Абай өлең жазбаған ермек үшін…
Абай өлеңдерін мұқият оқыған адам оның буддизммен, зороастризммен, христиан діндеріндегі философиялық қағидалармен таныс болғанын аңғарады. Абайдың буддизмге тікелей қатысы турасында арнайы әңгіме бола қойған жоқ.
Соған орай тілімізге тиек етіп М.Әуезовтің мына пікірін келтіре кеткеніміз жөн болар: «Өз айтуынша, отыздың ішінен бастап, орыс оқымыстыларының көп кітаптарын оқып, қырыққа таман келген уақытта бұрынғы дүниенің асты-үстіне шығып өзгереді. «Күншығысым-күнбатыс, күнбатысым-күншығыс болып кетті» дейді. Әрине, оның мұндағы күнбатысы -өзі тілін, өнерін үйренген Ресей. Абай әрбір жақсы сөзді оқыған соң, соның ағымына ақыл-оймен терең бойлайтын әдет табады. Мәселен, Будданың жайын оқып шыққанның артынан: «Будданың сөзі қалай терең еді, жасымда кез келмеді-ау!» – деген екен.
Ақын теңеулеріне Некрасовтың қатысы жоқ
Абайдың «адам» туралы ой-толғаныстарында, айғайлап тұрмаса да суфизм мен буддизмнің әсері анық байқалады. Ақын адамды Алламен бірге атап қана қоймайды, тіптен, керек десеңіз, адамның дамуын шектемей, оны тым биіктетіп әкетеді. Алла -жаратушы, Алла-шындық, бірақ өмірдің, әлемнің қозғаушы күші – адам. Мұндай гуманизм буддизмге тән. Осы дін бойынша, егер адам будда бола алса, ол құдайдан да биік деген қағида бар.Сірә, осы тұжырымды суфистік ғұламалар да буддизмнен алып, өздерінше дамытқанға ұқсайды. Адам жөніндегі осы буддистік-суфистік көзқарас Абай шығармашылығының өзегіне айналған. Алланы сүю деген сөз ақын түсінігінде адамның өз бойындағы рухани қуатын ашу дегенмен пара-пар. Алланы сүю арқылы адам тиянақты да нақтылы гуманист атанбақшы. Алла жаратушы болғанмен, жарылқаушы болғанмен, ол—адамзатқа қызмет ететін рух. Алла мен адам бір-бірінсіз мәнсіз, мағынасыз болмақ. Алла шындық болған соң, ешқашан адам өлмек емес. Сондықтанда ақынның: «Мені» мен «менікінің» айырылғанын, өлді деп ат қойыпты өңкей білмес», – деуі орынды. Алла мәңгілік болса, адам туралы ақиқат та әлімсақтан мәңгілік, яғни, оның өзі болмаса да ұрпақтан-ұрпаққа көшетін аруағы мәңгілік. Алла да, адам туралы ақиқат та мәңгілік.
М.Әуезов Абайдың «Қыс» атты өлеңін талдай келіп, қысты кәрі шалға теңеуді орыс поэзиясынан, дәлірек айтсақ, Некрасовтан алған деген ой айтады. Мүмкін, бұл дұрыс та шығар, бірақ айлардың адам кейпінде көрінуі-зороастризмде қалыптасқан дәстүр. Мұнда бірден көзге түсетіні – зороастризм күнтізбесіндегі айлардың, күндердің атаулары.
Бір сөзбен айтқанда, «Қыс» образын адам кейпінде беру – Абайдың өзі ашқан жаңалығы. Абай өлеңдерінде қысты ғана адам кейпінде суреттеумен шектелген жоқ, соның айғағындай «Жазғытұры» деген өлеңінде: «Күн-күйеу, жер-қалыңдық сағынысты, құмары екеуінің сондай күшті», – деп бір кетеді. Сонда күннің-күйеу, жердің-қалыңдық атануында да Некрасовтың әсері болғаны ма? Бұрын мұндай қазақ фольклорында кездеспеген образдарды жасау-ақынның өз жаңашылдығы.
