Қоғам

Абай елінде айрықша спорт кешені ашылды

Абай елінде айрықша спорт кешені ашылды

Кейінгі жылдары облыста спортты дамытуға айырықша ден қойылып, оның оң нәтижесін көре бастағанымыз рас. «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында осындай ізгі мақсатқа қызмет ететін тағы бір заманауи спорт кешенінің тұсауы Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында кесілді. «Шыңғыстау» деген қасиетті атауды еншілеген зәулім сарайдың салтанатты ашылу рәсіміне облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.
Абайлық ағайындарды арқа-жарқа қылып, төбелерін көкке жеткізгендей күй кештірген қуанышты сәтті аймақ басшысымен бірге осы нысанды 120 млн. теңге өзінің қаражатына салдыртып, жерлестеріне сыйға тартқан атымтай азамат Шыңғыс Құлжанов отбасымен тамашалады.
Сонымен бірге, берісі облысқа, арысы республикаға аты мәшһүр спорт майталмандары мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері ұлылар мекеніндегі тарихи оқиғаның қуанышын жалпақ жұртпен бірге бөлісті.
– Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатындағы басты бағыттардың бірі – жастардың спортпен айналысуына, жақсы білім, тәрбие алуына барынша жағдай жасау. Осыған сәйкес мемлекеттік бағдарлама қабылдап, адамдарды бұқаралық спортқа тартуға баса көңіл бөлінуде. Бүгінгі жаңадан ашылған «Шыңғыстау» кешені де жастарымыздың спортқа жаппай бет бұрып, денсаулықтарын нығайтуларына зор мүмкіндік туғызады. Ертеңгі күні осы жерден тәрбиеленіп шыққан спортшылар ірі жарыстарда ауданның, облыс пен еліміздің абыройын асыратын болады, – деген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бес жыл бойына өңірімізде үзбей жалғасын тауып келе жатқан «Туған жерге – тағзым» акциясына ыждаһаттылықпен атсалысқан Құлжановтар әулетіне көпшілік атынан алғыс айтты.
Иә, баба қонысынан жырақта жүрсе де шыққан тегін, түп-төркінін әсте қаперінен шығармаған меценат Шыңғыс Құлжанов өзінде барды өзгемен бөліскісі келмейтін кейбір байшыкештерге үлгі боларлық іс жасады. Тәубе, біздің Шығыс қалталы кәсіпкерге, бақуатты меценаттарға кенде емес. Мәселен, жомарт жандардың меншік қаражаттарына бой көтеріп, ауылдастарының игілігіне берілген нысандар қатарында: Жарма ауданның орталығы Қалбатаудағы Дәулет Тұрлыхановтың, Аягөздегі Төлеутай Сүлейменовтың, Үржардағы Анарбек Карашевтің және басқа да азаматтардың салдырған ірі спорттық кешендерін айтуға болады. Осылардың бәрі «Туған жерге – тағзым» акциясының нәтижесі.
– 2012 жылы отбасыммен Жидебайға келгенде Лондонда жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатқан болатын. Сол кезде маған Қарауылдағы 30-шы жылдары салынған ескі бокс және күрес залын көрсетті. Дәл сонда маған Абай ауданына жаңадан бір спорт кешенін салу туралы ой келді. Артынша мамандарға кешеннің жобасын жасатып алып, облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлына көрсетіп, ақылдасуға бардым. Ол кісі менің бұл ұсынысымды құптап, барынша қолдау көрсетті. Нәтижесінде міне, өздеріңіз көріп отырғандай керемет нысан бой көтерді. Енді ауданның балалары уақыттарын босқа ысыраптамай спортпен шұғылданып, жоғары жетістіктерге жетсін, – деп ағынан жарылған меценат Шыңғыс Құлжанов көрсеткен қолдау-көмегі үшін облыстың, ауданның басшылығына ризашылығын білдірді.

