Абай елінде Шәкәрімнің 160 жылдығы кеңінен тойланды
Абай ауданының орталығы – Қарауыл аулында ойшыл, ғұлама, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті. Осының бәріне ұйтқы болған облыс әкімі Даниал Ахметов орталық алаңда ұлы Абай ескерткішінің ашылуына, басқа да мерекелік іс-шараларға қатысты. Қоладан жасалған еңселі ескерткіштің авторы – жас мүсінші, абайлық Нұрбол Қалиев.
-Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады»,- деп атап көрсеткен болатын,-деді облыс әкімі Даниал Ахметов,-бүгін Шәкәрімнің 160 жылдық мерейтойында қоладан жасалған ұлы Абай ескерткішінің бой көтеруі – бәріміз үшін ортақ қуаныш, бабамызға көрсетілген құрмет, әрі тарихи оқиға болып отыр.
Ұлы Абай ескерткішін ашу құрметі облыс әкімі Даниал Ахметовке, қоғам қайраткері, Абай ауданын ұзақ жыл басқарған ел ағасы Хафиз Матаевқа, қазақтың көрнекті жазушысы Медеу Сәрсекеге және Абай ауданының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Нағима Құмароваға, ұлы Абайдың ұрпағы Манатай Балтақайұлына бұйырды.
Бұдан кейін жиналған қауым Шәкәрім ескерткішіне арнайы барып тағзым етті. Айта кету керек, Қарауылдағы Шәкәрім алаңы аббаттандырлып, тамаша күйге келтірілген. Саябақтың кіре берісісіне арнайы арка жасалып, түрлі-түсті шарлармен көмкерілген. Шәкәрім ескерткішінің екі жағына ақынның ұлағатты өлең жолдары жазылған. Мерейтойға келген қонақтар Шәкәрім ескерткішінің алдында ақынның «Анадан алғаш туғанда» атты өлеңін тыңдады. Қарауыл гимназиясы ұжымының ұйымдастыруымен «Кетермін, артымда сөз, әнім қалар» атты әдеби- музыкалық композиция көрсетілді. Композициялық көріністен кейін облыс әкімі Даниал Ахметов пен құрметті қонақтар Шәкәрім баба ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Облыс әкімі аудандық кітапханаға барып, \”Рухани жаңғыру\” бағдарламасы аясында \”Абай әлемі\” сериясымен жарық көрген Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармалары және Әміре Қашаубаев туралы ғұмырнамалық еңбектерді тарту етті.
Бес жолақты бассейн
Мерекесі аясында облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен заман талабына сай салынған спорттық жаңа нысан – бассейн ғимаратының ашылу салтанаты болды.
Бүгінде ауданда 11 спорт залы, 9 шағын футбол алаңы мен хоккей корттары, Спорт модулі мен «Туған жер» бағдарламасы аясында Медғат Құтжановтың демеушілігімен салынған құны 120 млн. теңгелік «Шыңғыстау» спорт кешені жақсы жұмыс істеп тұр.
– Кемеңгер Шәкәрім бабамыздың 160 жылдық мерейтойы аясында заман талабына сай спорттық жаңа нысан ел игілігіне берілді, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов,-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатының басты бағыттарының бірі – жастардың спортпен айналысуына, жақсы білім мен тәрбие алуына барынша жағдай жасау. Ертеңгі күні осы жерден тәрбиеленіп шыққан спортшылар еліміздің абыройын асыратыны сөзсіз.
Бұдан кейін облыс әкімінің атынан жаңадан ашылған бассейнге спорттық тренажер сыйға тартылды. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Төлеубек Аманғазин ел атынан алғыс білдірді. «Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Едіге Шоранов бассейннің символикалық кілтін табыстады.
Жаңа ғимараттың лентасын облыс әкімі Даниал Ахметов, спорт ардагері Майдан Мұқанов пен «Қазақстан Барысы» Айбек Нұғымаров қиды.
Бассейн күніне 40 адамға қызмет көрсетеді. Бес жолақты бассейннің ұзындығы – 25 метр,ені – 8,5 метр, тереңдігі -1,30-1,80 метр. Бассейннің сапалы әрі мерзімінде пайдалануға берілуі аудан басшылығының басты назарында болса, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы, жаңа ғимарат маңайының абаттандырылуына өз үлестерін қосты.
Абай елі – руханият Меккесі
Орталық стадионда Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы салтанатты түрде ашылды.
– Ұлы Абайдың ақын шәкірті, ойшыл, кемеңгер Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толды, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов. – «Берекелі болса ел, Жағасы жайлау, ол бір көл» деп, туған халқын береке-бірлікке шақырған данышпан Абайдың, кемеңгер Шәкәрімнің, ғұлама Мұхтардың туған жері – Ұлылар мекенінде, руханият Меккесінде ұйымдастырылып, өткізіліп отырған айтулы мерекеміз құтты болсын! Расында,бүгін қоладан жасалып, жаңадан бой көтерген ұлы Абай ескерткішінің орнатылуы және заман талабына сай ел игілігіне берілген жаңа спорттық нысан – бассейннің ашылуы– руханият Меккесі атанған Абай ауданы үшін тарихи оқиға болып отыр. Елбасымыз: «Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады» деген қанатты сөзі осыны айғақтаса керек.
Облыс басшысының игі тілегінен кейін Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойына арнайы келген Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сөз алып, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтауын оқып берді.
Жиналған жұрт кейінгі ұрпаққа ұлы Абай өнегесін, өсиетін үлгі етіп, ізгілік жол қалдырған кемеңгер Шәкәрім бабамызға арналған «Абай елі – руханият Меккесі» атты театрландырылған музыкалық-композициялық көріністі тамашалады. Көріністе «Жігіт Шәкәрім-Абайдан ұлағат», «Шыңғыстау ауданның құрылуы» және «Шәкәрімнің соңғы күзі» қойылымдары көрсетілді. Мереке барысында ақын шығармалары насихатталып, өмір жолынан үзінділер көрсетілді.
Кемеңгер Шәкәрім бабамыздың 160 жылдық мерейтойы Қарауыл төбеде, ақшаңқан киіз үйлер қалашығында жалғасты. Шәкәрім Құдайбердіұлының рухына бағышталып құран-қатым түсірілді, алыс-жақыннан келген құрметті меймандарға ас берілді.
Бұдан соң Қарауыл төбедегі іс-шаралар ұлттық спорт ойындарына ұласты. Жорға жарыс, тай жарыс, аламан бәйге ұйымдастырылды, «Түйе палуан» анықталды. Кешкісін орталық стадионда «Қаламқас» халық ән-би ансамблі мерекелік Гала-концерт ұсынды.
Раушан Нұғманбекова
Абай ауданы.