елімізде тұңғыш рет Өскеменде орындалды

«Абай - Шәкерім» ораториясы елімізде тұңғыш рет Өскеменде орындалды

Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында облыс Әкімінің бастамасымен Абай мен Шәкерім шығармаларынан концерт өтті. Кеште әйгілі ағылшын композиторы Карл Дженкинс жазған «Абай-Шәкерім» ораториясы орындалды. Оған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, осы жобаның ұйымдастырушысы, белгілі кәсіпкер Медғат Құлжанов қатысты.
Әлемнің әр елдерінде қойылып, елдің ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан бұл оратория елімізде тұңғыш рет Өскеменде орындалып отыр. Шекті аспаптар, аралас хор, соқпалы аспаптар, фольклорлық топ, жеке скрипка мен жеке дауысқа арналған ораторияны облыс Әкімінің симфониялық оркестрі орындады.
Концерт «Абай симфониясы» және «Шәкерім симфониясы» атты екі бөлімнен тұрды. Біріншісінде көрерменге Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» сынды әйгілі әндері орындалса, екінші бөлімінде Шәкерімнің «Анадан алғаш туғанда», «Той» сынды шығармалары ұсынылды. Ұлылардың шығармасы арқау болған кешке халық көп жиналды.
– Қадірлі жерлестер, мен сіздердің аттарыңыздан осындай үлкен шығарманы біздің өңірге алып келген Медғат мырзаға алғыс айтқым келеді. Мәкең музыкамен айналысып жүрген жай ғана өнер адамы емес, Зайсандағы мұнайға Қытайдан инвестиция тартқан белгілі кәсіпкер. Осы кісілердің арқасында «Туған жерге – тығзым» акциясы аясында Абай өңірінде үлкен спорт кешені бой көтерді. Басқа да кәсіпкер азаматтар туған жерін түлетуге еселі үлес қосып жүрген осы кісілерден үлгі алуы керек, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құттықтау сөзінде.
Ұлы тұлғалардың ұлы шығармаларын орындаған хорға облыс Әкімі симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Александр Галсанов, ал аралас хорға Лейла Солтанова мен Әсел Темірова, сондай-ақ, фольклорлық топқа Шалқар Рысханов дирижерлік етті.
– Бұл симфонияны Қазақстанда тұңғыш рет шығысқазақстандықтар тыңдауда. Біз бүкіл әлемді аралап шықтық. Бүгінгі концертке халықтың осынша көп жиналғанына таңғалдым. Оркестрдің кәсіби шеберлігі шыңдалып келеді екен. Осы кештегі симфонияны тыңдай отырып, Абай симфониясына балет те жазуға болатынын аңғардым, – дейді Медғат Құлжанов.
Кеш соңында ерекше өнер көрсеткен аталмыш ұжымға облыс Әкімінің ықылас гүлі тарту етілді.

«Абай - Шәкерім» ораториясы елімізде тұңғыш рет Өскеменде орындалды

Медғат Құлжанов аталмыш шараның алдында жергілікті ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, ораторияны жазуға қалай тапсырыс бергені, оны шетелдіктердің қалай қабылдағаны туралы әңгімелеп берген болатын.
– Өткен ғасырдың 50-ші жылдары. Ол кезде мен он жас шамасында едім. Ол кезде Шәкерім халық жауы деп есептелгендіктен, оның әндерін айтпақ түгілі, есімін ауызға алу қорқынышты еді. Сол кезде менің әкем Шәкерімнің әндерін ел жоқ жерлерде айтып жүретін. Маған өнерге деген, Шәкерім әндеріне деген махаббат сол кісіден дарыған сыңайлы. Бертін келе Шәкерім ойшыл ақталғанымен, ол туралы насихат өте аз болды. Мен Шәкерім әндерімен оның 150 жылдық тойынан бастап шындап айналыстым. 2009 жылы оның әндерін Карл Дженкинске көрсеткенімде ол жақсы симфония шығатынын айтты. Содан аталған симфония 2010 жылдың қазан айында Лондонда орындалып, үш мыңнан астам көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Соңынан оған «Абай» симфониясын да қосуды жөн көрдік. Енді міне, Шығыс еліне ұсынып отырмыз. Біздің бұл еңбегімізді қолдап, қуаттаған облыс Әкіміне рахмет, – деді ол баспасөз мәслихатында.
Аманшылық болса, бұл оратория биылғы жылдың қараша айында Нью-Йорк тұрғындарына ұсынылмақ көрінеді. Бір қуанарлығы, жоба авторы мейлі қай жерде өтсе де, хордың тек қазақ тілінде айтылуын талап етеді екен.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button