Ескі ғимаратты интернатқа айналдырмақ

Семейдің «Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған «Шыңғыстауда» бокс және күрес залдары, тоғызқұмалақ сыныбы, дене тәрбиесімен айналысатын орын, тіпті, жуынып-шайынатын моншасы да бар. Материалдық-техникалық базасы толық жарақталған, қажетті спорт жабдықтарының бәрі бар.
Осы күні жаңа кешеннің қос залында бокстан және қазақ күресінен турнирлер ұйымдастырылды. Облысымыздың құрама командасы өкілдеріне қарсы шаршы алаңда Абай ауданының былғары қолғап шеберлері өнер көрсетті. Ал екінші залда ерлер және әйелдердің қазақ күресінен облыстық чемпионаты жалауын көтерді. Бір ерекшелігі, республикалық біріншілікке қатысатын мықтыларды іріктеу мақсатында өткізілген бұл турнирде тұңғыш рет қазақ күресінен әйелдер сынға түсіп отыр.
– Спортқа осындай қамқорлық жасап жатқан азаматтарға шын ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл заманауи кешен ауыл балаларының күрес, бокс және өзге де спорт түрлерімен алаңсыз айналысуына мүмкіндік береді. «Алыптың бәрі ауылдан шыққан» дейміз ғой, шалғай елді мекендердегі қарадомалақтарға осылайша жағдай жасап, көңіл бөлу өте дұрыс. Мұның жемісін ертең-ақ көреміз. Еліміздің атын дүбірлі додаларда танытатын талай балуандар, боксшылар шығады әлі осы өлкеден, – дейді қазақ күресінен білікті бапкер Шыңғыс Тұрсынов.
Абай ауданының басшылығы мен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы ауылдық жердегі спортты жоғары деңгейге көтеруге мықтап кіріскенге ұқсайды. Облыс Әкімінің тапсырмасымен салынған әрбір елді мекендегі футбол алаңдарын, хоккей қораптарын айтпағанда Қарауылдың өзінде спортқа ден қойған балаларды орналастыратын интернат үйін қолға алыпты. Бұрынғы күрес-бокс залының ескі ғимаратын қайта қалпына келтіріп, жөндеп, 20-30 орынға шақталған интернат жасамақ. Аудан орталығына жақын маңдағы ауылдардың балалары тоқсанаралық, жазғы демалыс уақыттарында сол жерде тұрып, спорт кешенінде жаттығады, білікті мамандардан тәлім алады.

Шемонайхалықтар тарту жасады

Абай елінде айрықша спорт кешені ашылды

Абай ауданында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен іске қосылған тағы бір спорт нысаны – Кеңгірбай би ауылындағы шағын футбол алаңы. Мұны Шемонайха ауданының әкімдігі өздерінің бюджет қаражатына салып, жергілікті тұрғындарға сыйлады. Жасанды көгал төселген, айналасы темірмен қоршалған, шетінде отыратын орындықтары бар алаңның құны – 6 млн. теңге.
Кеңгірбайлықтарды қуаныштарымен құттықтаған аймақ басшысы кез келген мемлекеттің болашағы оның салауатты ұрпағымен байланысты екенін, сондықтан кейінгі буын спортпен тыныстап өсу керектігін жеткізді.
Бұл күні Қарауылдағы мерекелік шара мәдениет үйінде өткен «Қаламқас» ән-би ансамблінің концертімен жалғасты. Әуелеген әсем ән мен құйқылжыған күйге толы көңілді кешті аймақ басшысымен қатар отырып бір топ зиялы қауым, оның ішінде қазыналы қарттарымыз, ұзақ жыл Абай ауданын басқарған қоғам қайраткері Хафиз Матаев, Нәсен Сембаев тамашалады.
– Ең әуелі үлкен алғысты облыстың басшысына айтамыз. Себебі, ол кісі жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істеп, мәдениетті, өнерді, спортты қолдауға ерекше мән береді. Оның нәтижесі міне, көз алдымызда. Кеше ғана Өскеменде шырқалған Абай мен Шәкерімнің симфониясы, бүгінгі мына кеш, анау салынған спорттық нысан, бәрі облыс Әкімінің тікелей араласуымен, ықпал етуімен жүзеге асырылуда, – деп атап көрсеткен абыз ақсақалымыз Хафиз Матаев тектінің тұяғы Шыңғыс Медғатұлына да туған жеріне жасаған жақсылықтары үшін алғыс айтты.
Абай ауданындағы жұмыс сапарының соңында өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Тоқтамыс ауылына ат басын бұрып, 301,744 млн. теңге қаржыға жобаланған су құбыры желісінің құрылысымен танысты. Жұмысты қолға алған мердігер мекеме «Семейгидрогеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс басталған 2013 жылдың 1-мамырынан бері бөлінген қаржының 286,119 млн. теңгесін игеріпті. Биыл жазда нысанды толық аяқтап, қолданысқа бермекші.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button