Қоғам

Абай ескерткішін қардан тазартты

2020 жыл – еріктілердің бастама көтеріп, елге еңбек сіңіретін жылы. Семей қаласының колледждері мен жоғары оқу орындарының студенттері қолына күрек алып, қаланың мәдени нысандарын қардан тазарта бастады.

Мәселен, Абай ескерткішінің маңын қардан тазарту үшін отызға жуық ерікті шықты. Еріктілер мұндай шараларға бірінші рет қатысып отырған жоқ. Радиотехника және байланыс колледжінің бірінші курс студенті Никита Гутов қалалық «4 лапы+» мал қорасын қардан тазартуға үнемі көмектесіп келеді және бүгінгі акция туралы естіп, оны  да қолдауға шешім қабылдаған.

– Бүгін біздің колледжде ұстаздар студенттердің қайсысы ерікті ретінде ақынның 175 жылдығына орай Абай ескерткішіне іргелес аумақты қардан тазартуға көмектескісі келетінін сұрады. Көпшілігіміз қарды тазалауға шықтық. Мен ақын ескерткіші аумағын қардан бірнеше рет тазарттым, бүгін мен осы акцияға қатысуды ұйғардым, – деді Бақыт Нұртаев.

Акция аясында еріктілер ескерткіш жанындағы қарды тазалап қана қоймай, Восточный кентінде тұратын жалғызбасты зейнеткерлерге аулаларын тазартуға көмектесті. Семейдегі акцияның бастамашылары Жастар ресурстық орталығының өкілдері екенін айтады, аталмыш орталықтың маманы Думан Ешенғазин.

– Жастар ресурстық орталығының бастамасымен бүгін қаладағы мәдени маңызы бар орындарды қардан тазарту акциясы өткізілуде. Сонымен бірге еріктілер жалғызбасты қарттардың үйіне барып, ауладан қарды шығаруға көмектеседі. Абай ескерткішінің жанындағы қарды тазалаған соң Восточный кентіндегі екі мекенжайға барамыз. Біз колледждер мен жоғары оқу орындарына қоңырау шалып, осы игі акцияға қатысуға шақырдық. Бүгінгі акциямызға отызға жуық ерікті қатысып отыр,  – дейді акцияны ұйымдастырушылардың бірі Фариза Оңғарова.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button