Мәдениет

Абай әлеміне еніп кеткендей болды

Абай әлеміне еніп кеткендей болды


Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында Наурыз мерекесіне орай суретші, зергер Сержан Бәшіровтің «Абай жолы – руханият жолы» этнографиялық жеке көрмесі ашылды. «Көрменің мақсаты – келешек ұрпаққа қазақ халқының зергерлік өнерінің тарихы мен салт-дәстүрін таныстыру», – деп атап көрсетті мұражай директоры Болат Жүнісбеков.

Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының тумасы суретші Сержан Бәшіров Алматының Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітіріп, металды көркем өңдеу мамандығын алған. Этноавангард стиліндегі көптеген зергерлік бұйымдардың авторы. Жұмыстарында күмісті, сүйекті, маржанды, көгілдір ақықты, ал инсталляциялар үшін ағашты, киізді, металды пайдаланады. Оларды түрлі техникалық шешімдерді пайдалана отырып қолданады. Бұйымдарында сан қилы стильдер мен мотивтер үйлесім тауып жатады. «Керулен», «Пайцза», «Үш белгі» жұмыстары мамандар тарапынан жоғары бағаланған. Көптеген халықаралық, республикалық көрмелер мен байқауларға қатысып, жеке көрмелерін ұйымдастырған.

Көрмеге келген жазушы-этнограф Молдабек Жанболатұлы Сержан Бәшіровтің этнографиялық бұйымдарды жинақтап, қайта қалпына келтіру және зерттеу бағытындағы жұмыстарына ерекше баға берді. Суретші туған топырағындағы көрмені ұйымдастыруға ұйтқы болған ұжымға алғысын айтты. Жаңа форматтағы аудио-бейне құралдары қолданылып, «Абай жолы» романынан үзінділер келтіріліп, көрмеге қойылған әрбір экспонаттың мәні мен маңызы мейлінше айшықталып ашылған.

Қызықтаушылар назарына көненің көзіндей болған сандық, кебеже түрлері, тұскиіз, алаша, оларды тоқуға арналған құрал-жабдықтар, ер адамдардың белбеулері, ат әбзелдері ұсынылды. Көгілдір көктемде, Наурызда қазақ қыздарының әсемдігі мен сұлулығын паш еткен сүмбіле, шашақты сырға, жүзік, білезік, шашбау, өңіржиек түрлері көздің жауын алғандай.

Шара барысында Семей қаласының Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің студенттері Абайдың шығармашылығынан шашу шашты. Әз Наурызды әнге қосты. Ұлыстың ұлы күнін ұлағаттаудың үлгісін көрсетті. Көрмеге келген Семей қаласының мәдени ошақтары мен зиялы қауым өкілдері, студенттері зергер коллекциясын қызыға тамашалады.

– Мен Абайдың, Шәкерімнің, Мұхтардың кім екенін бұған дейін жетік білмедім. Музейді аралап жүріп, көптеген құнды құжаттарды, ақынның өміріне байланысты толық деректерді көрдім. Сол арқылы Абайдың шығармашылығымен жақынырақ таныстым. Күллі қазақ әдебиетіне зор үлес қосқанын сездім,-деді Германиядан келген ғалым, доктор Герд Банзел. – Өте керемет! Сіздердің мұражайларыңызға қайран қалдым. Қазақ әдебиетін Абайсыз елестету мүмкін емес екен. Музейлеріңіздің үлкендігі көңілге қуаныш ұялатады. Шағын болса, жараспас еді. Ұлы адамның музейі ұлыға лайық болғаны дұрыс. Абайдың неміс тіліндегі өлеңдерін оқығым келеді. Германияға барғанда міндетті түрде Абайдың кітабын іздеп тауып, оқуға тырысамын. Әлеуметтік желіден де қарастырамын. Біздің елде де классикалық жазба ақындар бар. Олар: Гете, Шиллер, Куфиланд, Клаусгорд. Абайдың Гетеден аударған өлеңдерін осы мұражайдан көрдім.

– Наурыз қарсаңында халық игілігі үшін көптеген игі шараларды қолға алып жатырмыз,-деді мұражай директоры Болат Жүнісбеков,-соның бірі осы «Абай жолы» көрмесі. Сондай-ақ, жастарды «Қазақ Елі» анимациялық фильмін көруге шақырып отырмыз. Ол Каир қаласында өткен анимациялық фильмдердің X форумына қатысып, «Ең үздік толық метражды фильм» жүлдесіне ие болған. Аталмыш туынды болашақ хандар – Жәнібек пен Керейдің балалық шағы мен есею жылдары туралы баяндайды. Мұнымен қоса «Абай жолы» романының авторы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120, жазушының драмалық шығармасы «Еңлік-Кебек» пьесасының сахнаға қойылғанына 100 жыл толуына орай кітап көрмесі ашылып отыр. 1917 жылы Ойқұдық жайлауында Тұраштың қызы Ақыштың ұзатылу тойында Әйгерімнің қосақтала тігілген екі киіз үйінде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылды. Пьесадағы Еңлік рөлін Ахмет Әуезов, Кебекті Ақкенже, Абыз рөлін Ізкәйіл сомдаған. Ойынға елу тиыннан билет сатылып, жиналған 54 сом 50 тиын қаржы Құлжадағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға көмек ретінде жіберілген.

Бұл қойылым қазақ әдебиетінің драматургиядағы алғашқы қадамы болды. Көрмеге Еңлік пен Кебек оқиғасы жайында алғашқы жазба дерек болып табылатын, 1892, 1900 жылдары «Дала уалаяты» газетінде жарияланған «Қазақтың естерінен кетпей жүрген бір сөз», «Қазақ тұрмысынан хикая» атты мақалалар, Мағауия Құнанбаевтың, Шәкерім Құдайбердиевтің «Еңлік-Кебек» дастандары қойылды.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button