Абайды көп зерттегенде, оның философиялық көзқарасы хақында жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ арнайы мақала жазғанда – Мүхтар Әуезов. Ол:«Абайды философ деуге болмайды. Себебі, философ болу үшін белгілі философиялық жүйе болу керек. Абайда олай емес. Абайда данышпан ақындарда болатын философиялық пікір бар»,-дегенеді.
Абай-философиялық жүйе құрастырмаған ойшыл, бірақ оның дүниетанымында жүйе жоқ дегенмен келісе алмаймыз. Абай-әлемге көзқарасы қалыптасқан, өзіндік философиялық түйіндері бар ғұлама. Бұған мысал ретінде тек отыз сегізінші қара сөзін алсақ та жеткілікті.
Ә.Қоңыратбаев «Фараби және Абай» деген мақаласында осы отыз сегізінші қара сөзі жайында: «Бұған әзірше ешкімнің тісі батпай жүр. Мұны түсіну үшін араб тілін білу жетімсіз, сонымен бірге ислам философиясын білу қажет. Мұнда Абай Фейербахша дінді реформалап, соны жаңалыққа бейімдегісі келеді. Қайшылығы бар. Ол Фейербахтың «Махаббат діні» деген еңбегіне ұқсайды. Алайда Абайдың отыз сегізінші, қырық үшінші қара сөздерінің бас тақырыбы Алла емес, адам бойындағы табылмаған қасиеттер. Дінді Абай антропология теориясымен түсіндіреді. Өйткені адам құдайды өзіне ұқсатып жасаған, сондықтан негізгі жаратушы адам, ол өзін Аллаға ұқсатуға тиіс»,-дейді. (Ә.Қоңыратбаев. Қазацэпосы және түркология.—Алматы,1987.—329-6.).
Өкінішке қарай, Абайдың осы терең пікірлері әлі маман философтардың назарына ілінбей-ақ келеді. Оның ең басты себебі –біздің кеңес дәуіріндегі философтардың Абай оқыған ислам философиясына мән беріп зерттемегендігінде. Ислам философиясына үңілмей, Абайдың көзқарастарын талдау өте қиын шаруа.
Бізге-ел болып, ес жинайтын кез келді
Абай-қоғам дамуының обьективті заңдылығын танып, соған мойынсұнған ақын. Ақын түсінігі «құдай жазуы», «маңдайыңа не жазылса, сол болады» деген фаталисті догмадан тыс. Ол: «…сен асыққан екен деп, Алла әмірін өзгертпес», – деп Алла арқылы дүние заңдылығын айтып отыр. «Алла эмірі» Абай үшін тек діни ұғым емес, болмай қоймайтын, іске асатын шындық. Бірақ Абай заманында әлемнің даму заңдылығын «Алланың әмірі» деп айтқанның еш сөкеттігі жоқ болатын, ол –халық үшін түсінікті ұғым.
Реалист ақын өз дүниетанымын халқына ұғынықты түсініктермен беріп, халық санасынан алшақ кетпеген. Болмыс-бітімін айшықты етіп ашып беруде ешқандай өзге тілге жалтақтамай, әлемнің қат-қабат құбылыстарын өз халқына түсінікті тілмен жеткізген. Оған лексикалық қорымызға енген философиялық ұғымдар мен терминдер толық мүмкіндік берген. Сонымен бірге Абай жаңа ұғымдарды қалыптастырған немесе бұрынғы мазмұнға үстеме беріп, оларды философиялық деңгейге көтерген.
Мысалы, қазақ тілінде «пысық» деген сөз ертеден бар. Бірақ осы сөзден жаңа заманға сай, Абай әлеуметтік құбылысты бейнелей алатын ұғым жасаған. «Сабырсыз, арсыз, еріншек» деген өлеңінде «пысық» дегеннің кім екенін тәптіштеп тұрып баяндаған. Өкінішке қарай, кейінгі қиын-қыстау шақта да Абай меңзеген пысықтар – шолақ белсенді, атқамінерлер, әпербақандар өріп шыға келді. Халықты қуырып, тоз-тозын шығаратын сол «шолақ белсенділердің» қандай заманда өсіп-өніп шыға келетінін ақын көрегендікпен болжаған. Абай өмір қайшылығын жанымен, жүрегімен сезінген, санасына жеткізген, бірақ осы қайшылықтардан шығудың жолына келгенде, оның өнерге, білімге, адамгершілікке шақырған «үндеулеріне» қарап, оны ағартушы-демократтар санатына жатқызамыз.
Абайды «ағартушы» дегенде, ол ешқашан қазаққа «Қазақы тұрмыстан қолыңды үз, өзге жұрт бол, дініңді, тіліңді жой» деген жоқ. «Басыңдағы кеселді қылықтан арыл, тазар, өзге жұртқа қарап, өзіңді көр, мініңді түзе» деді емес пе? Егер осындай уағызды ағартушылық десек, большевиктер ұғымындағы ағартушылықпен оның үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Өйткені большевиктер қазақы тұрмысты жоққа шығарып, мұсылманшылық ұғымды, дінді таптады, тілін жойды, бір ауыз сөзбен айтқанда, рухын қорлады. Қысқасы, ұлт болып өмір сүруге барынша кедергі жасалды.
Ұлттық мүддеге өрт салған саясатты ағатрушылық деуге болмайды. Сондықтан бұл ағартушылық емес, саяси бүркемеленген миссионерлік сана.
Ағартушылық таза идеологиялық ұғым болғандықтан, Абай сияқты біртуар түлғаларды оқып-үйрену саяси қажеттілікке айналды. Елуінші жылдардан сексенінші жылдарға дейінгі Абай туралы жазылған зерттеулердің көбінде Абайды ағартушы деп, оны болыневиктер ілімініңд ұрыстығының айғағы (аргумент) ретінде пайдаланған. Сондықтан Қазақстандағы ағартушылық – қазақ халқын тәуелсіздікке бастамайтын, керісінше, құлдық санаға бас июге тәрбиелейтін халық мүддесіне кереғар жүргізілген саясат.
Қазақстанда ұлттық идеяға құрылған ағартушылық жаңа ғана бой көрсетіп келеді. Ағартушылық –ұлттық сана-сезімді ояту үшін қызмет атқаратын мәдени-саяси құбылыс. Бүгінде миссионерлік-ағартушылық саясаттың жемісі айқындалып отыр. Ол -ұлттық идеяға қарсы тәрбиеленіп өскен қазақ зиялылары. Олардың ортасы –Батыс мәдениеті.
Батыс өркениеті өз аймағы үшін құнды. Батыс –мұсылман рухына келе бермейтін басқаша христиан әлемі. Батыс мәдениетін білу пайдалы екеніне сөз жоқ. Бірақ бұл тағыда ұлттық дамуды шектеу факторы болып табылатынын ескерген жөн. Батыс пен қазақ мәдениеті бәсекеге түспеуі керек.
Біз – ұлттық генофонымызды (қорымызды) шашып алған халықпыз. Өзімізді өзіміз танып, дамуымыз үшін уақыт қажет. Халық болып топтасып, ес жинау керек. Бар-жоғымызды түгендеп алу-егемен болған елдің атқаратын басты ісінің бірі. Кезінде көне түркі мәдениетін араб-парсылар әкелген, одан беріде Қазақстанда орыстардың Шығысқа жылжуы нәтижесінде келген христиан мәдениеті үстемдік етіп келді. Алдағы уақытта осы үрдіс қайталанып жүрмей ме деген күдіктің ойға келуі заңды.Қорыта айтқанда,қазақ зиялы қауымының алдында рухани тұрғыдан тағыда жол таңдау мәселесі кесе-көлденең тұр. Абай: «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ»,- деген. Адасып жүріп жөн тауып, соңымыздан ұрпағымыз ерсе, өз жолымызды қалдырсақ деген пікірдемін.
Ғарифолла Есім,
академик, абайтанушы-философ